Ресей Қазақстан экономикасына салынған инвестициялар көлемі бойынша көшбасшы елдер қатарында. 
Ресейден Қазақстанға салынған тікелей инвестициялар көлемі 28,5 миллиард долларға жетті
90
оқылды

Олжас Бектенов пен Михаил Мишустин ҚР мен РФ арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастықты дамыту мәселелерін талқылады, – деп хабарлайды Aikyn.kz

Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Олжас Бектенов және Қазақстанға жұмыс сапарымен келген Ресей Федерациясы Үкіметінің төрағасы Михаил Мишустин екіжақты келіссөздер жүргізді. Сауда-экономикалық, инвестициялық ынтымақтастық, өнеркәсіп және энергетика, көлік саласындағы жобаларды жүзеге асыру, сондай-ақ экология саласындағы өзара іс-қимыл мәселелері қаралды.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев пен Владимир Владимирович Путиннің бірлескен күш-жігерінің арқасында қазақ-ресей қатынастары өзара іс-қимылдың сапалы жаңа деңгейіне көтерілді. Соңғы жылдары өзара сауда көлемі 30 млрд-тық межеге едәуір жақындады», — деп атап өтті Олжас Бектенов.

Ресей Қазақстан экономикасына салынған инвестициялар көлемі бойынша көшбасшы елдер қатарында. Мәселен, өткен жылдың 9 айында көршімізден $2,1 млрд инвестиция тартылды. Ал 20 жыл ішінде ресейлік тікелей инвестициялар көлемі $28,5 млрд-қа жетті. Қазақстан РФ экономикасына $9 млрд инвестиция салды.

«Сізді және қазақстандықтарды тарихи оқиғамен, жаңа Конституцияларыңыздың қабылдануымен шын жүректен құттықтаймын. Референдум нәтижесі Қазақстан халқының ел Президенті, Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың заманауи әрі өркендеген мемлекет құру, республика азаматтарының әл-ауқатын арттыру бағытын қолдайтынын нақтылай түсті», — деп атап өтті Михаил Мишустин.