Белгілі режиссер Ақан Сатаевтың бұрынғы жұбайы Нәзира Бақаева әлеуметтік желіде өміріндегі ең ауыр кезеңдердің бірі туралы әсерлі жазба жариялады, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Ол сәбиінен ерте айырылғанын айтып, арада қанша жыл өтсе де жүрегіндегі жара жазылмағанын жеткізді. Айтуынша, қызы Томирис бар болғаны 9 күн ғана өмір сүрген.
«Бүгін менің қызым Томирис 32 жасқа толар еді. Бірақ ол небәрі 9 күн ғана өмір сүрді. Сол күннен кейінгі үнсіздік әлі есімде. Бір рет тыныс алғанын, бір рет жылағанын есту үшін, оны құшағыма алуға бәрін берер едім... Бірақ ондай мүмкіндік болмады», – деп жазды ол.
Жазба авторы сол ауыр кезеңде анасы тірек болғанын, ал аналық сүтінің басқа сәбиді аман алып қалғанын да атап өтті.
Сонымен қатар ол кейінгі өмірінде тағдырдың өзіне тағы бес бала сыйлағанын айтып, ана болудың қадірін ерекше сезінгенін жеткізді.
«Баланың әр сәті – үлкен сый. Құшағыңа алу, алғашқы қадамын көру, күлкісін есту – бәрі де бағасыз», – деді ол.
Жазба соңында ол ата-аналарға үндеу жасап, балаларды бағалауға шақырды.
«Шаршадым деп, ұйқысыз түндер үшін ренжімеңіздер. Өмір қысқа. Балалар – ең қымбат байлық», – деп түйіндеді ол.
Желі қолданушылары бұл жазбаға бейжай қарамай, авторға қолдау білдіріп, жылы пікірлер қалдырды.
