Қымбатшылық толқыны қазір барлық салаға әсерін тигізуде. Тіпті әлеуметтік маңызы бар тауарлардың өзі де қара халықтың қалтасына ауыр соға бастады. Соның бірі – қазақ айтпақшы, «жесең тісіңе, жемесең түсіңе кіретін» ет. Жақында «Бәйтерек» холдингінің басшысы Рустам Қарағойшин «Қазақстанда еттің бағасы, шын мәнінде, төмен» деп көпті таңғалдырған болатын.
«Қызылдың» құны қалтаға ауыр
172
оқылды

Елдегі ет бағасы жарты центке де жетпейді деген шенеунік нарық құнынан хабарсыз секілді көрінді. Өйткені мұндай баға берекелі де мерекелі 2010 жылдардың өзінде де болмаған. Мұны Ranking орта­лығының мамандары саралап білді. 

«2010 жылдың қаңтарында рес­ми статистика бойынша бір келі сиыр еті 641 теңге тұрған. Ол кездегі бағаммен есептегенде шамамен 4,5 доллар. Яғни, сол жылдардың өзінде ет жарты цент бол­маған. Халықаралық деректер­ге сүйенсек, Африка елдерінің өзінде сиыр етінің бағасы кемінде 5,4 доллардан басталады», – делін­ген сараптама орталығының мә­лім­демесінде.

Ұлттық статистика бюросы­ның ескі деректеріне сәйкес, сиыр етінің бір келісі 214 теңге болған кезең 2000 жылдың наурыз айына сәйкес келеді. Яғни, бұдан ширек ғасырға жуық уақыт өткен. Ал бүгінгі жағдай мүлде басқа. 2026 жылдың ақпанының басында сүйексіз сиыр етінің орташа бағасы 4 900 теңгеге жетті. Жылқы еті – 4 100 теңге, қой еті – 3 900 теңге.

«Халық ет жеуді, қасап мал союды қояды-ау...»

Ақпанда ірі қалаларда сиыр еті өткен жылмен салыстырғанда, орта есеппен 26,8 пайызға өсті. Кейбір өңірлерде өсім тіпті қатты сезілген: Жезқазғанда баға бір жылда 48,2 пайызға, Көкшетауда 40,9 пайызға, Түркістанда 37,2 пайызға көтеріл­ген. Баға шарық­тауы былтырғы қыркүйектен бастап үдей түсті. Ол кезде жылдық өсім 19 пайыз шама­сында еді, ал желтоқсанға қарай 22,6 пайызға жетті. Әсіресе, сиыр мен қой еті қатты қымбаттады.

Бұл көрсеткіштер елдегі ірі қалалар мен облыс орталықтарын­дағы бағаларды қосып есептеген­дегі орташа сан. Мысалы, Алма­тыда бір келі сүйексіз сиыр еті орта есеппен 5 100 теңге тұрады. Ал нақты дүкенге барсаңыз, баға одан да жоғары болуы мүмкін: қара­пайым төс еті 5 мың теңгеден бас­талса, жамбас еті 11 мың теңгеге дейін барады. Ең қымбат қала – Астана. Мұнда орташа баға 6 100 теңге. Петропавлда – 5 600, Қона­ев­та – 5 200 теңге. Ал салыстыр­малы түрде арзан өңірлер – Павлодар (4 100 теңге), Семей мен Тал­дықорған (шамамен 4 200 теңге).

Мал бордақылап күнелтіп отыр­ған ауыл тұрғындары да мә­селе жақын арада шешімін тап­паса, ел ет жеуден қала ма деп алаңдаулы. Мысалы, қасапшы Оспан Жұмаділлаев бағаны көтере алмаймыз, үстінен қалатын аулақ ақшаны қанағат тұтып отырмыз деген уәж айтып отыр.

– Ауылда мал бордақылап, соғымға жылқы соямыз. Бірақ қазір малдың өзі де, жем-шөбі де қатты қымбаттап кетті. Бұрынғы­дай емес, әр шығынды есептеп оты­рамыз. Жылқыны сатып ала­мыз, жем-шөпті сырттан тасимыз – бәрі ақша. Соның бәрін қосып, малды бағып-қағып, семіртіп, жі­лік­ке бөліп сатамыз. Бірақ бағаны 3 000-3 200 теңгеден асыра алмай­мыз. Одан жоғары қойсақ, халық­тың қалтасы көтермейді. Оны да түсінеміз. Бірақ бағаны осылай ұстап тұру бізге де оңай емес. Шы­ғы­нымызды әрең жауып, үстінен аз ғана тиын қалады. Соған шүкір деп отырмыз. Бұрынғыдай пайда көріп жатырмыз деп айта алмай­мыз, – дейді ол.

