Ақмолада мас күйде жасалатын қылмыстық оқиғалардың үлесі республика бойынша орташа көрсеткіштен әлдеқайда асып түсті.
Алкоголь айналасындағы айтыс
152
оқылды

Құқық қорғау органдары таратқан ресми деректерге жүгінсек, өңірде жыл сайын 600-ден астам қылмыстық құқықбұзушылық дәл осы алкогольдік ішімдік ішкен адамдардың қолымен жасалған.

Дүкендер жиі заң бұзады

Айтыла-жазыла жауыр болған түйт­кілді тақырып, Ақмола облысының өңір­лік кәсіпкерлер палатасында «Заң жә­не тәртіп» қағидасы бойынша өткен жиы­нында көтерілді. Облыс про­куро­ры­ның орынбасары Марат Бақ­ты­бе­кұ­лы­­ның айтуынша, құқық қорғау ор­ган­дарының қарауына түскен қыл­мыс­тар­дың басым бөлігі негізінен жазылмас қа­ғи­даға айналған бір сценарий бойын­ша өрбиді. 

– Қылмыстық істердің басым бө­лі­гін­де бір қалыптан өзгере бермейтін «түн­де барып арақ сатып алды, содан кейін қылмыс жасалды» деген үй­рен­шік­ті тұжырымдар жиі кездеседі. Бұл орай­да алкоголь қылмыскерді ақта­май­ды және оны жауапкершіліктен де бо­сат­пайды. Алайда көп жағдайда құқыққа қай­шы әрекеттер тізбегін бастайтын не­гізгі түрткіге айналады, – дейді Ақ­мо­ла облысы прокурорының орынбасары Марат Бақтыбекұлы.

Расында да, адамды азғындайтын ал­­когольді ішімдік қылмыскерді ақ­та­май­тыны рас. Бірақ бұл талай тра­ге­дия­ның триггеріне айналғанын айтпасқа бол­майды. Бұл орайда түн жарымында ал­когольді ішімдіктерді сатқан сауда нүк­телерінің де үлесі кем емес. Облыс ор­талығында «Заң және тәртіп» идео­ло­ге­масын ілгерілетуге арналған айтулы кез­десуде осы сауалдың салмағы анық се­зілді. Прокуратура өкілі ресми түрде келтірген деректер бойынша, облыста бү­гінде 3 200-ден астам дүкеннің алко­голь сатуға лицензиясы бар болып шық­ты. 

– Биыл заңсыз сату фактілері үшін 289 кәсіпкер әкімшілік жауапкершілікке тар­тылған. Оның 200-ге жуығы алко-­  го­льді белгіленбеген уақытта сатқаны үшін айыппұл арқалады. 28 кәсіпкер бір жыл ішінде қайтадан заң бұзған. Мәселен, тек бір күн ішінде, дәлірек айтқанда, са­ғат 21.00-ден 21.15-ке дейін-гі аралықта ға­на 22 бизнес субъектісі жауап­кер­ші­лікке тартылды. Заңбұзу-шылықтардың бас­ты себептері – сату-шылардың сал­ғырт­тығынан, қызметкер-лердің ша­ма­дан тыс жүктемесінен немесе тех­ни­ка­лық шектеулердің жоқтығынан туындап жа­­тады. Бұл орайда заңбұзушылыққа са­ту­шылар жол бергенімен, жауап­кер­ші­лік заңға сәйкес кәсіп иелеріне ар­ты­лып жатады, – дейді аға прокурор Айым Алтай. 

Прокуратураның ұсынған шешімі – «ақылды» кассалық аппараттары. Яғни, белгілі бір уақыттан кейін жүйе авто­мат­ты түрде алкоголь өнімдерін өткізуді бұғат­тайды. Сатушы қанша тырысса да, «ал­когольді ішімдіктерді» сата алмайды. Об­лыстық прокуратура өкілінің бұл ұсы­нысын облыстық полиция депар­та­мен­тінің өкілі де қуаттады. Полицияның қо­ғамдық қауіпсіздік басқармасы бас­шы­сы­ның орынбасары Ерболат Ху­саи­нов­тың айтуынша, түнгі уақытта алко­го­ль сататын тәулік бойғы дүкендер қо­ғам­дық тәртіпке тікелей әсер етеді. 

