Aikyn.kz әлеуметтік желілерге қатысты тағы бір даулы істі Wired сайтының хабарламасына сүйеніп талдайды.
Лос-Анджелесте әлеуметтік желілердің жастарға әсері туралы даулы сот процесі басталды. Сотта Meta компаниясының бас директоры Марк Цукерберг куәлік беріп, сұрақтарға жауап берді.
Залға таңғы сағат 9:00-да кірген 41 жастағы миллиардерді күзетшілері, Ішкі қауіпсіздік министрлігінің екі қызметкері ертіп жүрген. Сот Кэролин Кулл жетекшілік еткен тыңдауда көрермен мен медиа өкілдері залға әрең сыйған. Бәрі Meta өнімдерінің жасөспірімдерге «қауіпті түрде тәуелділік тудыратындай» жасалғаны туралы айыптарға Марк Цукерберг қалай жауап беретінін білгісі келген.
Бұл іс 2023 жылы Калифорниядағы 20 жастағы талапкер KGM (адвокаты оны Кейли деп атайды) және оның анасы тарапынан Meta, YouTube, Snap және TikTok-қа қарсы берілген талап-арыздан басталған. Ол жасөспірім кезде платформаларды компульсивті қолдану «ауыр психологиялық жарақат» әкелді дейді.
Қарашада Meta мен Google істі тоқтата алмаған соң, Snap пен TikTok айыптаушы жақпен соттан тыс келісімге келген. Қазір негізгі қарсы тарап ретінде Meta ғана қалды.
Талапкердің адвокаты Марк Ланье Цукербергтің бұрынғы мәлімдемелерін еске алды. Қорғаушы 2015 жылғы ішкі бағалауда Instagram-да 13 жасқа толмаған 4 млн қолданушы болғанын көрсетті. Бұл – АҚШ-тағы 10-12 жас аралығындағы балалардың шамамен 30%-ы. Сондай-ақ Ланье 2015 жылғы Цукербергтің хатынан «қолданушылардың платформаларда өткізетін уақытын көбейту» жоспарда бірінші тұрғанын келтірді.
Марк Цукерберг сотта анық жауаптан жиі жалтарып отырған. Кей сұрақтарға «құжатта солай жазылған» деп қысқа қайырған немесе «мен осылай айтқан сияқтымын» деп ықтимал түрде сөйлеген. Ол өз сөздерінің «бұрмаланғанын» бірнеше рет айтып, «тәуелділік» ұғымына да нақты анықтама беруден бас тартқан. Джо Роганға берген сұхбатындағы «компанияны өзім бақылаймын» деген сөзін «қарапайымдатылған нұсқа» деп түсіндірген.
Отырыс барысында сот жазып алатын «ақылды көзілдірік» тағуға тыйым салды. Meta сататын Ray-Ban секілді құрылғыларды шешуді ескертті. Соңында Цукерберг Meta-ны «адамдардың тәжірибесі жақсы болсын» деген платформа ретінде сипаттап, «адамдар уақытын өздері құнды санаған нәрсеге жұмсайды» деген. Ал талапкер тарапы бұл «құндылық» арнайы алгоритмдер арқылы қалыптасатынын дәлелдегісі келеді.
Бұл сот процесінің ықтимал салдары Meta үшін тек бір даудың шеңберінде қалмайды. Егер алқабилер Facebook, Instagram жасөспірімдерге зиян келтіретін тәуелділік механизмдерін әдейі күшейткенін мойындаса, бұл Марк Цукербергтің жеке беделіне ғана емес, бүкіл Meta бизнес-моделіне ауыр соққы болады. Компания өтемақы төлеумен шектелмей, жасөспірім аккаунттарына қатаң шектеулер енгізуге, ұсыныс алгоритмдерін қайта қарап, ата-ана бақылауын күшейтуге мәжбүр болады. Инвесторлар үшін де басты тәуекел – дәл осында жатыр. Даулы мәселе контентке емес, өнімнің дизайны мен алгоритмдік архитектурасына қатысты болып отыр.
Ең маңыздысы – бұл іс прецедентке айналуы мүмкін. Сот шешімі Калифорниядан басқа штаттарға, кейін Еуропа, Ұлыбритания, Аустралия секілді елдерге дейін тарайтын жаңа құқықтық процестерге жол ашады.
Бұған дейін технологиялық алпауыттар көбіне пайдаланушы контенті үшін жауапкершіліктен қорғанып келді. Енді талапкерлер «зиянды контентті» емес, сол контентті алға шығаратын алгоритм мен engagement-ті күшейтетін дизайнды сот алдында талқылауға шығара алады. Осы тұрғыда Лос-Анджелестегі соттың кез келген шешімі бүкіл әлемдегі әлеуметтік желілерден психологиялық зардап шеккендерге құқықтық-саяси сигнал береді.