Қасапшының сөзінше, қазір бәрі қымбат – жем-шөп те, жанар­май да, жұмыс күші де. Ал еттің бағасын көтерейін десең, елдің қалтасы көтермейтіні де рас. 

– Осындай қыспақ жағдай­дамыз. Алдағы уақытта не болаты­нын ешкім нақты айта алмайды. Егер бәрі осы қарқынмен жалғаса берсе, жақында халық ет жеуді, қасап мал союды қояды-ау. Қасап­шылықтың да қадірі кете ме деп алаңдаймыз, – дейді ол.

Мұндай жағдай тек бізде емес. Әлемнің өзінде ет бағасы өсіп ке­леді. Мал азығы, дәрі-дәрмек, тасымал шығындары қымбаттады. Жалпы инфляция да өндіріс шы­ғы­нын арттырып отыр. БҰҰ-ның Азық-түлік және ауыл шаруа­шылы­ғы ұйымы келтірген мәлі­метке қарағанда, өткен жылы әлем­де ет бағасының көрсеткіші 116-127 пайыз аралығында болған. 2026 жылдың қаңтарында бұл көрсеткіш 123,8 пайыз деңгейінде тіркелді.

Ет бағасы Еуропамен теңесті

Халықаралық Global Product Price порталының мәліметінше, 2026 жылдың қаңтар айында Қазақ­стан сиыр етінің қымбаттығы бойынша 76 елдің ішінде 42-орын­да тұрған. Платформа көрсеткен баға – 15,1 АҚШ доллары, яғни шамамен 7 400 теңге. Бұл – қазақ­стан­дықтар базар мен дүкендерден көріп жүрген шынайы бағаларға жақын көрсеткіш.

Қазақстан рейтингтің дәл ортасында тұр. Бірақ біздегі сиыр еті кейбір Еуропа, Азия және Таяу Шығыс елдеріне қарағанда қым­бат. Мысалы, Біріккен Араб Әмірліктерінде бір келі сиыр еті 12,5 доллар тұрады – бұл Қазақ­стан­дағы бағадан шамамен 17 пайызға арзан. Ал отандық өндіру­шілер етті дәл осы Әмірліктерге және Үндістанға экспорттауды жоспарлап отыр. Сонымен қатар Словенияда (14,6 доллар), Румы­нияда (14,2 доллар), Сингапурда (13,7 доллар), Мексикада (12 доллар), Сауд Арабиясында (9,9 доллар) сиыр еті бізден арзан.

«Бәйтерек» басшысының негізгі ойы – ет бағасының төмен болуы фермерлердің дамуына кері әсер етеді дегенге саяды. Баға тым төмен болса, мал өсірушілер шығынын жаба алмайды, жаңа жобаларға қаржы сала алмайды.

Мұнда шындықтың үлесі бо­луы мүмкін. Бірақ мәселенің екін­ші жағы бар: Қазақстанда жалақы ет бағасындай жылдам өсіп жатқан жоқ. Фермерлердің мәселесін халықтың қалтасы арқылы шешу оңай емес. Егер ет бағасы шамадан тыс өссе, адамдар оны аз сатып алады немесе мүлде алмай қояды. Ал бұл халықтың тұрмысына тіке­лей әсер етеді. Сон­дықтан басты шешім – халық­тың табысын арт­тыру.

Инвестиция жағына келсек, өткен жылы мал шаруашылығына салынған негізгі капитал көлемі 47,4 пайызға өсіп, 32,7 млрд тең­геге жеткен. Дегенмен бұл өсім 2024 жылғы төмен көрсеткіштен кейінгі қалпына келу кезеңімен байланысты. 2024 жылы инвес­тиция көлемі екі есеге жуық қыс­қарған еді.

Барлық инвестицияның шама­мен 73 пайызы ірі қара мал өсіретін кешендерге бағытталған. Бұл бағытта қаржы көлемі 13,6 млрд теңгеден 23,8 млрд теңгеге дейін артқан. 

Күйігімізді «киік еті» баса ма?

Мемлекет нарықтағы қысым­ды азайтудың бір жолы ретінде киік етін ресми айналымға енгізуге бет бұрғандай. Яғни, ірі қара мал еті қымбаттаған кезеңде, билік арзандау балама ұсынып, бағаны белгілі бір деңгейде тұрақтан­дыруды көздеген сыңайлы. Өйткені киік санын реттеу жай ғана әңгіме күйінде қалған жоқ. Соңғы екі жылда бұл мәселе нақты іске ұласты. 2025 жылдан бастап киік еті ресми түрде дүкен сөре­леріне шығып, арнайы базарларда сатыла бастады. Яғни, бұрын тек табиғатты қорғау тұрғысынан тал­қыланған тақырып енді эко­номика­лық айналымға енді.

