Себебі өңірде бірінен соң бірі болып жатқан оқиғалар аймақта күрделі мәселелердің қордаланып келе жатқанын аңғартады.
«Таза ауа тапшы»: Өскемендегі жағдай тұрғындарды алаңдатты
175
оқылды

Соңғы уақытта Шығыс Қазақстан облысы елдегі бұқаралық ақпарат құралдарының назарынан түспей тұр, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты. 

Себебі өңірде бірінен соң бірі болып жатқан оқиғалар аймақта күрделі мәселелердің қордаланып келе жатқанын аңғартады.

Алдымен қоғам назарын аудартқан резонансты жағдай тіркелді. Пара алу және қызметтік өкілеттігін асыра пайдалану күдігімен Шығыс Қазақстан облысының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы ұсталды. Тергеу амалдары барысында оның тұрғылықты жерінен 121,9 миллион теңге мен 97,7 мың АҚШ доллары табылып, тәркіленгені белгілі болды.

Бұдан бөлек Өскемен қаласында экологиялық ахуал ушығып отыр. Қала үстін алты күннен астам уақыт бойы қалың қою түтін басып, тұрғындар ауа сапасының күрт нашарлағанына шағымданып жатыр. Көпшілік тыныс алудың қиындағанын, денсаулық жағдайының нашарлағанын және көрінудің төмендегенін айтып, мемлекеттік органдар мен әлеуметтік желілер арқылы көмек сұрап отыр.

Аталған жағдайлар Шығыс Қазақстан облысы елдегі негізгі индустриялық-аграрлық аймақтардың бірі саналатынына қарамастан, өңірде бірқатар жүйелі әрі дағдарыстық мәселелердің жиналып қалғанын көрсетеді. Қоғамда биліктің бұл түйткілдерге қатысты қандай нақты шаралар қабылдайтынына қатысты сұрақтар арта түсті.