Әр көктем сайын елдің әр қиырындағы қалың халықты әбігерге салатын су тасқыны биыл да ақмолалықтарды қатты алаңдатып отыр.
Бірлік барда бөгет берік
83
оқылды

Күмән себепсіз болмады, өткен жексенбіде Қорғалжын ауданындағы «Шөптікөл» бөгеті жарылып, ауыл халқына қауіп төнді. Десек те, жергілікті билік тасқынға биыл ерте бастан-ақ қамданғанын айта кету керек. Бұл тұрғыда ауыз толтырып айтар істер аз емес.

Әсіресе, еріген қардың суымен әп-сәтте жағасындағы елді мекендерді шайып, жолындағысын жайпап кететін Жа­бай, Қалқұтан, Есіл сияқты өзендердің арнасы қамыс пен қоқыстан тазартылып, табаны тереңдетілген болатын. Елді ме­кен­дерді су шайып кетпес үшін бөгендер нығайтылып, төтенше жағдайға әзір болуы үшін тәулік бойы тынымсыз әзірлікке көш­кен. Алайда көктемгі тасқынға дайын­дығы соңғы кезеңге жеткенде «Шөптікөл» шыдас бермей қалды. 

Атбасар: алдын алу – басты ұстаным

Осыған дейін бірнеше жыл бойы жүз­де­ген үйді жермен-жексен етіп, мил­лиард­та­ған қаражаттың шығындалуына себеп­кер болған Атбасар қаласындағы Жабай өзе­нінің жағалауында біршама жұмыс ат­­­­қарылды. Бұрын ені небәрі 30 метр бол­ған өзен арнасы бүгінде 4 есеге кеңейіп, 120 метрге жеткен. Ал кеше ғана толарсақ­тан аспай, жаяу кешіп өте беретін өзеннің те­реңдігі қазір 5 метрге жетті. Аудан әкі­мі Кенеш Әлімжановтың айтуынша, не­гізгі басымдық – апаттың салдарын жою емес, оның алдын алуға бағытталып отыр.

Аудан әкімдігінің мәліметінше, қала кө­шелерінен қыс бойы 180 мың текше метр­ден астам қар шығарылған. Бұл – су тас­қынының алдын алудағы маңызды қа­дамның бірі. Әкімнің айтуынша, қар шы­ғару жұмыстары тоқтамауға тиіс, өйт­кені бұл көшелердің тез кебуіне және тұр­­­­ғын­дардың жайлы өмір сүруіне тікелей әсер етпек.

Ауданда су тасқынына қарсы күресте бірқатар инженерлік шешім де сәтті жүзеге асыпты. Атап айтқанда, қала маңында үш су өткізу құрылғысы орнатылып, Жақсы ау­данынан келетін еріген қар суын Жабай өзе­ніне бағыттау мүмкіндігі жасалған. Со­ны­мен қатар Тараз қаласындағы Қазақ су шаруашылығы ғылыми-зерттеу институ­ты­ның ұсынысымен екі бірдей жаңа бөгет са­лынған. Олар еріген қар суын Қамысты және Ұзынкөл көлдеріне бұруға арналған.

Аудан әкімінің орынбасары Бегахмет Махметовтың айтуынша, кейінгі 10 жылда дала суы Атбасарға алғаш рет жетіп, көл­дер­дің тайыздануына әсер еткен. Жаңа бө­геттер осы табиғи тепе-теңдікті қалпына келтіруге бағытталған.

Жыл сайын қарғын судың зардабын жиі тартатын аймақта дүлей тас­қын­ның алдын алу мақсатында бөлінген қар­жыландыру да аз емес. Атап айтқанда, жа­ры­лыс жұмыстарына – 50 миллион тең­ге, жанар-жағармайға – 15 миллион, ал алдын алу шараларына 187 миллион теңге бөлініпті. Бұл қаражатқа каналдар тазар­ты­лып, қорғаныс бөгендері нығайтылып, сонымен қатар жаңалары салынған. Ау­данда барлығы 22 су өткізу нысаны орна­тылып, 39 мың қап пен 10 мың тоннадан астам инертті материал дайындалған. Бұ­дан бөлек, 31 жаңа мотопомпа сатып алын­ған. Аудан әкімдігі бұл орайда тиісті қара­жаттың дер кезінде берілуі мәселені жыл­дамырақ шешуге мүмкіндік бергенін атап өтті. 

– Биыл маңызды өзгеріс – барлық құ­рал-жабдықтың ауылдық округтерге ал­дын ала жеткізілуі болды. Бұл төтенше жағ­дай кезінде ең басты қажеттілік, яғни уа­қытты ұтуға мүмкіндік береді. Біздің ау­­­данда 16 елді мекен су басу қаупінде тұр. Бар­лығын қорғау үшін кешенді жұмыс жүр­гізілді, – дейді аудан әкімі Кенеш Әлім­жанов.

