Ең бастысы, бұл – уағызшысымақ тобыр біздің жас өскін ұрпақты, елдің болашағын улауда.
Ермұрат Бапи: Адамды сыйға тарту – бұл адам сату, адам саудасы санатындағы қылмыс саналуы тиіс!
aikyn.kz
86
оқылды

Бір мандатты округ бойынша сайланған Мәжіліс депутаты Ермұрат Бапи  қоғамға қауіп төндіретін теріс діни ағымдар жөнінде мәселе көтерді, – деп хабарлайды Aikyn.kz

Депутат ҚР Бас прокуроры Берік Асыловқа азаматтық неке жөніндегі заңнаманы бұзып, кей азаматтардың ойына келгенін істеп отырғанын айтты. 

– Бір жағынан азаматтардың жеке мәселесі сияқты көрінсе де, қоғамдық тұрақтылық тұғырын теңселтіп, ұлттық мәдени бірегейлік пен еліміздің ақпараттық қауіпсіздігіне қауіп төндірер қатерлер төңірегіндегі тақырыпты қозғамақпын. Сөз нәзік діни дүниені жалбағай жамылып, елдің интернет әлемінде халықтың санасына манипуляция жасайтын “псевдодіни авторитеттер” турасында болмақ.

Турасын қаймықпай айтқанда, дүмше догманы тықпалаған бұл қарабайыр діндарлар біздің ұлттық ұстанымды ірітіп, мемлекетіміз бен қоғамның тағанын теңселтуде. Соңғы аптада біз бірер осындай даңғаза дабыраның куәсі болдық. Интернет подкастардың бірінде ресми діни құрылымға қатысы жоқ әлдебір “имамсымақ” үш әйелі барын сөз етіп, соңғысын өзінің шәкіртіне “сыйға тартқанын” жайбарақат жария етті.

Бұл мәлімдемені адами моральға жат қылық қана емес, сонымен бірге азаматтық неке жөніндегі заңнаманы көпе-көрнеу бұзу, қазіргі Қазақстандағы дәстүрлі дінді мансұқ ету және оның құндылықтарына қасақана нұқсан келтіру деп түсіну керек. Жалпы, адамды сыйға тарту – бұл адам сату, адам саудасы санатындағы қылмыс саналуы тиіс! Заңды белшесінен басып, ойына келген шариғатын шатып отыратын мұндайларға тосқауыл қойылуы керек!

Адам түгілі, хайуанға жанашырлық танытуды дәріптейтін дін өкілі өз әйелін хайуаннан бетер етіп, ашық сыйға беруі – қоғамдық жазғыруға пара-пар қылмыс саналуы тиіс, – деді Ермұрат Бапи. 

Оның айтуынша, осыны бүкіл елге дәріптеген подкаст иесі журналист Жанар Байсемізова ең құрығанда журналистік этиканы, кәсіби салиқалықты сақтамаған. Керісінше, хайп қуу, ақырында оның өзі әкімшілік жазаға тартылды.

– Осы орайда ұлттық мәселені популизм жолында құрбан етуге құштар журналист әріптестер мен масс-медианың басқа да өкілдерін кәсіби, адами және азаматтық ұстанымға берік болуға шақырамын! Әрбір редакция мен журналистің есінде  болсын: мыңжылдық ұлттық мұратқа қастық жасауға,  кәсіби сананың іріп-шіруіне жол берілмеуі тиіс. Мұндай сандырақтарға жол беру – заңға өрескел қайшы әрекет деп саналуы керек!

Екінші бір керенау көрініс – Наурыз мерекесі ислам дініне жат мейрам деп жариялаған сақалы бар, мұрты жоқ біреудің видео-былжырағы. Әлеуметтік желілерді кезіп кеткен бұл дақпырт табиғатпен тел туатын мерекені жоққа шығару ғана емес, сонымен бірге біздің халықтың ғасырлардан тамыр тартатын салт-дәстүріне, ұлттық мәдениеті мен бірегейлігіне күмән келтірудің кебі. Тақуаның ел ішіне тарап бара жатқан түрпі тілімен айтқанда: Иншаллах, қоғамды шулатқан қос қиқушы әкімшілік жазаға тартылып, оларға айып салынды!

Бірақ құрметті Бас прокурор мырза, елдегі діни негіздегі қоғамдық жарқышақ асқынып кетпесін десек, әкімшілік жазамен ғана ушығып бара жатқан жағдайды ауыздықтау аздық етеді! Әсіресе, әлеуметтік ресурстар арқылы теріс діни насихат пен діни араздықты қоздырушы тұлғаларды қылмыстық жауапкершілікке тартуға мүмкіндік беретін заң нормаларын депутаттар корпусының талқылауына ұсынуды сұраймын.