– Өкінішке қарай, жалпы құқық­бұ­зу­шылық азайғанымен, ауыр қылмыстар са­ны артып отыр. Оның басым бөлігі түн­де, масаңдық жағдайында жасалады. Кө­шедегі қылмыстардың 40 пайыздан аста­мы да ішімдіктің салдарынан болып отыр. Ең алаңдатарлығы – қылмыс­тар­дың географиясының кеңейіп бара жат­қан­­дығы. Көкшетау, Степногорск, Қос­­шы, Атбасар және Бурабай аудан­дарын­да ауыр және аса ауыр қылмыс­тар­дың 77 пайызы шоғырланған өңірлер бо­лып отыр. Бұл жай ғана картадағы нүк­телер емес, бұл – әлеуметтік шие­ле­ніс­тің нақты ошақтары. Алкогольді ішім­­­­діктің адам өліміне әкеліп соққан оқиғаларының бірі – Бурабай ауданында егде жастағы әйелдің жауыздықпен өл­тірілуі. Тергеу мәліметіне сай, қылмыс­кер сол түні қылмысқа дейін және қыл­мыс­тан кейін екі мәрте алкоголь сатып алған, – дейді Ерболат Құсайынов.

Полиция жеке бизнестің күзетшісіне айналды

Жақында болған Балкашино ауы­лындағы, Көкшетауда дәмханада, сон­дай-ақ Қосшы көшесінде болған кісі өл­тіру, жаппай төбелестер, ауыр дене жа­рақаттарының бәрінің артында «ішім­дік» деген ортақ белгі тұр.

– Былтыр көңіл көтеру орындарынан 800-ден астам шақырту түскен. Сал­дары­нан, полиция жеке бизнестің күзет­ші­сіне айналып барады десек артық айт­қандық емес. Жастар ішімдікке са­лынып бара жатқаны – үлкен трагедия. Ал біздің міндет – осымен күрес, – деп то­лықтырды Ерболат Хусаинов.

Алайда «бұл трагедияның алдын алу­ға нақты қандай тосқауыл қойылып отыр?» деген заңды сауал туындайды. По­лиция өкілдерінің өкініші – айыппұл да, лицензиядан айыру да кейбір кәсіп­кер­лерге еш әсер етер емес. Бұған дәлел, был­тыр заңсыз алкоголь сату фактілері 20 пайызға артса, биыл қаңтарда тағы 53 пайыз­ға өсім тіркелген. 

Әрине, бұл орайда бизнес те өз уәжін алға тартады. «Айыппұлды сатып алу­шы­ға салу керек» дейтіндер де бар. Бірақ про­курорлардың пайымынша, бұл түнгі сау­даны мүлде бақылаусыз қалдырады. Се­бебі сұраныс бар жерде ұсыныс та та­была береді. Ал жас шамасын анықтау мә­селесіне келсек, кәсіпкерлер «құжат­ты телефондағы суретпен көрсетеді, оны қолдан жасау оңай» дейді. Бұған жауап ре­тінде құзырлы органдар сатып алу­шы­ға мемлекеттік қызметтер порталын са­ту­шының көзінше ашқызуды ұсы­на­ды.

Жиын барысында көптеген кәсіпкер «ақылды» жүйелерді орнатуға дайын екен­дерін білдірді. Мұндай құрылғылар тек түнгі сатуды шектемей, тауар есебін жүр­гізуді де жеңілдетпек. Жүйе қаржыны ба­қылауға көмектесіп, персонал жұмы­сын қадағалайды. Демек, бұл тек әлеу­меттік жауапкершілік емес, бизнес тиім­ділігін арттыратын құрал болғалы отыр.

Кездесу соңында Көкшетаудағы Өңір­лік кәсіпкерлер палатасының ди­рек­торы Ерқанат Мұсылманбек пен облыс прокурорының орынбасары Марат Бақ­ты­бекұлы ынтымақтастық туралы ме­морандумға қол қойды.

Жиын барысында кәсіпкерлерді тағы бір мәселе алаңдататыны байқалды. Парламент қабырғасында алкогольді тек мамандандырылған дүкендерде сату жә­не сату уақытын кешкі 20:00-ге дейін қыс­қарту туралы ұсыныстар айтылған. Егер бұл шектеулер қабылданса, үй жа­нындағы шағын дүкендер табыс көзінен мүл­де айырылуы мүмкін. Әлеуметтік маңызы бар тауарларға 15 пайыздан ар­тық үстемеақы қоя алмайтын жағдайда, ал­коголь сатудан түсетін пайда – олар­дың басты тіршілік арқауы.

Яғни, күрмеуі шырмалған түйіннің де түп-төркіні осында жатқан сияқты. Бір жағында – қоғамдық қауіпсіздік, қыл­мыс статистикасы мен жастардың бо­лашағы тұрса, екінші жағында – ша­ғын бизнестің өміршеңдігі жатыр.

Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ, 

Ақмола облысы