Ал кадр сыртындағы дауыс оны біреулерді алдап кеткені үшін айыптап, бұған дейін талай мүмкіндік берілгенін айтқан.
«Сабап, видеоға түсірген»: Павлодарда тараған бейнежазбаға қатысты қылмыстық іс қозғалды
114
оқылды

Павлодар облысында әлеуметтік желіні шулатқан қатыгез видеоға қатысты тексеріс басталды, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты. 

Полиция кадрдағы адамдардың жеке басын анықтап, барлық қатысушыларды бөлімшеге жеткізген. Видеода белгісіз біреулер бойжеткенді соққыға жығып жатқаны көрінеді. Зәбір көрген қыз дірілдеп, жылап тұрып кешірім сұраған және бұл әрекетті тоқтатуды өтінген. Ал кадр сыртындағы дауыс оны біреулерді алдап кеткені үшін айыптап, бұған дейін талай мүмкіндік берілгенін айтқан.

Тергеудің алдын ала болжамына сәйкес, бұл оқиға сахналанған көрініс болуы мүмкін. Мәліметтерге қарағанда, видеоны бойжеткен өз таныстарымен келісіп ұйымдастырған. Дегенмен, полиция бұл қойылым болса да, заңға қайшы нақты іс-әрекеттерге жол берілгенін атап өтті.

Қазіргі таңда екі ер адам «ұсақ бұзақылық» жасағаны үшін әкімшілік жауапқа тартылып, уақытша ұстау изоляторына жабылған. Сондай-ақ видеодағы бойжеткеннің бұған дейін алаяқтық бабы бойынша сотты болғаны белгілі болды.

Павлодар облыстық Полиция департаментінің өкілдері түсініктемесінде:

«Оқиғаға қатысқандардың да, оны таратқандардың да іс-әрекетіне құқықтық баға беріледі», – деп нақтылады.

Қазіргі уақытта денсаулыққа қасақана зиян келтіру дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.