Бұл – махаббат пен адалдық, сатқындық, рухтың беріктігі, жеңіске деген ерік-жігер туралы және әлемді өзгерту әркімнің өзінен басталатынын көрсететін картина.
Қазақстандағы толықметражды «Ерекше» фильмі прокатқа шығады
100
оқылды

Қазақстандық толықметражды «Ерекше» фильмі 19 наурыздан бастап кинотеатрлар желісінде прокатқа шығады, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Фильм Арман есімді жас жігіттің өміржолын баяндайды. Ол – алаңсыз күн кешуге үйренген классикалық «мажор». Бір күні мас күйінде көлік жүргізіп, мүлікке зиян келтіргені үшін қоғамдық жұмыстарға тартылады. Осылайша ол спорт кешеніне келіп, Әйгерім және оның БЦС диагнозы бар інісі Дидармен танысады. Бастапқыда Арман Әйгерімге жеке пайдасын көздеп жақындайды. Алайда уақыт өте келе оның өмірі күтпеген жағдайлардың әсерінен өзгере бастайды. Әйгерімнің інісімен арадағы достық арқылы Арманның өзі де өзгеріп, өмірге деген көзқарасы түбегейлі жаңарады, оның құндылықтар жүйесі 180 градусқа өзгереді.

Дидар төрт қабырғаның ішінде отырмайды, ол паралимпиадалық спорт түрі боччамен айналысады. Арман Дидармен бірге оның үмітсіздікке түскен сәттерін, спортты тастағысы келген кездерін және жеңіске деген ерік-жігерін бірге бастан өткереді, бірге жаттығады. Өзгерген Арман ақырында Әйгерім үшін де жалғыз әрі жақын адамға айналады.

Фильмдегі басты рөлдерді Жасұлан Көпберген, Ақерке Назарбекова және Расул Бауыржан сомдаған. Сценарий авторы – Сержан Серікбай. Режиссері – көрерменге «Алға» спорттық драмасы, «Келінжан» франшизасы, сондай-ақ «Жаным, ты не поверишь» және «Менің папам – тигр» фильмдері арқылы таныс Ернар Нұрғалиев.

Картина Қазақстан бочча федерациясының қолдауымен және серіктестердің демеуімен түсірілген. Жоба ерекше спортшылардың қалай өмір сүріп, немен айналысатынын көрсету мақсатында жүзеге асқан. Бочча 1984 жылдан бері Паралимпиада ойындарының бағдарламасына енген және әлемдік спорттағы тең мүмкіндік пен инклюзивтіліктің символдарының бірі болып саналады.

Бұл ойын ауыр мүгедектігі бар адамдарға арналған, оның ішінде БЦС, бұлшықет дистрофиясы және жұлын бұлшықет атрофиясы диагнозы бар спортшылар да бар. Қазақстан бочча федерациясы 2021 жылы құрылған. Қазіргі уақытта ұйымның аймақтық филиалдары еліміздің 13 өңірінде жұмыс істейді. Спорт секцияларында 250-ден астам спортшы жаттығады. Ұлттық құраманың 47 мүшесі Қазақстан атынан халықаралық жарыстарда өнер көрсетіп жүр. Kinopark кинотеатрлар желісіндегі фильм прокатынан түскен барлық қаражат мүгедектігі бар балаларды қолдауға бағытталады.