«AMANAT» партиясы Шымкент қалалық филиалының қоғамдық қабылдау бөлмесінде мәслихат депутаты, партия фракциясының мүшесі Лазиз Сулайманов «Құқықтық көмек» партиялық жобасы аясында қала тұрғындарын жеке мәселелері бойынша қабылдады.
Тұрғындардың шағымы тыңдалды
89
оқылды

Қабылдау барысында азаматтардың арыз-шағымдары тыңдалып, көтерілген түйткілдерге заң аясында түсіндірме берілді.

Кездесуге келген тұрғындар комму­налдық қызметтерге қатысты түйткілдер, алаяқтық деректері, жер телімін рәсімдеу және баспана мәселелерін көтерді. Әрбір өтініш иесінің жағдайымен депутат жеке танысып, мүмкіндігінше жедел шешу жолдарын қарастырды.

Атап айтқанда, Ақтас мөлтек ауданының тұрғыны коммуналдық қызмет төлемдеріне байланысты екі бірдей есепшот ашылып кеткенін айтып, көмек сұрады. Бұл мәселе бойынша депутат тиісті мекемемен байла­нысқа шығып, жағдайды анықтап, мәселені реттеу жолдарын қарастыруға ықпал етті.

Ал Абай ауданының тұрғыны жер учаскесін ұзақ уақыт бойы рәсімдей алмай жүргенін жеткізді. Депутат өтініш иесінің құжаттарын қарап шығып, алдағы уақытта арнайы Жер комиссиясының қабылдауына жазылуға кеңес берді. Онда сала маман­да­рының қатысуымен мәселені шешудің нақты тетіктері қарастырылатыны айтылды.

Жалпы қабылдау барысында бірқатар мәселе сол мезетте оң шешімін тапса, қосымша зерделеуді қажет ететін өтініштер бақылауға алынды. Мұндай қабылдаулар алдағы уақытта да жалғасып, тұрғындардың құқықтық мәселелерін шешуге бағытталатын болады.

Елнар ЕЛТАЙ