Ақтөбе облысында полицей көлігі бұзылып, қиын жағдайға тап болған шетелдік азаматқа көмектесті, - деп хабарлайды Aikyn.kz.
Polisia.kz-тің мәліметінше, оқиға Шалқар қаласында болған. Көші-қон полициясының қызметкері Дастан Ермекбаев қызмет барысында көшелердің бірінде жол жиегінде тоқтап тұрған шетелдік нөмірлі автокөлікті байқаған.
Полицей жүргізушіге жақындап, көмек қажет пе екенін сұраған. Белгілі болғандай, Қытай азаматы Қазақстан аумағында саяхаттап жүрген. Алайда Шалқар қаласында оның көлігі техникалық ақауға ұшырап, қозғалыс кезінде өшіп, жол жиегінде тоқтауға мәжбүр болған.
Полиция қызметкері автокөлікті полиция бөлімі ғимаратының алдына дейін сүйреп апаруды және ақауды жоюға көмектесуді ұсынды. Жедел көрсетілген көмектің арқасында көлік жолдың жүріс бөлігінен шығарылып, басқа жол қозғалысына қатысушыларға кедергі келтірудің алдын алды.
Осылайша шетелдік азамат сапарын жалғастырды. Шетелдік саяхатшы көрсетілген қамқорлық пен дер кезінде берілген көмек үшін полицейге шынайы алғысын білдірді.