Музей – елдің мәдени қоры, ұлттық қазынасы. Әр елдің қаншама жылғы тарихы музейлер арқылы сөйлейді. Елімізде тарихты келешек ұрпаққа мұра етіп жеткізіп отырған 282 музей бар екен.
Көне музей көмбесі
92
оқылды

Оның ішінде 51-і тарихи музей болса, 114-і өлкетану бағытында қызмет атқарады. Қалған музейлер табиғи, мемориалдық, өнертану бағытында жұмыс істеп тұр. Еліміздегі ең көне музейлердің бірі БҚО-да орналасқан. Тарихи жәдігерге бай батыс өңіріндегі музейдің тарихы тереңде, іші құнды жәдігерге толы. Тек бір әттеген-айы бар. Музей ғимараты әбден ескірген. Мәдени мұра жанашырларының облысқа жақсы бір заманауи музей керек-ақ деп жүргеніне біраз болды.

Ғасырдан асқан ғимарат

Батыс Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану музейі – Қазақстанның көне музейлерінің бірі. Бұл музей 1836 жылы құрылған. Ал музей ғимараты  1879 жылы қазақ-орыс қолөнер мектебі ретінде мавритан стилінде салынған. Ғимарат екі қабатты және жартылай жертөле бөлмесі орналасқан. Кезінде осы бөлмелердің бәрінде әртүрлі саладағы оқу орындары мен ұйымдар орналасқан екен. Алғашқы кездері қазақ-орыс мектебі болған. Ал азамат соғысы кезінде, 1919 жылдың аяғынан бастап бұл ғимаратта облыстық әскери комиссариат жұмыс істеген. 1920-1930 жылдары осы ғимаратта қалалық техникалық училище болды. Кейін ол училище БҚО ауыл шаруашылығы институтына берілгенін білеміз. 1973 жылы Орал облыстық атқару комитетінің шешімімен ғимаратқа мәдениет басқармасы көшіп келген. Ал қазір осы ғимарат БҚО тарихи-өлкетану музейі қызметін атқарып тұр. Ғимарат сыртынан қарасаңыз өте әдемі, сәнді көрінеді. 

Ғимарат тарихи-сәулет ескерткіші болғанымен, әу баста музей қорына арналып салынбаған. Сондықтан да облыста музей қорын сақтау мәселесінде біраз қиындық бар. 

– Ғимарат өте ескі. Әрі музей жұмысына ыңғайланбаған. Мәдени мұраларды сақтау жөніндегі заң жобасында әр жәдігерді қа­лай сақтау керегіне дейін көрсетілген. Жазылған ережесі бар. Бірақ сол талапты сақтау үшін ғимарат кейде сәйкеспей жатады. Мысалы, күннің дұрыс түсуі, бөлменің жарығы деген мәселелер жәдігер­лерді ұзақ, сапалы сақтау үшін өте қажет дүниелер. БҚО-ға заманауи жақсы музей ғимараты керек. Күні кешегі Құрыл­тай отырысында Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев мәдени мұраларды жаңғырту мәселесі, музей ісі туралы атап өтті. Біз өз кезегімізде облыс басшылығына облысқа жақсы музей ғимараты керек деген ұсыныс­ымызды жібердік. Басшылық қолдап отыр. Енді қазір сметалық құжатын жасатуға тырысып жатырмыз. Кейін орын мәселесі шешіліп, бюджеттен қаржы бөлсе, Орал қаласында заманауи жақсы музей ғимараты салынып қалар деген үмітіміз бар, – дейді БҚО тарихи-өлкетану музейінің директоры Жантас Сафуллин. 

Жалпы, БҚО бойынша 20 музей бар. Қазір музейлердің жұмыс  жоспары қайта қаралып жатыр. Жантас Набиоллаұлының айтуынша, музейдегі әр жәдігер көрермен тартудың кілті болуы тиіс. Ол үшін облыстық тарихи-өлкетану музейіндегі жәдігерлердің каталогын жасауды бастапты. 

