«AMANAT» партиясының «Жастарға жұмыс» жобасы аясында ұйымдастырылатын Job Fair бос жұмыс орындары жәрмеңкесі қаншама жасқа қызметке орналасуға көмектесіп келеді. Аталған жоба арқылы жұмысқа орналасқандардың бірі – Ақтөбе қаласындағы Aqbobek халықаралық мектебінің дене шынықтыру пәні мұғалімі Темуджин Сәрсенов, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
«AMANAT» партиясының бастамасымен ұйымдастырылған шара жастарға еңбек жолын бастауға жаңа мүмкіндіктер ашып отыр.
– Құдайберген Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетін 2025 жылы бітіріп шықтым. Диплом алған соң «AMANAT» партиясының «Жастарға жұмыс» жобасы аясында ұйымдастырылған бос жұмыс орындары жәрмеңкесіне қатыстым. Осылайша, Мансап орталығы қызметкерлерінің жолдамасы арқылы Aqbobek халықаралық мектебіне жұмысқа орналастым. Балаларға тәлім-тәрбие беру, оларды дұрыс бағытқа жетелеп, білім мен спорт арқылы өмірге дайындау – бала кезден бергі арманым. Ұстаз болу мен үшін жай ғана мамандық емес, үлкен жауапкершілік пен сенім. Әрбір оқушының бойынан қабілетін көріп, оны дамытуға үлес қосу – менің басты мақсатым. «Жастарға жұмыс» жобасы осы арманымды жүзеге асыруыма үлкен мүмкіндік берді. Бұл жоба жас мамандарға жол ашып қана қоймай, өз ісін сүйетін жастардың қоғамға пайдалы болуына жағдай жасайды. Бүгінде өзім қалаған ортада, сүйікті саламда еңбек етіп жүргеніме қуаныштымын, – дейді Темуджин Сәрсенов.