Синоптиктердің болжамынша, 2026 жылғы 15 ақпанда Қазақстанның 14 өңірінде қолайсыз ауа райына байланысты дауылды ескерту жарияланған, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Жамбыл облысы аумағында тұман мен көктайғақ күтіледі. Түнде облыстың таулы аудандарында, күндіз солтүстік-шығысында және таулы аймақтарында солтүстік-шығыстан соғатын желдің екпіні 15–20 м/с-қа жетеді. Тараз қаласында кей уақыттарда тұман түсіп, көктайғақ болуы мүмкін.
Маңғыстау облысы бойынша түнде батысы мен оңтүстігінде көктайғақ, ал батысында, солтүстігінде және орталығында тұман күтіледі. Күндіз облыстың оңтүстігінде, солтүстігінде және орталығында желдің екпіні 15–20 м/с болады. Ақтау қаласында түнде және таңертең тұман, күндіз екпінді жел болжанып отыр.
Атырау облысы аумағында батысында, оңтүстігінде және шығысында тұман мен көктайғақ күтіледі. Түнде кей жерлерде желдің екпіні 15–18 м/с-қа дейін жетуі мүмкін. Атырау қаласында тұман түсіп, түнде және таңертең көктайғақ болады.
Қызылорда облысы солтүстігінде түнде және таңертең көктайғақ, сондай-ақ тұман күтіледі. Қызылорда қаласында да кей уақытта тұман түсу ықтималдығы жоғары.
Ақтөбе облысы аумағында жауын-шашын (жаңбыр мен қар), көктайғақ және жаяу бұрқасын болжануда. Желдің екпіні 15–20 м/с болады. Ақтөбе қаласында күннің екінші жартысында көктайғақ болуы мүмкін.
Түркістан облысы солтүстігінде және таулы аудандарында жауын-шашын, тұман, көктайғақ күтіледі. Күндіз желдің екпіні 15–20 м/с-қа жетеді. Шымкент пен Түркістан қалаларында түнде және таңертең тұман болады.
Ұлытау облысы, Шығыс Қазақстан облысы, Абай облысы және Қарағанды облысы аумақтарында да тұман күтіледі. Өскемен қаласында түнде және таңертең тұман болады. Абай облысында желдің екпіні 15–20 м/с-қа дейін жетеді.
Батыс Қазақстан облысы аумағында түнде қар жауып, күндіз жаңбыр мен қар аралас жауын-шашын түседі, көктайғақ пен жаяу бұрқасын болуы ықтимал. Желдің екпіні 15–20 м/с-қа жетеді. Орал қаласында да тұман, көктайғақ және жаяу бұрқасын күтіледі.
Жетісу облысы таулы аудандарында кей уақыттарда қатты қар жауады. Облыстың бірқатар бөлігінде тұман мен көктайғақ болжанады. Алакөл маңында желдің екпіні 25 м/с-қа дейін жетуі мүмкін. Талдықорған қаласында түнде және таңертең тұман мен көктайғақ болады.
Қостанай облысы аумағында аздап қар жауып, жаяу бұрқасын, тұман және көктайғақ күтіледі. Желдің екпіні 15–20 м/с-қа жетеді. Қостанай қаласында тұман болуы мүмкін.
Мамандар тұрғындарға жолда абай болуға, ауа райы болжамын қадағалап, қауіпсіздік шараларын сақтауға кеңес береді.