2026 жылғы 16-18 ақпан аралығында Астана қаласындағы №104 Келешек мектебінде 9-13 жас аралығындағы оқушыларға арналған «Түркі әлемінің балалар ойындары халықаралық фестивалі» өтуде, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
Фестиваль түркі мемлекеттері арасындағы мәдени ынтымақтастықты нығайтуға, дәстүрлі балалар ойындарын сақтауға және болашақ ұрпаққа насихаттауға бағытталған.
Іс-шараның негізгі мақсаттары – балалар ойындарын жүйелеу, ортақ мұрағат қалыптастыру, ойындардың білім беру үдерісіндегі педагогикалық рөлін арттыру, сондай-ақ жас ұрпақтың әлеуметтік, эмоционалдық әрі мәдени дамуына қолдау көрсету.
Фестиваль аясында еліміздің 20 өңірінен келген педагогтерге арналған халықаралық семинар-тренинг өткізілуде. Қатысушылар түркі халықтарының дәстүрлі ойындарымен танысып, оларды білім беру тәжірибесіне енгізу жолдарын талқылайды. Семинар-тренинг бағдарламасында асық ату, таяқ тарту, ләңгі тебу, орамал тастамақ, сақина салу, ханталапай, тымақ ұру, бес асық және тағы басқа ойын түрлері ұсынылған.
Семинар-тренинг қорытындысы бойынша, Түркия делегациясы қазақ мәдениетіне тән төрт ойынды іріктеп алады. Бұл ойындар 2026 жылғы сәуір айында Ыстамбұл қаласында өтетін түркі елдері фестивалінде көрсетіледі. Фестиваль түркі әлемінің ортақ мәдени мұрасын сақтауға және халықаралық педагогикалық ынтымақтастықты дамытуға бағытталған.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.