– Биыл облыстық музейге 190 жыл болады. Музей қорында 200 мыңнан астам жәдігер бар. Біз қазір жәдігерлердің ката­лог­ын жасап жатырмыз. Біздің музей қоры өте бай. Мұнда шаң басып жатып қалған, бұрын көрмеге мүлдем шықпаған жәдігерлер де бар. Біз алдымен каталог жасап, әр жәдігерді түгендеп жатырмыз. Біріншіден, музейге келген адамға да ыңғайлы, музейде не бар дегенде кез келген адам емін-еркін осы каталогтар арқылы тауып алады. Екіншіден, тарихшы ғалымдарға да өте ыңғайлы. Музей – халықтық мұра. Ондағы әр жәдігердің қайдан келгенін, кім әкел­генін, кім тапсырғанын бәрін біз қазір таспалап жатырмыз. Өкінішке қарай, кей жәдігерлерді кімдер тапсырғаны белгісіз. Біздің музей қорында түпнұсқа жәдігерлер өте көп. Мысалы, Дина Нұрпейісованың киген көйлегі бар, қазақтың бес қаруы бар. Бірақ осыларды кім ұстады, кім тапсырды деген ақпарат жоқ. Осыдан тағы бір проблема шығады. Біздің музейде ғылыми бөлім жоқ. Алдағы уақытта осы бөлімді ашып, әр жәдігерді зерттесе деп отырмыз. Сонда ғана тарих халыққа қолжетімді, түсінікті болады, – дейді Жантас Набиоллаұлы. 

Жолбастаушыға жарымай отыр

Жалпы, еліміздің музейлеріне тән бірқатар проблема бар. Олардың қатарында осы музей қорына арналған орын, жәді­герлер каталогы және гид тапшылығын атап өтуге болады. БҚО-да да бірнеше тілде еркін сөйлейтін гид тапшылығы бай­қа­лады. Музей басшылығы алдағы уақытта арнайы оқытуды да көздеп отыр. Қазіргі музейлердің тағы бір үлкен проб­лемасы – музейге адам тарту. «Телефонға телмірген адамзатты қайтіп музейге шақы­ра­мыз?» деген сауал әр музей жетекшілерін алаңдатары сөзсіз. 

Оралда белгілі саяхатшы, гид Айболат Құрымбаев есімді азамат бар. Қала тарихын жетік меңгерген. Қалаға келетін барлық қонаққа бір өзі гид қызметін атқарып жүреді. Әрі адамдарға танымдық турлар өткізеді. Көп елдің музейін аралап жүрген азамат болғандықтан, біз Айболат мырзадан музей ісін дамыту туралы пікірін сұраған едік. 

– Еліміздегі музейдің көбі Кеңес үкіметі кезіндегі стандартпен жұмыс істейді. Ол деген әбден ескірді. Әр музей тарихында трансформация болу керек, жастарды көбірек музейге тартқан жөн. Музейдің концепциясын қайта қарау керек деп топ­шылаймын. Жақында Египеттегі музей­ді көрдім, орын кең. Бір жәдігерді жан-жақтан айналып жүріп, емін-еркін қарауға мүмкіндік бар. Ал бізде аядай залға толтырып, үйіп қоямыз. Египеттегі музей ішінде кәдесый дүкені бар. Ол жерден музей ішіндегі әр жәдігердің көшірмесін сатып ала аласыз. Сонымен қатар музей ішінен олар кофехана ашып қойған. Бұл да қазіргі замандағы адамдарды музейге тартудың құралы деп білемін. Адамдар емін-еркін музей аралап, әңгіме айтып, кофесін ішіп, тарқасады. Бізге осы дәстүрді енгізсе жақсы болар еді. Мысалы, Америкадғы музейлерде балалар зертханасы деген бөлімдер болады. Ол жерде балаға жәдігерлерді ұстап қарауға рұқсат етіледі. Біздегідей «ұстама, тиме» деген жоқ. Адам музейге сол үшін барады. Бала қолмен ұстап көрмей бір нәрсені түсінуі қиын. Сол үшін балаларға арналған бұрыштарда осы үлгіні енгізу керек деп есептеймін. Ал Украинаның музейінде әр сала мамандарына арналған музей күндері бар. Мысалы, тарих бөлімінде оқитын студенттер үшін тарихи музейлерге кіру тегін. Музей тек жәдігер сақтаушы орын емес. Олар ғылыми экспедицияларға шығу керек, танымдық турлар өткізуі керек деп есептеймін. Бірақ елімізде музейлер қозғал­майтын, жәдігер сақтаушы орын есебінде ғана қабылданып келеді. Қазір музейді жарнамалап, адам тартудың жолы – әлеуметтік желілер, – дейді ол.

Сөз соңында БҚО тарихи-өлкетану музейінің директоры болашақта салынатын музейдің сызбасын дайындағалы жатқанын айтып қалды. Бәлкім, бізге де шынымен музей жанынан шағын кофехана мен кез­десу орындарын ашу керек пе? Әлем қолданып жатқан тәжірибелердің ескерусіз қалып жататыны тағы рас.

Жанат ҚАЙЫРҒОЖИНА,

Батыс Қазақстан облысы