Бокстан Өзбекстан құрамасының өкілі, этникалық қазақ Саят Ілиясов Қазақстанға қоныс аударды, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты Sportbugin.kz сайтына сілтеме жасап.
Аталған ақпаратты бокстан әлем чемпионы Ердоc Жаңабергенов растады. Оның айтуынша, Саят Ілиясовтың Қазақстанға келгеніне әзірге бірнеше күн ғана болған.
«Қазір барлық бұқаралық ақпарат құралдары шулап жатыр. Өзбекстаннан боксшы келсе, елдің ерекше назар аударатыны түсінікті. Алайда кейбір жаңалықты жарияламас бұрын мәселенің ақ-қарасын анықтап алған дұрыс. Қазір Саятқа қатысты түрлі ақпарат тарап жатыр. Оның Ақтауға келгені рас. Бірақ көшіп келгеніне бір апта да болған жоқ. Әзірге Қазақстан азаматтығын алған жоқ. Ішкі жарыстарға қатысу үшін алдымен азаматтық қажет. Қазір сол құжаттарды рәсімдеумен айналысып жүр. Ақтауда жаттығады. Қазіргі уақытта Қазақстанға өзі ғана келді, ата-анасы жұмыс жағдайына байланысты сәл кейінірек көшіп келеді», – деді Ердоc Жаңабергенов.
Айта кетейік, Саят Ілиясов Өзбекстан құрамасының сапында өнер көрсетіп, жастар арасында Азия чемпионы атанған. Аталған жарыстың финалында ол қазақстандық боксшы Илья Калининді жеңген. Сонымен қатар «Жібек жолы» халықаралық турнирінің жеңімпазы атанған.
Ал IBA ұйымдастырған әлем біріншілігінде қырғызстандық Омар Ливазға ұпай айырмасымен жол берген.
Қазіргі таңда әлеуметтік желілерде Саят Ілиясовтың белгілі бапкер Марат Жақиевтің жетекшілігімен жаттығып жүргені туралы ақпарат та тарауда.