Қазақстандық теннисші Жібек Құламбаева Нагпур қаласында өткен ITF W15 сериясындағы турнирдің абсолютті жеңімпазы атанды, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Үндістан корттарында қарсыластарына мүмкіндік бермеген отандасымыз жұптық сындағы жеңісін жекелей турнирдің бас жүлдесімен толықтырды.
Финалда Құламбаева (WTA №419) жергілікті теннисші Сонал Патилмен (WTA №1159) кездесті. Қазақстандық спортшы алғашқы минуттардан бастап ойын тізгінін өз қолына алып, толық басымдық танытты. Нәтижесінде кездесу 6:1, 6:3 есебімен екі сетте сенімді жеңіспен аяқталды.
Нагпурдағы бұл қос жеңіс Жібек үшін ерекше мәнге ие. Себебі бұл – жарақатынан кейін кортқа қайта оралғаннан бергі маусымдағы алғашқы титулдары. Турнир барысында ол жоғары физикалық дайындық пен мықты психологиялық төзімділік көрсетті.
Айта кетейік, 10-11 сәуір күндері Жібек Құламбаева Қазақстан ұлттық құрамасы сапында әлемдік командалық чемпионат – Billie Jean King Cup турнирінің іріктеу кезеңінде өнер көрсетеді. Астанада өтетін кездесуде қазақстандық команда Канада құрамасына қарсы ойнайды.