Ұлттық құраманың қатарына республикалық және халықаралық деңгейлерде айтарлықтай жетістіктері бар жеті армия спортшысы – биатлоншылар мен шаңғышылар кірді, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
Биатлон жарысында ефрейтор Владислав Киреев – спринтте 2025 жылғы қысқы Азия ойындарының чемпионы, Азиада-2025 ерлер эстафетасының күміс жүлдегері, Азия чемпионатының алтын және қола медальдарының иегері сынға түседі. Әлем кубогы маусымында ол қазақстандық биатлоншылар арасында үздік нәтиже көрсетіп, кезеңдердің бірінде үздік 20 спортшының қатарына кірген болатын.
Бұдан өзге ел намысын қорғайтындар сапында 2025 жылғы қысқы Азия ойындарының күміс жүлдегері, Дүниежүзілік Универсиаданың екі дүркін күміс жүлдегері, халықаралық дәрежедегі спорт шебері Әсет Дүйсенов; «Азия балалары» Халықаралық жасөспірімдер жарыстарының қола жүлдегері, халықаралық дәрежедегі спорт шебері Айша Рақышева; IBU кубогы кезеңдерінің бірнеше дүркін қатысушысы Милана Генева да бар.
Ұлттық команда үшін шаңғы жарыстарында Дүниежүзілік Универсиаданың қола жүлдегері, 2022 жылғы Олимпиада ойындарының қатысушысы, 2025 жылғы қысқы Азия ойындары эстафетасының күміс жүлдегері Надежда Степашкина; халықаралық дәрежедегі спорт шебері, 2025 жылғы Азия ойындарының күміс жүлдегері, Дүниежүзілік Универсиаданың екі дүркін қола жүлдегері, 2022 жылғы Олимпиада ойындарының қатысушысы Ксения Шалыгина; шаңғы жарысы бойынша Қазақстан кубогының жеңімпазы, ұлттық және халықаралық жарыстардың бірнеше дүркін жүлдегері Анна Мельник бағын сынайды.
Әскер спортшыларының Олимпиада ойындарына қатысуы көп жылғы тынымсыз әрі жүйелі еңбекпен келген дайындықтың, темірдей тәртіп пен кәсіби деңгейдің жоғары нәтижесі екені сөзсіз.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.