Деректерге жүгінсек, Ақан Құрманов атын­дағы ауылда үш метрлік қорғаныс бө­геті тұрғызылып, Қашқар өзенінде жа­ры­лыс жұмыстары жүргізілген. Самарка, Тельман, Бастау, Мариновка ауылдарында да қорғаныс бөгендері тұрғызылған. Со­чинс­кое ауылына кіреберісте арнайы су өт­кізу құрылғысы орнатылып, бұл жыл сайын бірнеше ауылды сыртқы әлеммен бай­ланысын үзіп тастай беретін аса өткір түйт­кілден құтқарған. Сөйтіп, бұрын әр көк­темде қатынас үзілсе, биыл Атбасар – Сочинское көпірінің толық аяқталуы бұл мәселені түбегейлі шешіп отыр.

Астрахан ауданы: үміт пен сақтық қатар

Астрахан ауданының Старый Колутон мен Қы­зылжар аймағында әлі қауіп бар. Кейін­­гі жылдары Старый Колутон ауы­лын­дағы өзенге жақын көшелерді су басу жиі­леп кеткен. Ауыл әкімі Жанатхан Дәу­лет­керейдің айтуынша, биыл жағдай бір­ша­ма тұрақтанады деген үміт бар.

– Бұрнағы жылдары елдің әбден үрейін қа­ш­ырған Қалқұтан өзенінің арнасы кеңей­тіліп, түбіндегі күл-коқыс пен шірі­ген қамыстары тазартылып тереңдетілді. Жағалауға қорғаныс бөгеттері салынды. Қажет болған жағдайда суды өткізу үшін жол уақытша ашылмақ. Сонымен қатар «Қы­зылжұлдыз» бөгеті де қалпына келтірі­ліп, 17 мың текше метр су ұстай алатын дең­гейге жеткізілді, – дейді Жанатхан Дәу­леткерей.

«Көкшетаугидрогеология» акцио­нер­лік қоғамының өкілі Дамир Хайрушевтің айтуынша, кейінгі екі айда өзен арнасы 4 метр­ге дейін кеңейтіліпті. Теміржол көпірі маңындағы аумақ толық тазартылып, су ағынына кедергі келтірген өсімдіктердің шірінділері жойылған. Маңызды істе ауыл тұрғындары да қарап отырған жоқ. Олар құм толтырылған қаптарды дайындауға бел­сене кірісіп кеткен. Халықтың сын са­ға­тында бірлесіп, жұмыла әрекет етуі қауіп төн­ген жағдайда жедел әрекет етуге мүм­кін­дік беретіні сөзсіз.

Жалпы, облыс аумағында жағдай бұ­рын­ғы жылдармен салыстырғанда бірша­ма тұрақталды. Мамандар биыл көктемнің біртіндеп келіп, түнгі суықтың сақталуы қар­дың баяу еруіне ықпал еткенін айтады. Топырақтың тоң қабаты 5-30 см-ге азай­ған. Алдағы күндері негізгі қауіп орманды алқап­тар мен өзен бассейндерінен келетін суға байланысты болмақ. 

Мамандардың болжамынша, Жа­бай өзенінде – 1-6 сәуір, Қалқұ­тан өзенінде – 2-8 сәуір, Есіл өзенінде 9-15 сәуір аралығында су деңгейі көтерілмек. Биыл жарылыс жұмыстарының ауқымы да барынша кеңейтілген. Құзырлы орган­дар мен жергілікті атқарушы органдардың бірлесе әрекет етуінің арқасында 19 өзен мен 94 учаске қамтылған. Бұл былтырмен са­лыстырғанда едәуір көп болып отыр. Мұн­дай шаралар мұз кептелістерін бол­дыр­мауға бағытталған.

Деректерге жүгінсек, қазірдің өзінде Ат­басар ауданындағы бірнеше ауылдар мен Ерейментау өңірінде мұз жару жұ­мыс­тары жүргізілген. Облыс бойынша 1,5 мың адам, 1 мыңға жуық техника, 90-нан астам тәу­лік бойы жұмыс істейтін бақылау бе­кет­тері жұмылдырылған. Сонымен қатар 19 дрон арқылы әуеден бақылау жүргізіліп, «Қазгидромет» болжамдары мен Tasqyn ақпараттық жүйесі қолданылған. Нәти­же­сін­де, биыл 2,8 миллион текше метр қар шы­ғарылып, өткен жылмен салыстырғанда 56 пайызға артық көрсеткішке қол жет­кізіл­ген. 300 мың текше метр су сорылып, 450 шақырым канал тазартылған.

Дегенмен қауіптің беті толығымен қайт­ты деуге де болмайды. Қаншама дайын­дық жүргеніне қарамастан, «Шөптікөлдің» қа­лай шайқай салғанын көрдік. «Тек тас­қын­ның беті осымен қайтсын» деп тілеп отырғанымыз жасырын емес.

Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ, 

Ақмола облысы