Мәжіліс Спикері Ерлан Қошановтың төрағалығымен өткен жалпы отырыста Мәжіліс депутаттары «Психологиялық қызмет туралы» заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдап, «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» заңға енгізілген түзетулерді қабылдады.
Психологтардың қызметі заңмен реттеледі
87
оқылды

Екінші оқылымда «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» заңның жаңа редакциясы және еңбек заңнамасын жетілдіру мәселелері бойынша түзетулер қабылданды. Сонымен қатар Қазақстан мен Түркия арасындағы әскери мүлік пен персоналды екі елдің әуе кеңістігі арқылы транзиттеу туралы келісім ратификацияланды.

«Психологиялық қызмет туралы» заң жобасы Президенттің сайлауалды бағдарламасын іске асыру аясында депутаттардың бастамасымен әзірленген. Оның нормалары салада құқықтық негіз қалыптас­тыруға, психологиялық көмектің қолжетімділігін, сапасы мен қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған.

Құжатты таныстырған Мәжіліс депутаты, бастама авторларының бірі әрі жұмыс тобының жетекшісі Айна Мысырәлімова бұл жай ғана заң жобасы емес, ең алдымен, қоғамның қауіпсіздік пен сапаға деген сұранысына жауап екенін атап өтті.

– Соңғы жылдары Қазақстанда бұл қызмет түріне сұраныс айтарлықтай артты. Алайда психологиялық қызмет нарығы әлі күнге дейін реттелмеген күйде қалып отыр. Ал мұның салдары абстрактілі емес, ол – нақты адамдардың тағдыры. Психологиялық көмек – осал күйдегі  адаммен жұмыс, сондықтан ол құқықтық алаңнан тыс қалмауға тиіс, – деді депутат.

Айна Мысырәлімованың айтуынша, алғаш рет заңнамалық деңгейде психологтардың кім екені және психологиялық қызметпен кім айналыса алатыны нақты айқындалады. Депутаттар психологтардың кәсіби біліктілігі мен біліміне қойылатын талаптарды белгіледі, сондай-ақ кәсіби құпияны қорғау, этикалық нормаларды сақтау және манипуляциялық әдістерді қолдануға тыйым салу қағидаттарын бекітті.

Заң жобасында психологтардың және қызмет алушылардың құқықтары мен міндеттері айқындалған. Сонымен қатар қызмет сапасын арттыру үшін стандарттау, кәсіби жауапкершілікті дамыту шаралары қарастырылып, психологиялық қызметтің нысандары мен әдістері енгізіледі.

Айна Мысырәлімова қоғам сенімін арттыру және ашықтықты қамтамасыз ету мақсатымен қызмет көрсететін барлық психологтарды мемлекеттік тізі­лімге міндетті түрде тіркеуді ұсынды. Бұл қызмет нарығын реттеп, тиісті біліктілігі жоқ тұлғалардың қызметіне жол бермеу үшін қажет. 

Сонымен қатар заң жобасында психологиялық және медициналық қызметтің аражігі айқын ажыра­тылады, ал бұл қолданыстағы құқықтық олқылықтарды жояды.

Талқылау барысында депутаттар баяндамашы мен уәкілетті органдар өкілдеріне психологиялық қызметпен айналысуға қойылатын және мамандардың біліміне қатысты талаптар, психологиялық қызмет пен коучинг арасындағы айырмашылық, сондай-ақ қызмет нарығын реттеу тетіктері мен жауапкершілік мәселелері бойынша сұрақтар қойды.

Жиын қорытындысы бойынша заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды. Бұл бағыттағы жұмыс пси­хологтардың, ғалымдардың, сарапшылардың және тиісті мемлекеттік органдардың қатысуымен жұмыс тобының отырыстарында жалғасады.

Бұдан кейін депутаттар «Жануарларға жауапкер­шілікпен қарау туралы» заңға енгізілетін түзетулерді қабылдады. 

Ұсынылған нормаларды әріптестеріне Мәжілістің Экология мәселелері және табиғат пайдалану комитетінің төрағасы, құжатты әзірлеушілердің бірі Еділ Жаңбыршин таныстырды.

– 2021 жылы «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» заң қабылданды. Заң қабылданған кезде бұл әдіс заманауи, гуманистік, өркениетті тәсіл ретінде ұсынылды. Бірақ біз заңды ниетпен емес, нәтижемен бағалауымыз керек. Ал нәтиже, өкінішке қарай, анық: бұралқы иттердің саны азайған жоқ, керісінше өсті. Бұл заң жобасы эмоциялық емес, жүйелі қайта қа­рауды ұсынады. Ол жануарларға қарсы бағытталмаған. Ол бүгінгі проблеманы туындатқан құқықтық бейберекетсіздікке, жауапсыздыққа, басқарушылық дәрменсіздікке қарсы бағытталған, – деді депутат.

