Тергеу нұсқасына сәйкес, Instagram желісінде 15 миллионнан астам жазылушысы бар ерлі-зайыптылар аудиторияның сенімін пайдаланып, заңсыз табыс тапқан болуы мүмкін.
Жанабыловтар отбасы: блогерлер 7 жылға дейін сотталуы немесе 1 миллиард теңгеден астам айыппұл төлеуі мүмкін
Фото: CMN.KZ
168
оқылды

Ерлі-зайыпты блогерлерге «Заңсыз кәсіпкерлік» және «Қылмыстық жолмен алынған ақшаны заңдастыру (жылыстату)» баптары бойынша айып тағылып отыр, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Прокурордың көмекшісі Олжас Хайруллаевтың айтуынша, ұтыс ойындарының жүлдесін ала алмаған жеңімпаздардан полицияға ешқандай шағым түспеген.

Тергеу нұсқасына сәйкес, Instagram желісінде 15 миллионнан астам жазылушысы бар ерлі-зайыптылар аудиторияның сенімін пайдаланып, заңсыз табыс тапқан болуы мүмкін.

2025 жылы олар онлайн-курстар сату түрінде схема ұйымдастырған. Ал сатып алушылар үшін негізгі ынталандыру қымбат сыйлықтар ойнатылатын ұтысқа қатысу мүмкіндігі болған.

Қаржылық мониторинг агенттігінің мәліметінше, блогерлерге қарасты  Zhana Business  ЖШС-ның шоттарына азаматтардан 247,5 миллион теңге түскен. Оның 60 миллион теңгесі депозиттік шоттарға орналастырылған.

Прокуратураның дерегінше, блогерлер ірі көлемдегі айыппұлмен құтылуы мүмкін. Оның мөлшері іс бойынша көрсетілген соманың шамамен 7 мың есесіне тең болып, 1 миллиард теңгеден асуы ықтимал. Ал аталған баптар бойынша ең жоғары жаза – 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру.

Тергеу аясында олардың компанияларының шоттарына тыйым салынды. Сондай-ақ ұтысқа арналған 17 жаңа iPhone телефоны, 8  Hyundai Elantra  автокөлігі және блогерлердің жеке көліктері  Lamborghini Urus  пен  Lexus LX 600  тәркіленді.