Алдымен дүкендерде киік етінен жасалған консервілер пайда болды. Артынша жаз айларында салқындатылған етті кең көлемде сату жолға қойылды. Осылайша, киік санын реттеу науқаны біртіндеп жүйелі өндіріс үдерісіне айналды. Киікті ату, оны арнайы орындарға жеткізу, сою, тексеру, одан кейін ғана саудаға шығару – бәрі белгілі бір тәртіппен жүр­гізіледі.

Бұл жұмыс Экология министр­лігіне қарасты «Охотзоопром» мекемесінің бақылауында. Оған қоса Сауда министрлігіне қарасты тиісті құрылымдар да қадағалайды. Ел бойынша лицензиясы бар 35 сою нысанының 27-сі іске қо­сылған. Олар жеті өңірде жұмыс істеп тұр. Барлығы ветеринарлық талаптарға сай тексерілген, арнайы цехтары мен тоңазытқыштары бар.

Ең көп қойылатын сұрақ – жабайы аңның еті қаншалықты қауіпсіз? Ресми мәліметке сүйен­сек, сою орындарына 196 мыңнан астам киік жеткізілген. Әрбір тұтас ет міндетті тексерістен өтеді: ішкі ағзалары қаралады, арнайы сына­малар алынады, радиациялық дең­гейі өлшенеді. Сараптамадан өт­пеген өнім сатылымға жіберіл­мейді. Ел ішінде 137 мыңнан астам тұтас киік еті саудаға шыққан. Олар­дың бәріне ветеринарлық анықтама берілген.

Киік етінің көтерме бағасы жария етілмейді. Ал дүкендердегі баға ашық. 2026 жылдың басында бір келі киік еті 1 300-2400 теңге ара­лығында сатылып жатыр. Көбі­не 1600-1800 теңге шамасында. Бұл сиыр етімен салыстырғанда, әлдеқайда арзан. Кей өңірлерде сиыр етінің келісі 4 мың теңгеден асып кеткенін ескерсек, айырма­шылық айқын.

Заң бойынша сараптамадан өтпеген етті сатуға болмайды. Ба­зарлар мен дүкендерде инспек­торлар құжаттарды, таңбаларды, та­сымал жағдайын тұрақты тексе­ріп отырады. Мамандар да киік етін тек арнайы, рұқсат етіл­ген орын­дардан сатып алуға кеңес береді.

Мал өсіруге мемлекет қолдау көрсетпек

Әзірге киік етімен «алдана» тұрсақ, алдағы уақытта ірі қара мал етінің де қолжетімді болар күніне жетуіміз мүмкін. Себебі енді елімізде ет өндірісін күшейтуге бағытталған жаңа бағдарлама іске қосылмақ. Оның аясында фер­мерлерге жылдық 5 пайызбен жеңілдетілген несие беріледі. Бұл қаржыға шаруалар әрі өзіміздің, әрі шетелдің асыл тұқымды малын сатып ала алады. Жоспар бойынша жыл сайын 110 мың бас мал алы­нуға тиіс. Соның 50 мыңы – отан­дық мал болса, 60 мыңы – сырттан әкелінетін асыл тұқым.

Бірақ қағаз жүзіндегі жоспарды орындау оңай емес. Қазақстан мал өсірушілер одағының жетекшісі Даурен Салықовтың айтуынша, 60 мың бас аналық малды қолжетімді бағамен табу – үлкен мәселе.

Мәселен, биыл Ресей ең көбі 20 мың бас ұсына алады. Беларусь – 3 мың бас, Еуропа елдері шама­мен 12 мың бас шығаруы мүмкін. Бірақ бұл – сатуға дайын тұрған көлем ғана. Оны кімге береді, бәрі ұсынылатын бағаға бай­ланысты. Сондықтан сарап­шы­лар бұл көрсеткіштердің жар­ты­сына ғана сенуге болады дейді. 

Ал қалған малды қайдан аламыз? АҚШ пен Канада әзірге тиімді бағыт емес. Ол жақта ірі қараның бағасы тым қымбат – бір қашар 5 мың доллар тұрады. Оның үстіне бұл сомаға тасымал мен карантин шығыны қосылмайды. Қазақстанға жеткізгенше мұндай мал «алтынмен пара-пар» болып кетеді.

Салыстырмалы түрде қолайлы нұсқа – Аустралия. Онда бір қашар шамамен 3 мың доллар. Сонымен қатар Уругвай, Аргентина, Бра­зилия сияқты Оңтүстік Америка елдері де қарастырылып отыр.

Тағы бір маңызды жайт бар. Бұрынғы тәжірибеге сүйенген ма­мандар қатал климатқа тез бейім­делуі үшін малды бір жасқа толмай тұрып әкелу керек дейді. Жас мал жаңа ортаға жеңілірек үйренеді. Бұл талап сатып алу шарттарына енгізілмек.

Кәмила ДҮЙСЕН