Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, ауылдарды таза ауызсумен және табиғи газбен қамтамасыз ету мемлекеттік саясаттың негізгі басымдығы болып белгіленген.
Тұрғындар қолайлы өмір сапасына қол жеткізді
107
оқылды

Осы орайда «AMANAT» партиясы ауылдық елді мекендердің инфрақұрылымдық дамуын азаматтардың өмір сапасын жақсартудың  басты тетігі деп біледі. Партия бекіткен сайлауалды бағдарламаны Түркістан облысында іске асыру жөніндегі Жол картасында өңір елді мекендерін толық газдандыру міндеттері белгіленіп, бұл жұмыстар кезең-кезеңімен іске асырылуда. 

Партияның кешенді жоспары шеңбе­рінде Сарыағаш ауданында инженерлік инфрақұрылымды дамытуда жүйелі әрі нақты жұмыстар жүзеге асырылып отыр. Осы бағытта қолға алынған жобалардың нәтижесінде Жылға ауылдық округіне қарасты Шайхана және Қарақалпақ елді мекендері табиғи газ жүйелеріне қосылды. Әлеуметтік маңызы бар жобаның арқасында аталған елді мекендердің тұрғындары қолайлы өмір сапасына қол жеткізді.

Ауыл тұрғындары үшін тарихи сәт  ізгі іс-шараға Сарыағаш ауданының әкімі Арман Абдуллаев, Түркістан облыстық мәслихаты­ның депутаттары, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшелері  Уалихан Рахиев, Жәнібек Сүлейменов, аудандық мәслихат төрағасы Рысбек Асылбекұлы, партияның Сарыағаш аудандық филиа­лының төрағасы  Шермат Ибрагимов, жа­уапты сала өкілдері қатысып, ауыл тұрғын­дарымен кездесті. Кездесу барысында ел тұрғындары атқарылған жұмыстарға ризашылықтарын білдіріп, ауыл ақсақалдары елдің амандығын тілеп, ақ баталарын берді.

Аудан әкімі Арман Абдуллаев аудандағы шалғай елді мекендерді газбен қамту инфрақұрылымдық дамуды қамтамасыз етіп қана қоймай, азаматтардың жайлы өмір сапасын қамтамасыз ететін әлеуметтік жоба екеніне тоқталды. 

– Қазір шалғай елді мекендерді электр энергиясымен, табиғи газбен және ауызсумен қамтамасыз ету жұмыстары қарқынды жүр­гізілуде. Ауданда инженерлік инфрақұ­рылымды дамыту бағытындағы ауқымды жобалар кезең-кезеңімен жүзеге асырылып келеді, – деді Арман Абдуллаев.

Ауыл азаматтарын тарихи сәтпен құттықтаған Түркістан облыстық мәслиха­тының депутаты, фракция мүшесі Уалихан Рахиев ауылдарды газбен қамту жобасы партиялық бақылауда болғанын атап өтті. 

– Бұл нысан «AMANAT» партиясының сайлауалды бағдарламасын іске асыру жөніндегі Жол картасы аясында жүзеге асты. Құрылыс барысы партия тарапынан тұрақты бақылауда болды. Нәтижесінде, халық күткен жоба уақытында аяқталып, тұрғындар көгілдір отынға қол жеткізді. Партияның Жол картасында облыс елді мекендерін толығымен табиғи газбен қамту міндеті нақты белгіленген. Бүгінгі іске қосылған нысандар  сол міндеттің нақты орындалып жатқанын көрсетеді, – деді ол.

Шайхана және Қарақалпақ елді мекендерін газдандыру жұмыстары былтырғы жылғы ақпан айында басталған болатын. Осы жобаны іске асыруға мердігер ұйымдар – «Бақ-Ерке строй» ЖШС мен «Ынтымақ-ОК» ЖШС жұмылды. Атқарылған жұмыс­тардың нәтижесінде қос елді мекенде 207 абонент табиғи газға қосылды.

Атап өтуіміз қажет, қазір Сарыағаш ауда­нына қарасты 63 елді мекеннің 55-і та­­биғи газбен қамтылған, бұл жалпы көрсет­кіштің 87,3 пайызын құрайды. Сонымен қатар 3 елді мекенде газбен қамту бойынша құрылыс жұмыстары жүргізілуде, ал 5 елді мекенде жобалау-сметалық құжаттамалар әзірленуде. Аталған жоба­лардың тапсырыс берушісі – Сарыағаш ауданы әкімдігінің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімі.

«AMANAT» партиясы бұл бағыттағы жобаларды алдағы уақытта да тұрақты бақылауында ұстап, халықтың тұрмысын жақсартуға бағытталған бастамаларды қолдауын жүйелі түрде жалғастыра береді.

Елнар ЕЛТАЙ