Атап айтсақ, Наурыз мерекесіне орай Ұлытау облысының қала-аудандарында ауқымды әрі мазмұнды іс-шаралар ұйымдастырылды. Өңір бойынша барлығы 130 киіз үй тігіліп, мерекелік думанға 100 мыңнан астам тұрғын мен қонақ жиналды.
Ұлытау облысының әкімі Дастан Рыспеков облыс орталығы – Жезқазған қаласындағы Наурыз мерекесіне қатысып, өңір жұртшылығын ұлық мерекемен құттықтап, жылы лебізін білдірді.
– Бүгінде облысымыз жаңару мен өркентеу жолына нық қадам басып отыр. Алдымызда ауқымды міндеттер мен биік мақсаттар тұр. Бірлігіміз бекем, ынтымағымыз мығым, тірлігіміз берекелі болса бағындырмайтын белес, алынбайтын асу жоқ. Осынау жарқын мереке әр шаңыраққа шаттық пен қуаныш, толағай табыс және құт-береке әкелсін, – деді облыс әкімі Д.Рыспеков.

Жезқазғанның орталық көшесіне 20-ға жуық киіз үй тігіліп, ұлттық тағамдар ұсынылып, халқымыздың бай салт-дәстүрлері кеңінен ұлықталды. Ақшаңқан киіз үйлер тігілген мерекелік алаң ұлттық нақышқа бөленіп, қала тұрғындары мен қонақтарына ерекше рухани әсер сыйлады. Мерекелік думанға жергілікті өнерпаздармен қатар, елге танымал әншілер де қатысып, көрермендерге ауқымды концерттік бағдарлама тарту етті. Әсем ән мен күмбірлеген күй көпшіліктің көңілін көтеріп, Ұлыстың ұлы күніне тән шаттық пен қуаныштың шырайын аша түсті. Облыс орталығында Наурыз мейрамына байланысты қалыптасқан бұлжымас дәстүр де бар. Жыл сайын ұлттық құндылықтарды дәріптеу мақсатында түрлі сайыстар мен байқаулар ұйымдастырылып келеді. Биыл бұл игі үрдіс жаңа сипат алып, заманауи технологиямен ұштаса түсті. Яғни, ғасырлар қойнауынан жеткен салт-дәстүрлер жасанды интеллект мүмкіндіктерімен сабақтастырылып, тың форматта насихатталды. Жалпы, «Наурызнама» онкүндігі аясында өңірде 400-ден астам мерекелік іс-шара ұйымдастырылып, қала мен аудан тұрғындарына көтеріңкі көңіл күй мен ұмытылмас әсер сыйлады. Осылайша, Ұлыстың ұлы күні Жезқазған өңірінде ұлттық рухты асқақтатып, ел бірлігін бекемдеген айрықша мерекеге айналды.

Облыс орталығында 30-ға жуық киіз үй бой көтеріп, олардың арасында «Үздік киіз үй» байқауы ұйымдастырылды. Байқау қорытындысы бойынша, бірінші орынды Батыс Жезқазған кенішінің ұжымы иеленді. Екінші орын Мамандандырылған жөндеу-механикалық басқармасына, ал үшінші орын «Жомарт» кенішінің ұжымына бұйырды. Жеңімпаздар мен жүлдегерлер лайықты марапаттарға ие болып, қомақты ақшалай сыйлықтармен марапатталды, барлық қатысушыларға ынталандыру сертификаттары табысталды. Сонымен қатар бірнеше кәсіпорындар да арнайы номинациялармен марапатталып, қатысушыларға ақшалай сертификаттар табысталды. Айта кету керек, этноауылда тігілген киіз үйлердің қатарында жезқазғандық металлургтер тіккен қазақы үй мен Digital Nauryz экспозициясы ерекше қызығушылық тудырды.
Жезқазған қаласының өзінде 40 мыңнан астам тұрғын мен қонақ мерекелік шараларды тамашалап, Ұлыстың ұлы күніне ортақ қуанышпен куә болды. Мереке барысында жиналған қауымға наурыз көже ұсынылып, көпшілік ұлттық тағамдар мен дәстүрлі сусындардан дәм татып, ерекше көңіл күйге бөленді. Ақ дастарқан басында адамдар бір-біріне ақжарма тілектерін айтып, мерекенің шынайы мәні – татулық пен берекені бірге сезінді. Сонымен қатар мекемелер мен кәсіпорындар арасында ұлттық салт-дәстүрлерді дәріптейтін түрлі сайыстар ұйымдастырылып, көпшілікке рухани тағылым сыйлаған мазмұнды шараларға айналды. Бұл байқаулар арқылы қатысушылар халқымыздың бай мәдени мұрасын танытып, көрермендердің зор ықыласына бөленді.

