Ол Қазақстан аумағында лицензиясыз жұмыс істеген заңсыз интернет-казино қызметін ұйымдастыруға көмектесті деген күдікке ілінген.
Қазақстанда заңсыз интернет-казиноға қатысы бар блогерге іздеу жарияланды
141
оқылды

Қаржылық мониторинг агенттігі 1998 жылы 23 маусымда туған, andersonchik1 лақап атымен танымал блогер Ювашев Ильяр Салаватовичке мемлекетаралық іздеу жариялады, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Ол Қазақстан аумағында лицензиясыз жұмыс істеген заңсыз интернет-казино қызметін ұйымдастыруға көмектесті деген күдікке ілінген.

Тергеу мәліметтеріне сәйкес, Ювашев 2024–2025 жылдары интернет-казино желісін құру мен басқаруға қатысқан. Аталған ресурстардың қатарында mellstroy.game сайты да бар.

Қаржы операцияларын жасыру және заңдастыру мақсатында 22 жалған заңды тұлға тіркелген. Сонымен қатар POS-терминалдар мен электронды төлем жүйелері пайдаланылған. Осы схемалар арқылы ойыншылардан 3,6 миллиард теңгеден астам қаражат түскені анықталған.

Қаржылық мониторинг агенттігі іздестіріліп жатқан тұлғаның орналасқан жері туралы қандай да бір ақпарат болған жағдайда, Астана қаласы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментіне хабарласуды сұрайды. Ақпарат берген азаматтарға сыйақы қарастырылған және құпиялылық сақталады.

Сонымен қатар ведомство Беларусь азаматы, «Mellstroy» атымен танымал блогер Андрей Буримге қатысты қылмыстық істің жалғасып жатқанын хабарлады. Ол интернет-казиноны жарнамалау үшін түрлі ұтыс ойындары мен челлендждер ұйымдастырған.

Қатысушыларға TikTok, YouTube Shorts және басқа да әлеуметтік желілерде Mellstroy бренді мен казино сілтемелері көрсетілген бейнероликтер түсіру ұсынылған. Қазіргі уақытта Бурим де халықаралық іздеуде.

Мамандардың айтуынша, интернет-казино қызметі қоғамға елеулі зиян келтіреді. Атап айтқанда, азаматтарды, соның ішінде кәмелетке толмағандарды құмар ойындарға тарту, лудоманияның артуы, қаржылық шығындар мен қаражаттың шетелге заңсыз шығарылуы сияқты мәселелерге әкеледі.