Қазақстандық өндірушілер Біріккен Араб Әмірліктері нарығына ет өнімдерін жеткізуді ұлғайтуды жалғастырып жатыр, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Соңғы бір апта ішінде БАӘ-ге 7 тонна салқындатылған қой еті экспортталды.
Экспорт Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрлігінің және экспортты дамыту жөніндегі ұлттық оператор QazTrade-тің қолдауымен жүзеге асырылуда. Алдағы уақытта өнім жеткізілімін тұрақты түрде ұйымдастырып, аптасына 10 тоннаға дейін жеткізу жоспарланып отыр.
Экспорт Парсы шығанағы өңіріндегі халықаралық логистикадағы күрделі жағдай аясында жүзеге асырылуда. Халықаралық операторлардың бағалауынша, әуе қатынасына және кейбір көлік бағыттарының жұмысына енгізілген шектеулер жүк тасымалының бір бөлігіне әсер етіп, тез бұзылатын тауарларды жеткізуге ықпал етуі мүмкін.
Парсы шығанағы елдерінің азық-түлік нарығының едәуір бөлігі импорттық жеткізілімдер есебінен қалыптасады. Халықаралық ұйымдардың мәліметінше, БАӘ-де азық-түлік өнімдерінің 85–90%-ы шетелден әкелінеді.
2025 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстаннан БАӘ-ге экспорттың жалпы көлемі 132,9 млн АҚШ долларын құрады. Азық-түлік экспортының негізгі бөлігін қой еті құрайды, оның үлесі барлық жеткізілімнің шамамен 55%-ын қамтиды. Қазақстаннан БАӘ-ге қой етін экспорттау 2021 жылдан бері жүзеге асырылып келеді.
Тұрақты жеткізілімдерді ұйымдастыру мақсатында сала өкілдерімен бірлескен жұмыстар жүргізілуде. Атап айтқанда, Қазақстан мал өсірушілер одағы, Қазақстан құс өсірушілер одағы және Қазақстан ет өңдеушілерінің ұлттық қауымдастығымен өзара іс-қимыл мәселелері талқыланды.
Қазақстан ішкі нарықты ет өнімдерімен толық қамтамасыз етеді. Экспорт қосымша өндірілген көлем есебінен жүзеге асырылып, отандық фермерлерге өткізу нарықтарын кеңейтуге мүмкіндік береді.
Соңғы жылдары Қазақстан Таяу Шығыс елдерінің азық-түлік нарықтарындағы қатысуын жүйелі түрде кеңейтіп келеді. Өңірге қазірдің өзінде астық, ұн, өсімдік майы және ет өнімдері жеткізіліп жатыр.