«Биылғы мереке ерекше өтіп жатыр. Этноауылды аралап, бәрін көріп келдім. Халықтың көңіл күйі көтеріңкі, бәрі сабырлы, жүздерінен қуаныш пен шаттық байқалады. Күн де жарқырап тұр, айнала нұрға бөленгендей. Осындай шуақты сәттерде адамның да көңілі ерекше көтеріліп, жүрекке жылылық ұялайды. Жаңа жыл барша халқымызға жақсы жаңалықтарымен келсін. Сол қуанышты сәттерді бірге көріп, қызығын бірге бөлісу баршамызға нәсіп болсын», – деді қала тұрғыны Жанұзақ Кенбаев.
Білекті де жүректі жігіттер қол күресі, арқан тарту секілді ұлттық ойындардан сайысқа түсіп, өзара мықтыларын анықтады. Бағдарлама барысында ұлттық спорт түрлерінен жарыстар ұйымдастырылып, оған кәсіпорын қызметкерлері мен қала тұрғындары белсене қатысты. Жалпы жүлде қоры 3 миллион теңгені құрады. Тартысты өткен бұл сайыстар тек бәсекенің алаңы ғана емес, сонымен бірге бірлік пен ынтымақтың, командалық рухтың айқын көрінісіне айналды.

Тұрғындарды мерекелік іс-шараларға кеңінен тарту мақсатында 20-дан астам заманауи цифрлық шешім іске қосылып, қала мен аудан көшелерінде Наурыздың рухын айшықтайтын 130 тақырыптық киіз үй тігілді. Осылайша, ұлттық нақыштағы мерекелік атмосфера тұрғындарға ерекше қуаныш пен шаттық сыйлады. Мерекелік көңіл күйді арттыруға жергілікті 70 өнер қайраткері өз үлесін қосып, көпшілікке ән мен күйден, ұлттық өнерден шашу шашты. Олардың әсерлі өнер көрсетілімдері қала аумағына орнатылған 60 кең форматты LED-экран арқылы тікелей көрсетіліп, мерекенің көркін еселей түсті. Ұлытау облысында Наурыз мерекесі аясындағы онкүндік шеңберінің қорытындысына сәйкес, тарихи мұраны қазіргі цифрлық өмірмен ұштастыруға ерекше басымдық берілді. Өңірде 100-ден астам мерекелік іс-шара ұйымдастырылып, оларды офлайн форматта 80 мыңнан астам адам тамашалады. Сонымен қатар онлайн аудитория 112 мың қолданушыдан асты, яғни мереке қашықтан да кеңінен қолдау тауып, халыққа ұлттық дәстүрлерді сезіндіруге мүмкіндік берді.
Мерекелік іс-шара келушілерге Тайжан Қалмағамбетов атындағы облыстық филармония өнерпаздары мен Қазақстан эстрадасының танымал жұлдыздары қатысқан әсерлі концерттік бағдарламамен түйінделіп, жиналған жұртшылыққа ерекше көңіл күй сыйлады.
С.БЕГІМБАЙ