Оның мәліметінше, 2022 жылы шамамен 243 мың иесіз ит ауланса, биылғы жылдың басында олардың саны 276 мыңнан асқан. Ал соңғы бір жылда иттердің шабуылынан шамамен 41 мың адам зардап шеккен, олардың жартысынан көбі қараусыз иттердің кесірінен болған.

Еділ Жаңбыршиннің айтуынша, ең негізгі түзетуі – бұралқы иттерге қатысты оларды қайтадан ортаға қайтару моделінен қайтарымсыз аулау моделіне көшу. Қолданыстағы жүйе қоғамдық қауіпсіздік тұрғысынан тиімсіз, себебі мемлекет ықтимал қауіпті қайтадан қоғамның ортасына, сол азаматтар шағымданып отырған ортаға қайта жібереді.  

Ал қараусыз мысықтарға қатысты қайтару моделі сақталады. Заң жобасы авторының айтуынша, бұл тәсіл аталған құжаттың жаппай қатаңдату қағидатына негізделмегенін, керісінше мінез-құлық қатерлерінің айырмашылығына, санитариялық қауіп деңгейіне және адамға төнетін нақты қатер деңгейіне негіз­делгенін көрсетеді.

Бұдан бөлек, ауланған жануарларды міндетті түрде ұстау мерзімі енгізіледі. Қаңғыбас жануарлар үшін уақытша ұстаудың ең төменгі мерзімі кемінде 5 күнді құрайды, бұл ретте мәслихаттарға өзге мерзімді, оның ішінде ұзағырақ мерзімдерді белгілеу құқығы беріледі. Ал қараусыз жүрген жануарлар үшін, яғни иесі болуы мүмкін жануарларға 60 күндік ұстау мерзімі қарас­тырылады.

Сол сияқты иттер мен мысықтарды міндетті түрде чиптеу тәртібі енгізіледі. Бұл олардың иесін анықтауға, жануарларды қараусыз қалдыруға жол бермеуге және есепке алу жүйесін қалыптастыруға мүмкіндік береді. Сонымен бірге жануар иелерінің жауапкершілігі кү­шейтіледі. Айталық, егер жануар адамның денсау­лығына, басқа жануарларға немесе мүлікке зиян келтірсе, келтірілген залал міндетті түрде өтелуге тиіс. Адам денсаулығына ауыр немесе орташа зиян келген жағдайда жануарға тиісті тәртіп бойынша эвтаназия қолдану көзделген.

Бұған қоса, республикалық маңызы бар қала­лардың, елорданың, аудандар мен облыстық маңызы бар қалалардың әкімдіктеріне азаматтардың қауіп­сіздігі мен қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету мақсатымен жануарлардың агрессиясын жедел жою бойынша шұғыл шараларды ұйымдастыру құзыреті беріледі. Ал уәкілетті органға ұстауға, көбейтуге және айналымға тыйым салынған немесе шектелген жануарлар тізбесін бекіту өкілеттігі беріледі.

Қосымша баяндама жасаған Мәжіліс депутаты, жұмыс тобының жетекшісі Ерболат Сатыбалды жаңа нормаларды талқылау бір маңызды ақиқатты көрсет­кенін атап өтті. Бұл заң тек жануарлар туралы емес, қоғамдағы тәртіп, жауапкершілік, қауіпсіздік және ізгілік мәселесіне бағытталады. Жануарларға қатысты қатыгездікке жол бермеу қағидатын сақтай отырып, түзетулер бір мезгілде азаматтардың қауіпсіздігін қам­тама­сыз етуге, жергілікті басқарудың тиімділігін арт­тыруға және нақты құқықтық тәртіп орнатуға ба­ғытталған.

Баяндамаларды тыңдаған депутаттар баяндама­шыға және жауапты мемлекеттік органдардың өкілдеріне иесіз және қараусыз жануарлардың санын реттеу үшін қолданылған «аулау, стерильдеу, вакцинация, қайтару» әдісінің не себепті тиімсіз деп танылғаны жөнінде сұрақтар қойды. Сонымен қатар депутаттар қайтарымсыз аулау нормасын іс жүзіне асыруға, жануарларға қатыгездік жасағаны үшін қолданыстағы жауапкершілік шараларының жет­кіліктілік деңгейіне және жауапкершілікті күшейтудің қажеттілігіне және басқаларына қатысты мәселелерді көтерді. Бұдан бөлек, үй жануарлары иелерінің есепке қоюдан жалтаруы мәселесі шешіле ме деген сұраққа да ерекше назар аударылды.

Жалпы отырыс барысында депутаттар Қазақстан мен Түркия үкіметтері арасындағы екі елдің әуе кеңістігі арқылы әскери мүлік пен персоналды транзиттеу туралы келісімді де ратификациялады. Аталған құжатты Қорғаныс министрінің орынбасары Асқар Мұстабеков таныстырды. Құжатқа сәйкес, транзит алдын ала келісілген маршруттар бойынша және ұлттық заңнама талаптарын қатаң сақтай отырып жүзеге асырылады. Сондай-ақ онда төтенше жағдайлар кезіндегі әрекет ету тәртібі қарастырылған.

