Анель Базылова – сирек кездесетін генетикалық аурулар мен онкологиялық диагнозы бар әйелдер туралы жобаның авторы. Оның бұл жобасы былтыр 56 елден қатысқан 400 мың фотосурет арасынан іріктеліп, Sony World Photography Awards конкурсында жеңімпаз болған еді.
«Мен осындамын»: көзқарас әдебін қалыптастырады
127
оқылды

Фотошебер сирек аурулары бар әйелдерді қолдауды мақсат еткен. Әлеуметтік құжаттама мен сән-фотографияны үйлестіретін ерекше бағыттағы суреткер жақында елордадағы Sal-Seri галереясында дебюттік көрмесін ұйымдастырды.

Фотошебердің нысанасына іліккен әрбір бейне сұлулықтың өлшемі мінсіздікте емес, рухтың мықтылығында екенін ұғындырады. Яғни, кейіпкеріміздің басты миссиясы – қоғам назарынан тыс қалатын, көбіне «ерекше» деп оқшауланатын жандарға демеу болу. Оның фотожобалары  сирек дертке шалдыққан әйелдерді қолдаудың ерекше формасы іспетті. Көрме экспозициялары «Мен осындамын» деп аталады. Бүгінгі қоғамда әйел затына таңылатын «әдемі болу, әрдайым мінсіз көріну» деген қасаң стереотип әлі де үстемдік етіп тұр. Алайда Анель Базылованың туындылары бұл түсінікті басқа қырынан ашады. Яғни, кейіпкерлері –сұлулық салонынан гөрі медициналық орталықтың табалдырығын жиі аттайтын жандар. Бірақ автордың шеберлігі де сонда: ол кейіпкерлерінің бойынан дертті емес, табиғи сұлулықты тапты.

Көрмедегі кадрлардан біз трагедияның ізін іздеп әуре болмаймыз. Олар көрерменді жалықтыратын дәріс оқымайды, тіпті ешкімнен мейірім де, аяушылық та сұрамайды. Әр сурет әйелдердің қиын тағдырына қарамастан, бақытты болуға қақысы бар екенін паш ететін үнсіз манифест.  Анель Базылованың шығармашылық ұстанымында бір қатаң қағида бар болса, ол кадрдан аяушылық іздеудің қате екені. Оның ойынша, мүсіркеу сезімі адамдар арасына көзге көрінбейтін кедергі орнатады. Сондықтан автордың портреттер сериясында тағдырдың түрлі сынағына түскен онкологиялық диагнозы бар, сирек дертпен күрескен немесе физикалық ерекшелігі бар әйелдер өзге кейіпкерлермен бір қатарда, тең дәрежеде орналасқан. 

Өнер жолына түсу үшін міндетті түрде арнайы немесе кәсіби білім қажет емес. Кейде өмірдің өзі ұсынған қатал сынақтар мен ащы сабақтар ең үздік ұстазға айналады. Фотограф Анель Базылованың шығармашылық тағдыры – осы сөзіміздің айқын дәлелі. Оның өнерге келу тарихында «пленкамен өткен балалық шақ» туралы әдемі аңыздар мен жаттанды әңгімелер жоқ. Керісінше, оның туындыларында онкология бөлімшесінің суық дәліздерінде шыңдалған қажыр-қайрат пен адам болмысына деген шексіз құрмет жатыр. Анель фотоөнерге саяхаттар мен бақылаудан басталған қарапайым әуестікпен келді. Алайда оның көзқарасын мүлдем өзгерткен себеп бар: екі мәрте қатерлі ісікпен бетпе-бет келу, отадан кейін дәрігерлердің шешімін сарыла күту, өмір мен өлім арасындағы белгісіздік. Осылайша, «Болмыс» атты авторлық жоба дүниеге келді. 

