Кездесуге Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі Ермек Көшербаев қатысты.
Орталық Азия елдерінің сыртқы істер министрлері Германия Федералдық президентімен кездесті
Фото: gov.kz
105
оқылды

Германия Федеративтік Республикасының президенті Франк-Вальтер Штайнмайер Орталық Азия елдерінің сыртқы істер министрлерін «Орталық Азия – Германия» (С5+1) форматындағы кездесуде қабылдады, – деп хабарлайды Aikyn.kz.

Кездесу барысында Орталық Азияның тұрақтылық, сындарлы диалог және өсіп келе жатқан халықаралық жауапкершілік өңірі ретіндегі айрықша маңыздылығы аталып өтті. Федералдық президент Германияның өзара құрмет, сенім және ұзақмерзімді өзара іс-қимыл қағидаттарына негізделген Орталық Азия елдерімен серіктестікті дамытуға дәйекті назар аударғанын ерекше айтты.

Өңір елдерінің сыртқы істер министрлері «С5+1» форматын Германия мен аймақ мемлекеттері арасындағы жүйелі диалогты қалыптастыруға ықпал ететін маңызды саяси алаң ретінде жоғары бағалады. Бұл формат өңірлік мәселелерді кешенді түрде, Орталық Азия елдерінің ортақ мүдделері мен басымдықтарын ескере отырып қарастыруға мүмкіндік беретіні аталып өтті.

Өз сөзінде министр Е.Көшербаев Германияның Орталық Азия үшін негізгі еуропалық серіктес әрі өңірдің тұрақты дамуын қолдаушы ел екенін атап өтті. Қазақстанның «С5+1» форматына нақты практикалық мазмұн енгізуге белсенді үлес қосуға дайындығы расталды.

Министр Қазақстанның биыл 35 жылдық Тәуелсіздігін атап өтуде екенін, осы жылдар ішінде елдің тәуелсіз мемлекет ретінде қалыптасып, модернизация мен ауқымды реформалар жолында нық қадам жасағанын, нәтижесінде әлемдегі 50 ірі экономика қатарына енгенін жеткізді. Қазіргі таңда Қазақстан саяси модернизацияның жаңа кезеңіне қадам басып отыр.

«Қазақстан халықаралық қатынастар жүйесінде өзінің рөлін тұрақты түрде күшейтіп келеді. Германиямен ұзақмерзімді және көпқырлы ынтымақтастықтың тұрақты дамуын қуана бағалаймыз. Сонымен қатар Қазақстан сыртқы экономикалық байланыстарды әртараптандыру, экономикалық өсудің жаңа нүктелерін қалыптастыру және экономиканың негізгі салаларында – энергетикада, өнеркәсіпте, мобильділікте, цифрландыруда – «жасылға» көшу үдерісін ілгерілету бағытында еліңіз үшін жетекші серіктес болуға барлық алғышарттарға ие», – деді Е.Көшербаев.

Сонымен қатар министр 11 ақпанның символдық мәніне тоқталды. Дәл осы күні, 34 жыл бұрын Қазақстан Республикасы мен Германия Федеративтік Республикасы арасындағы дипломатиялық қатынастар орнатылған.

Берлин Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2019 жылғы желтоқсанда сайланғаннан кейін барған алғашқы еуропалық астанасы болғанына назар аудара отырып, Е.Көшербаев Германия президенті Франк-Вальтер Штайнмайерге Мемлекет басшысының жолдауын табыс етті.

Кездесу барысында тараптар экономикалық және инвестициялық, энергетикалық және табиғи ресурстар, өнеркәсіп және технология, транспорттық және логистикалық инфрақұрылымды дамыту, климат және қоршаған орта мәселелері, сондай-ақ адам капиталын дамыту, білім беру және ғылыми алмасу бағыттарындағы ынтымақтастық перспективаларын талқылады.

Арнайы назар өңірлік тұрақтылық пен қауіпсіздік, сондай-ақ Орталық Азияның Еуропа мен Азия арасындағы маңызды байланыстырушы рөлі мәселелеріне аударылды. Кездесуге қатысушылар көпжақты диалог пен өзара әрекеттің геосаяси күрделі жағдайда маңыздылығын атап өтті.

Кездесу қорытындысы бойынша, тараптар Германия мен Орталық Азия елдері арасындағы серіктестікті одан әрі нығайтуға өзара мүдделілік білдіріп, «Орталық Азия – Германия» форматында жоғары деңгейлі тұрақты диалогты жалғастыруға дайын екендерін растады.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның»   TELEGRAM арнасынан табасыз.