Мәжіліс депутаты, жұмыс тобының жетекшісі Олжас Құспековтің айтуынша, бұл келісім Қазақ­станның өңірлік және халықаралық ұйымдар аясында атқаратын міндеттемелеріне сәйкес келеді. Құжат екі тарап үшін де қауіпсіздік пен бақылау тетіктерін қамтамасыз етеді. Осылайша, ұлттық қауіпсіздікке нұқсан келтірмеу қағидаты толық сақталады.

Мәжіліс «Қазақстан Республикасының мемлекет­тік қызметі туралы» заңды жаңа редакцияда қабылдады. Жұмыс тобының жетекшісі, депутат Марат Башимов­тың мәліметінше, енгізілген өзгерістер мемлекеттік қызмет көрсету сапасын жүйелі түрде арттыруға және клиентке бағдарланған тәсілді енгізуге бағытталған. Сонымен қатар мемлекеттік қызметшілерге қойы­латын патриотизм, кәсібилік, ашықтық, әдептілік, мінсіз бедел және құқықбұзушылықтарға төзбеушілік сынды талаптар айқындалып отыр.

Сондай-ақ осы құжат арқылы мемлекеттік аппа­ратты кәсібилендіру көзделген. Бұл мақсатта мемлекеттік қызметке даярлау институты енгізіледі. HR процестерді цифрландыру үшін кадрларды іріктеу «Е-қызмет» ақпараттық жүйесі арқылы толық цифрлық форматта жүзеге асырылады.

Жаңартылған заңда мемлекеттік қызметтің тартымдылығын арттыруға, білікті кадрларды тартуға және оларды ұстап қалуға бағытталған нормалар көзделген. Сонымен қатар мемлекеттік қызмет­шілердің құқықтық кепілдіктері жетілдіріліп, тәртіптік жауапкершілікке қатысты икемді тәсілдер мен негіздер айқындалады. Мемлекеттік қызметшілер кәсіби қызметіне заңсыз араласудан, негізсіз айып­таулардан және басқа да құқыққа қайшы әрекеттерден қорғалуы қамтамасыз етіледі. 

Сондай-ақ мемлекеттік қызметтің беделіне нұқсан келтіретін теріс қылықтар заңнамалық деңгейде айқындалады, оның ішінде қызметтік міндеттерін орындауға қатысы жоқ әрекеттер де қамтылады. Олардың қатарында есірткілік және психотроптық заттарды медициналық емес мақсатта пайдалану, сондай-ақ алкогольдік, есірткілік немесе уытқұмарлық мас күйінде көлік құралын басқару бар. Бұдан өзге де нормалар көзделген.

Екінші оқылымда еңбек заңнамасын жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы депутаттық заң да қабылданды. Жұмыс тобының жетекшісі, Мәжіліс депутаты Құдайберген Бексұлтановтың айтуынша, түзетулер қызметкерлердің еңбек құқықтарын қорғау кепілдіктерін күшейтуге және жекелеген рәсімдерді жетілдіруге бағытталған. Атап айтқанда, еңбек саласында ар-намыс пен қадір-қасиетті қорғау нормалары бекітіледі. Уақытша еңбекке жарамсыздық немесе әлеуметтік демалыс кезеңімен сәйкес келген жағдайда соңғы жұмыс күнін айқындау тәртібі нақтыланады. Сонымен қатар жұмыс берушінің еңбек жағдайлары өзгергені туралы қызметкерді жазбаша түрде хабардар ету міндеті енгізіледі. Бұған қоса, қызметкердің бастамасы бойынша еңбек шартын бұзу тәртібі де реттеледі.

Мемлекеттік еңбек инспекторлары үшін еңбек қатынастары, еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау салаларында біліктілікті тұрақты арттыру міндеті енгізіледі. Сонымен қатар еңбекті қорғау жөніндегі техникалық инспекторлардың құқықтары бекітіледі. Түзетулердің жеке блогы әлеуметтік әріптестікті дамытуға бағытталған.

Екінші оқылымға дейін депутаттар медициналық ұйымдарды қызметкерлерді цифрлық технологиялар арқылы скринингтік тексерулерден өту қажеттігі туралы хабардар етуге және осындай тексеруден өтуге тиіс азаматтар туралы мәліметтерді жұмыс берушілерге жолдауға міндеттейтін нормаларды енгізді. Өз ке­зегінде, жұмыс берушілер қызметкерлерді скринингтен өтуге жіберуді қамтамасыз етуге тиіс.

Сонымен қатар Мәжілістің Аграрлық мәселелер комитеті ветеринария мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы жаңа заң жобасын жұмысқа қабылдады.

Жалпы отырыс соңында депутаттар өзекті әлеу­меттік және экономикалық мәселелер бойынша мемлекеттік органдарға 10 депутаттық сауал жолдады. Олардың барлығы Мәжілістің ресми сайтында және Telegram-арнасында жарияланған.

М.ТӨЛЕУ