ҚР Бас прокурорының бірінші орынбасары Жандос Өмірәлиев Конституциялық реформа жөніндегі комиссияның VIII отырысында жаңа Ата заңның жобасындағы 18-бапты нақтылауды ұсынды, - деп хабарлайды Aikyn.kz.
Оның айтуынша, Комиссияның қарауына Конституция жобасының 18-бабына қатысты бірқатар ұсыныс келіп түскен. Заңгерлер мен мамандардың пікірінше, заң техникасы тұрғысынан сұрақтар бар.
– Осы баптың 2-тармағында «Сот шешімінсіз адамды заңда көзделген мерзімнен артық ұстауға болмайды» деп көрсетілген. Бұл жалпы дұрыс. Дегенмен, орыс тіліндегі аудармасында «мерзімнен артық ұстау» деген шешуші ұғым көрсетілмей қалған.
Кісі өлтіру, басқа да қоғамға қауіпті қылмыстар кідірісті көтермейтіні анық. Қылмысты тоқтату, күдіктіні дереу оқшаулау – құқық қорғау қызметінің ең негізгі міндеттерінің бірі. Тек осыдан кейін ғана сот оны күзетпен ұстау туралы шешімді қабылдайды. Бұл дүниежүзілік тәжірибе саналады. Конституцияның әрбір нормасы анық, түсінікті болуы керек. Сондықтан талқылаудағы осы норманы заң техникасы тұрғысынан қайта қарап, нақтылауды ұсынамын.
Ең маңыздысы, Ата Заңның жобасын талқылау халықтан алшақ емес, онымен бірге талқыланып жатыр. Оның әр нормасы елдің бүгінгі тұрақтылығы мен ертеңгі игілігіне бағытталған, – деп атап өтті Жандос Өміралиев.