Бүгін Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасында ардагер спортшы – Қазақстан Республикасы прокуратура органдары ардагерлерінің республикалық қоғамдық бірлестіктер одағының төрағасы, 65+ жас санатындағы волейбол командасының капитаны Әділхан Әсет Малғаждарұлын салтанатты түрде құрметтеу рәсімі өтті. Бас прокуратураның баспасөз қызметінің мәліметінше, ол Open Masters Games Abu Dhabi 2026 беделді халықаралық жарыстарында табысты өнер көрсеткен, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
Биылғы жылдың 6-15 ақпан аралығында Біріккен Араб Әмірліктерінің астанасында ардагерлер мен спорт әуесқойларына арналған ең ірі спорттық форум ұйымдастырылды. Ойындарға әлемнің 90-нан астам елінен 25 мыңнан астам спортшы қатысты. Жарыс бағдарламасына дәстүрлі және заманауи бағыттарды біріктіретін спорттың 38 түрі енді.
Қазақстан Республикасының ардагер-әуесқой волейболшылар құрамасы жоғары дайындық деңгейін, ұйымшылдықты және жеңіске деген жігерін көрсетті. Тартысты өткен матчтардың қорытындысы бойынша, келесі құрамдағы отандастарымыз: Әсет Әділхан, Олег Бижанов, Аманбай Қасанов, Ғайнидин Меманов, Өсербай Серікбаев, Сағат Төлеубаев, Дүйсенбай Тұрғанов, Өмірзақ Ахметов, Александр Пархоменко және Тлеуқабыл Сакипов 65 жастан жоғары санатта алтын медальдарды жеңіп алып, халықаралық аренада еліміздің абыройын асқақтатты.
Іс-шараға қатысушылар алдында сөз сөйлеген қадағалау органының басшысы бұл жеңістің тек спорттық жетістік қана емес, сонымен қатар аға буын өкілдерінің белсенді өмірлік ұстанымының, салауатты өмір салтына адалдығының және жаңа белестерге ұмтылысының айқын көрінісі екенін атап өтті. Жарыс қарсаңында Әсет Малғаждарұлы 74 жасқа толды.
«Халықаралық деңгейде біздің ардагерлердің жетістігі – өсіп келе жатқан ұрпақ пен жас қызметкерлерді “Адал Азамат” тұжырымдамасы рухында тәрбиелеудің ең үздік үлгісі», – деді Берік Асылов.
Бас прокуратура қабырғасында жеңімпаздарды құрметтеу рәсімі ұрпақтар сабақтастығының және өз үлгісімен сергектік, таңдаған мамандыққа адалдық, жеңіске деген жігер мен патриотизмді қалыптастырып жүрген ардагерлерге деген құрметтің символына айналды.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.