Қасым-Жомарт Тоқаев бүгінде мемлекет тарапынан паралимпиада саласына жан-жақты қолдау көрсетіліп жатқанын айтты. 
Президент: Ұлттық паралимпиада құрамасының әр мүшесі Қазақстанның шексіз мүмкіндіктер елі екенін әлемге әйгіледі
110
оқылды

Қасым-Жомарт Тоқаев баршаға тең мүмкіндік беретін Әділетті Қазақстанды құрып жатқанымызды айтты, – деп хабарлайды Aikyn.kz

Жуырда қабылданған жаңа Конституция еліміздің жасампаз әлеуетінің айқын көрінісіне айналды.

– Жұртшылықпен ақылдаса отырып әзірленген жаңа Халық Конституциясы ұлттық рухымыздың қуаты мен ауызбіршілігімізді, толеранттылығымызды паш етеді. Заң мен тәртіп үстемдік ететін, білім, ғылым, мәдениет, технология, табиғатты аялау және спорт құндылықтары дәріптелетін қоғамда өмір сүруге деген ортақ ниетімізді көрсетеді. Тәуелсіздігіміз, егемендігіміз бен мемлекетіміздің аумақтық тұтастығы, азаматтардың құқықтары мен бостандықтары, еңбекқорлық, жауапкершілік, патриотизм, сондай-ақ адами капиталды жан-жақты дамыту сияқты маңызды қағидаттар Ата Заңымызға арқау болды. Сондықтан халқымыз конституциялық реформаны біртұтас қоғам болып жаппай қолдады, әр азаматымыз еліміздің жарқын болашағы үшін дауыс берді. Себебі мән-мазмұны жаңарған Конституция әр адамның дамуына жағдай жасайды. Ата Заңда адам капиталын, яғни, білім, ғылым саласын және инновацияны дамыту елдің стратегиялық бағыты ретінде айқындалды. Ұлт саулығын сақтауға баса мән берілді. Конституциямыздың басты мақсаты – еліміздің Тәуелсіздігін, Егемендігін және жерінің тұтастығын қорғау, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз ету. Енді алдымызда тұрған өзекті мәселе – Конституциямыздың негізгі қағидаттарын елімізде және шетелде кеңінен түсіндіру және дәріптеу. Қазақстан параспортшылары өздерінің тамаша жетістігімен, жарқын жеңісімен мемлекетіміздің мызғымас құндылықтарын нығайтуға мол үлес қосып жүр деп айтсақ артық болмас, – деді Мемлекет басшысы. 

Қасым-Жомарт Тоқаев бүгінде мемлекет тарапынан паралимпиада саласына жан-жақты қолдау көрсетіліп жатқанын айтты. 

– Былтыр елімізде 4 заманауи инклюзивті спорт кешені жұмыс істей бастады. Алдағы уақытта осындай орталықтар әрбір аймақта көбірек ашылуы керек. Біздің демеушілер осы өте маңызды жұмыстан тыс қалмауы қажет деп ойлаймын. Жалпы, мемлекет паралимпиада қозғалысын қолдауға айрықша мән береді, бұл бағытты қаржыландыру көлемі де ұлғайды. Параспортшыларымыздың өжет мінезі мен мұқалмас жігері – көпке үлгі, өскелең ұрпаққа өнеге. Ұлттық паралимпиада құрамасының әр мүшесі Қазақстанның шексіз мүмкіндіктер елі екенін әлемге әйгіледі. Осыған орай, мен сіздерді жоғары мемлекеттік наградамен марапаттау туралы Жарлыққа қол қойдым. Баршаңызға құтты болсын! Амандық, табыс тілеймін! – деді Президент.