Патриоттықтың іргетасы ұлттық құндылықтар арқылы қалыптасатыны белгілі. Ал оның негізі әскердегі бірлік пен тұрақтылықта. Сондықтан әр әскери бөлімдегі тыныштық пен тәртіп – ел ішіндегі бірлік пен тұрақтылықты сақтайды. Ел тыныштығын күзетіп қана қоймай, әскердегі тәртіпке қырағылық таныту оңай емес. Осындай міндетті абыроймен атқарып жүрген жандардың бірі – 5573 әскери бөліміндегі ішкі қарауыл қызметінің бастығы, аға сержант Абдумәлік Мұратов.
Оның айтуынша, әскери саланың таңдауы жайдан-жай емес. Бұл – әулеттен жалғасқан аманат. Атасы Мергенбай Мұратов Ұлы Отан соғысында Сталинградты қорғауға қатысып, елге аман оралған ардагер болған. Ал әкесі Абдуқалық Мұратов Кеңес Одағы кезінде Моңғолия елінде әскери борышын өтеген.

– Осындай ерлік пен тәртіптің үлгісін көріп өскен соң Отан алдындағы борышымды өтеу – азаматтық парызым деп білдім. Павлодар каласындағы әскери бөлімге түстім. Сонда тастай тәртіп бекіген әскерде сержанттар мен офицерлерді көріп, қатты қызықтым. Менің де әскери адам болғым келді, – дейді Абдумәлік Мұратов.
Ол әскерден кейін уақытын жоғалтпастан тез арада құжатын жинап, әскери қызметке келісімшартпен келген. Астананың вокзал жағындағы ескі әскери бөлім еді.
– Әскери тәртіп пен сержанттық құрамның жинақылығы жаныма жақын болды. Меніңше, әскер – нағыз ер жігіттер жұмыс істейтін жер. Оның үстіне, әскери саланың өз артықшылығы бар: зейнетке ерте жастан шығасың, тұрақты айлық, жылдық демалыс. Мемлекет тарапынан көп көмек жасалып жатыр, – деді ол.
Бүгінде аға сержант Абдумәлік Мұратов – 5573 әскери бөліміндегі қарауыл қызметінің бастығы. Сондықтан ол әскер қауіпсіздігін қамтамасыз ету ісінде үлкен жауапкершілік жүгін арқалап келеді. Қарауыл бастығы болу – бүкіл әскери бөлімнің тыныштығына жауап беру. Бұл қызметте қырағылық, батылдық және шұғыл шешім қабылдай білу қабілеті аса маңызды. Қиын сәттерде уақытты жоғалтпай, нақты әрі дұрыс әрекет ету – оның күнделікті жауапкершілігі.
– Ішкі қарауыл қызметі – әскери бөлімнің қауіпсіздік тірегі. Нысандарды тәулік бойы күзету, бөлімнің ішкі тәртібін сақтау – қарауылдың басты міндеті. Мұнда ұсақ қателікке жол жоқ. Әсіресе, қару-жарақ пен оқ-дәрі сақталатын аумақта қызмет ету сарбаздан жоғары жауапкершілік талап етеді, – дейді Абдумәлік Мұратов.
Аға сержант Абдумәлік Мұратов қарауыл құрамын іріктеуде сарбаздардың психологиялық жағдайына, денсаулығына және моральдық дайындығына ерекше көңіл бөлетінін жеткізді.
Оның айтуынша, жас сарбаздармен психолог мамандар сөйлесіп, олардың отбасылық жағдайы мен әскерге дейінгі өмір жолын зерделейді.
– Қарауыл қызметіне әр сарбаз өз еркімен келуі тиіс. Себебі бұл қызмет үлкен сенім мен төзімділікті қажет етеді. Қарауылдық сарбазды шыңдайды. Оны тәртіпке баулып жауапкершілікті арттырады, батылдық пен сабырды қалыптастырады. Осындай қасиеттерді бойына сіңірген жауынгер ғана нағыз әскери маман бола алады.
Төтенше жағдай туындаған кезде қарауыл белгіленген жауынгерлік алгоритм бойынша әрекет етеді. Бұл тәртіп қатаң сақталады және әскери құпия саналады. Дегенмен бір нәрсе анық – әрбір қарауылшы өз міндетін жетік біледі және бөлім қауіпсіздігі үшін бар күшін салады, – дейді №5573 әскери бөліміндегі қарауыл қызметінің бастығы, аға сержант Абдумәлік Мұратов.
Әйгерім БАЛТАБАЕВА, лейтенант