Ведомствоның мәліметінше, тағайындау өткен жылы күшіне енген «Дене шынықтыру және спорт туралы» заңның жаңартылған редакциясында көзделген ротация тетігі аясында жүзеге асқан.
Серік Сәпиев Туризм және спорт министрінің штаттан тыс кеңесшісі болып тағайындалды
309
оқылды

Серік Сәпиев Қазақстан Республикасы Туризм және спорт министрінің штаттан тыс кеңесшісі – жазғы ХХ Азия ойындарына дайындық жөніндегі штабтың спорттық бағыты бойынша үйлестірушісі қызметіне кірісті, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты. 

Бұл туралы министрліктің баспасөз қызметі хабарлады.

Ведомствоның мәліметінше, тағайындау өткен жылы күшіне енген «Дене шынықтыру және спорт туралы» заңның жаңартылған редакциясында көзделген ротация тетігі аясында жүзеге асқан.

Серік Сәпиев – Лондон Олимпиадасының чемпионы, 2010 жылғы Гуанчжоудағы Азия ойындарының жеңімпазы. Әр жылдары ол Мәжіліс депутаты, спорт саласындағы уәкілетті органның басшысы, өңірлік спорт басқармасының жетекшісі қызметтерін атқарған. Қазіргі таңда Қазақстанның Ұлттық сурдлимпиада комитетіне жетекшілік етеді.

Дайындық штабының құрамына Туризм және спорт министрлігінің өкілдерімен қатар ұлттық спорт федерациясының басшылары мен сала ардагерлері енгізілді. Олар Азия ойындарына дайындықтың барлық кезеңін үйлестіріп, белгіленген міндеттердің орындалуын қамтамасыз етеді.

Жазғы Азия ойындары 2026 жылдың 19 қыркүйегі мен 4 қазаны аралығында Жапонияның Айти және Нагоя қалаларында өтеді. Азиада бағдарламасына спорттың 41 түрі енгізіліп, 68 дисциплина бойынша 460 медаль жиынтығы сарапқа салынады.

Айта кеткен жөн, бұған дейін Серік Сәпиев Қарағандыда болған резонансты оқиғадан кейін қызметінен кеткен еді.