Түптеп келгенде, ұлттық мұрат пен халықтық мұраға орасан зор залалын тигізетін бұл проблеманың тұңғиығы терең және әлдеқайда қауіпті болмақ. Ең бастысы,  бұл уағызшысымақ тобыр біздің жас өскін ұрпақты, елдің болашағын улауда. Сырттан сіңген теріс діни сойқы уағыз, әсіресе, буыны бекімеген жастардың сарыуыз санасына желімдей жабысып, оларды ұлттық салт-дәстүр дағдысынан айырудың айласын жасауда. Олардың сиқырына алданған, дәстүрлі құндылықтардан қағылу, елдік мүддеден ажырау қатеріне іліккен жастар “жоғалған ұрпаққа” айналуы ғажап емес, – дейді ол. 

Депутат теріс діндар тақуаларға  "егер біздің сан ғасырлық ұлттық дәстүрлеріміз харам болса, Қазақстан мемлекеті сіздерге туған ел емес шығар?! Ұлттық құндылықтарды ғасырдан-ғасырға сақтап қалған қазақтың қасиетті даласы сіздерге атамекен емес болар?! Ендеше, харамы жоқ, сіздер қош көретін елге неге қоныс аударып кетпеске?!" деген сұрағын қойды. 

– Шын мәнінде, біздің бүгінгі қоғам адасу алаяқтығы шылауына шырмалып, “ақпараттық терроризм” деп атауға болатын қиянатты құбылысқа тап болды. Бұны қоғамдық жүйенің құндылықтарын нақақ қирату, түсінік пен түйсікті теріс жолға салу, адамдар санасына маңызы өзгерген мән-мақсатты агрессивті түрде сіңіру құбылысы деп қабылдау қажет!

Іс жүзінде халықтық, қазақтық ұлттық дәстүрлерге қарсы шығу  Қазақстанның конституциялық құрылысына қарсы шығу деген сөз! “Қазақстан  зайырлы мемлекет” деп  Ата Заңда атап көрсетілген қағидатқа діни даңғазамен қарсы шығу  қылмыс! 

Егер біз бұл теріс догмаға бүгін өте қатаң және жүйелік тойтарыс бермесек, ертең тіземізді тістелеп, қапыда қалуымыз әбден мүмкін. Оның күрт кереғар нәтижесі бізге адам айтқысыз ауыр тиері кәдік! Біз қыр арқасы қырқылған, ішкі дүниесі тұлдай, таным-түйсігі быт-шыт болуы шынайы ықтимал қоғамды құтқаруға дәл бүгін кіріспесек, бұл кереғар жағдайды түзеу әрекетінен кеш қаламыз. Кері қайту қиын болады: рубикон тақау қалды!

Себебі, бүгінде әсіресе жастардың сенім-танымы мен қоғамдық көзқарасы дәстүрлі діннің мешіттерінде емес, әлеуметтік желілерде қалыптасуда. Егер бұл ресурстарда ресми институттардың жүйелі, авторитетті және заманауи ұстанымы тапшы болса, бұл бос қалған кеңістікті қарабайыр және қауіпті пропаганда толтырады.

Бүгінде өзінің сандырағын ресми ислам мен шариғаттың нормасына айналдырған, діни білімі кенде, діни статусы күдікті дүмшелер  әлеуметтік желілерде өріп жүр. Олар қоғамды радикалдық ой-әрекетке жетелеп, елдегі мұсылман қауымы арасына іріткі салып, біздің халық ежелден табынатын дәстүрлі исламның діни қағидаларын бұрмалауда. Қазақстан мұсылмандары қауымдастығына  жоғарыда аталған қос дүмшенің дүрбелеңіне қатысты қауымдастықтың дін қайраткерлері мен діни шенеуніктері тарапынан қарсы пікір айтылғанын естімедім. Тіпті,  ресми қауымдастық сырттан сіңген теріс діндарлардан қаймығып, “сен тимесең, мен тимен, бадырақ көздің кебін киген тәрізді. Қарапайым тілде “ДУМК” деп, қысқартылып аталатын қауым өз жұмысын қайта қарауы керек деп есептеймін. Олар цифрлық кеңістікке шығып, ел іші мен онлайн ортадағы діни кикілжіңге дер кезінде реакция жасап, қоғамды зұлым уағыздар қоршауында қалдырмауы тиіс!, –  деді депутат Ермұрат Бапи.