Автордың басты ерекшелігі – ол аурухана өмірін, дәрі-дәрмек пен мұңды палаталарды суретке түсірмейді. Кейіпкерімізді медициналық тұрмыс қызықтырмайды. Анель кадр сыртында мата, жарық пен ауадан тұратын ерекше эстетикалық кеңістік құрып, кейіпкерін сонда шақырады да, өмірге құштар адамның образында портрет түсіреді. Жобаның алғашқы кейіпкері – Динара есімді бойжеткен. Ол өзімен бірге үнемі оттегі аппаратын алып жүруге мәжбүр. Тағдырында екі рет клиникалық өлімді бастан өткерсе де, Динара барабанда ойнайды, кездесулерге барады және көлік жүргізуді армандайды. Анельдің кадрында диагноз адамның болмысын жасырып тұрған жоқ, керісінше, адамның рухы кез келген дерттен биік екенін көрсетеді. Анельдің басты жұмыс принципі – «жүрекпен сезініп түсіру». Түсірілім кезінде кейіпкері егіліп жылаған сәтте де, фотограф өз көз жасын іркіп тұрып, жұмысын жалғастыра береді. Өйткені ол үшін сол сәттегі шынайылық кез келген жеке эмоциядан қымбат. Мұндай түсірілімдерден кейін ол кейіпкерлердің тағдырына бейжай қарай алмайды. Олардың аналарымен хабарласып, денсаулығын қадағалап, әрбір арудың өміріне шынайы жанашырлықпен қарайды.

Бүгінде маркетологтар мен ірі брендтер «халық мұндай осалдықты көруге дайын емес» деген ұстанымда. Инклюзия туралы тек ресми баяндамаларда ғана айтылады. Алайда Анельдің басты қағидасы – кадрда аяушылыққа жол бермеу. Ол мүсіркеуді емес, адамның ішкі қуатын көрсетуді мақсат тұтады. Қоғам мінсіз, «тегіс» образдарды жақсы көргенімен, Анельдің жұмыстарындағы «жарықшақтар» бізге өмірдің қаншалықты нәзік әрі қымбат екенін еске салады. Анельдің шығармашылығындағы тағы бір маңызды бағыт – Даун синдромы бар бүлдіршін түсірілген «Күнге бет түзеп» (Следуя за солнцем) атты туындылар сериясы. Бұл – өз «күнін» тапқысы келген балалық тазалықтың көрінісі. Анель мұндай кейіпкерді баяғыдан бері жарық пен ізгіліктің символы ретінде түсіруді армандаған болатын. Оның қиялында қазақтың ұлттық ерекшеліктері мен баланың аңғал, ашық болмысы тұтасқан көркем бейне қалыптасты.  Анель Базылованың басты мақсаты көрме залында дерті бар әйелдер мен дені сау аруларды бір қатарға қою болды. Ол «ерекше тағдырлар» үшін бөлек витрина жасаудан үзілді-кесілді бас тартқанын айтады. 

Sal-Seri галереясындағы экспозиция өте салмақты әрі қарапайым безендірілген. Мұнда ешқандай агрессивті ұрандар немесе арзан даурықпа сөздер жоқ. Тек қана бос кеңістікте бақытқа ұмтылған нәзік жандардың бейнесі ғана тұр. Анельдің бұл шешімі қоғамдағы «біз» және «олар» деген жасанды шекараны жойып, адамды тек өз болмысымен тануға мүмкіндік береді.

«Менің мақсатым – ауруға байланысты қиын жағдайда отырған әйелдерді төрт қабырғаға қамалып қалмауға, әлемнен оқшауланбауға ынталандыру. Бұл фотосуреттер оларға үміт береді және өздері мен аурулары туралы ашық айтуға батылдық сыйлайды», – дейді ол.

Кейіпкеріміз үшін сұлулық – тағдырдың соққысына төтеп берудің, сынбаудың жалғыз амалы. Сондықтан іштегі күйін ол өнері арқылы көпке көрсеткісі келді. Жоба авторы айтқандай, «Мен осындамын» көрмесін дерт немесе диагноздар туралы жоба деп қарау қате түсінік. Қысқасы, бұл жоба аяушылық пен жасанды арақашықтықтан ада, адамның қоғамдағы көрінісі, өзара құрмет пен көзқарас әдебі төңірегінде өрбитін ашық диалогқа шақыру. Автор бізді кейіпкерлерге мүсіркеп емес, оларды тең дәрежеде қабылдап, болмысына үңілуге үндейді. Айрықша көрме наурыз айының 16-на дейін келушілерді қабылдайды. 

Сымбат БАУЫРЖАНҚЫЗЫ