NASA-ның Artemis II миссиясы жаңа техникалық қиындықтарға тап болды. Адамдарды Айға ұшыру кейінге қалдырды.
NASA адамды Айға апаратын миссияны кейінге шегерді
2028 жылы Artemis III астронавтары Айға қонады. Фото phys.org сайтынан алынды. Авторлығы: NASA / Bill Stafford
412
оқылды

Telegraph басылымына сілтем жасаған Aikyn.kz Айға ұшатын миссияның кейінге шегерілу себептерін талдайды.

АҚШ-тың ғарыш агенттігі гелий беру жүйесіндегі ақаулар анықталғаннан кейін Artemis II зымыранын қайтадан ангарға қайтаруға мәжбүр болды. Бастапқыда агенттік ұшыруды осы айда жоспарлаған, бірақ старт алаңын зымыранмен жалғайтын қосқыш желілердің бірінен сутегі ағып кеткені анықталып, жоспар тоқтатылды.

Екінші ұшыру терезесі 6 наурызда ашылады деген үміт бар. Алайда дүйсенбі күні (23 ақпан) NASA SLS (Space Launch System) зымыран-тасығышына гелий берудегі ақаулар келесі айдағы ұшудың да мүмкін еместігін растады. Ғарыш агенттігі енді «сәуірге үміттеніп отырғанын» мәлімдеді.

Бұл – «Аполлон» бағдарламасының соңғы сапарынан (1972 жыл) бері адамдарды Айға ұшыруға бағытталған алғашқы миссия. «Артемида II» астронавтарды адамзат тарихындағы ең алыс траекторияға шығарады.

10 күндік сапар барысында экипаж Айды айналып ұшады, бірақ қонбайды. Экипаж құрамында NASA астронавтары – командир Рейд Уайзман, ұшқыш Виктор Гловер, миссия маманы Кристина Кох және Канаданың ғарыш агенттігінен Джереми Хансен бар. Миссияны ұшыру ай сайын Айдың Жерге қатысты дұрыс позициясына байланысты бірнеше күн ғана мүмкін болады.

NASA инженерлері соңғы ақауды толық тексеру үшін зымыранды Флоридадағы Кеннеди ғарыш орталығындағы ғарыш аппараттарын құрастыратын алып ангарға қайта көшіруі мүмкін.

Ақау басты сынақ кезінде анықталған. Бұл кезде зымыранға толық жанармай құйылып, ұшыруға әзірлігі тексеріледі. Алып зымыранның жоғарғы бөлігінде сұйық сутегі мен оттегі бактарында қысым жасауға және қозғалтқыш үшін қажетті орта жағдайын ұстап тұруға гелий қолданылады. Бірақ команда гелийдің дұрыс берілмегенін байқап, қозғалтқыштар мен бактардың қауіпсіз жұмысы үшін резервтік әдіске көшуге мәжбүр болған. Осы айдағы сынақтар кезінде агенттік байланыс жүйелерінде және Айға ұшатын Orion капсуласының люк бекітпесінде де ақаулар тапқан.

NASA әкімшісі Джаред Айзекман: «Командалар ақауды анықтап, Artemis II миссиясын құрастыру ғимаратына қайтаруға дайындық жүргізіп жатыр», – дейді.

Бағдарламаның қорытынды кезеңінде Artemis III астронавтары Айға қонады. Ол 2028 жылға жоспарланған.