Бағдарлама жүргізушісі бірнеше жыл бұрын Шарлапаев министр болып тұрған кезде оның қазақ тілінде әлдеқайда нашар сөйлегенін еске салды.
«Намыстанып оқыдым»: Қанат Шарлапаев алғаш рет қазақ тілінде сұхбат берді
192
оқылды

«Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының Төралқа төрағасы Қанат Шарлапаев Adal Adam YouTube арнасына алғаш рет қазақ тілінде сұхбат берді, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Бағдарлама жүргізушісі бірнеше жыл бұрын Шарлапаев министр болып тұрған кезде оның қазақ тілінде әлдеқайда нашар сөйлегенін еске салды. Қазір ұлттық палата басшысы қазақша еркінірек сөйлейді.

– Мұндай сұхбат беру – мен үшін де үлкен сынақ. Қазақ тілінде алғаш рет сұхбат беріп отырмын. Әлі де көп жұмыс істеу керек, тілді әрі қарай жетілдіру қажет. Қазір кәсіпкерлердің де, мемлекеттік қызметкерлердің де басым бөлігі – қазақ тілінде сөйлейтін адамдар. Өз ойыңды жеткізу үшін, әрине, қазақша сөйлей білу керек.

Шынын айтсам, тілді үйрену үшін екі нәрсе қажет: ынта мен уақыт. Бір кезде журналистер мені сынап, қазақ тілін білмейді деп айтқан еді. Соған ұялдым да, тіл үйрене бастадым. Үйрететін адам керек, уақыт керек. Содан кейін қазақша сөйлесуге тырысу қажет, – деді ол.

Айта кетейік, 2023 жылы Қанат Шарлапаев министр қызметінде жүргенде журналистерге қазақ тілін 18 айдың ішінде үйренуге уәде берген болатын. Ол тіл білмеуін өзінің шетелде өскенімен түсіндірген.

Қанат Шарлапаев 1981 жылы Ресейдің Саратов облысында дүниеге келген. 2006–2022 жылдары Еуропадағы ірі «Сити» инвестициялық банкінде жұмыс істеп, вице-президент қызметіне дейін көтерілді.

2022 жылы Қазақстанға келіп, азаматтық алған. Кейін «Бәйтерек» холдингінің басшысы, ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрі, сондай-ақ Президенттің экономикалық мәселелер жөніндегі көмекшісі қызметтерін атқарды.

2026 жылдан бастап «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының Төралқа төрағасы қызметін атқарып келеді.