Тамшыдағы тағдыр: донорлық дәуірі қайтсе түлейді?

Қан – тіршіліктің түп қазығы, өмірдің өзегі. «Қанын бөліскен – денсаулығын бөліседі»: қан орталығының бірінің қабырғасындағы жарқағазда осындай асқақ ұран мен көркем иллюстрация менмұндалайды.

Алайда денсаулығын қоғам игілігіне бөліп берген осы адамдарға мемлекет тарапынан қолдау кемшін. Бұл туралы депутаттар айтып отыр. Олардың сұрауымен Үкімет биыл донорларға төленетін ақыны арттыруға келісіп еді. Енді бас қаржыгер қаржы жоқ деп, қол қусырды. Бұл саланы мемлекет сонда қалай қолдамақ?

Тәндегі жара, жандағы жарық

Бір адамның тамырынан жылыстап, екінші бір жанның суала бастаған ғұмырына нәр беретін осынау киелі сұйықтықтың қадірі қашқандай. Бұл са­ладағы қазіргі шынайы көрініс әл­де­қайда көмескі. Құқық қорғау саласының ардагері Сәбит Мұқашұлы – өзгенің ғұмырына нұр сыйлайтын, елге еңбегі сіңірген донор. Оның суала бастаған тамырлары жылдар бойы жат жандардың ғұмырын жалғау үшін төгілген там­шы­ларының шежіресі іспетті. Оның до­норлық жолы әскер қатарында жүргенде басталған екен.

«Ауыл баласымыз ғой, біздің түсі­нігімізде ине мен шприц тек төсек тартып жатып қалған ауыр науқастың еншісі болатын. Сондықтан ба екен, бала кезден ине көрсем, зәрем ұшып, жаным мұр­нымның ұшына келетін, – деп жымиды Сәбит аға өткен күннің елесіне шомып. – Отан алдындағы борышымды өтеп жүрген кез. Бірде сарбаздарды сапқа тұр­ғызып, қан орталығына алып барды. Сұсты, суық ғимараттың табалдырығын аттағанда, жүрек атқақтап, буын-буыным дірілдей жөнелді. Инені тәніңе тығып, біраз уақыт отырғызып қояды екен». 

Алайда, тағдыр оны ақ халатты абзал жан Бимаржан есімді мейірбикемен жолықтырды. «Қалшылдап тұрған сол­датты көргенде, ол кісі жұрт көзінше келемеждеп күлген жоқ. Керісінше, алды­мен, кішкентай бала сияқты маған аналық мейіріммен қарап, асықпай әңгімелесті. Қан тапсырудың адам ағза­сына қаншалықты шипалы екенін, та­­мырдағы қанның жаңаруы денсау­лықтың кепілі екенін майын тамыза, тәп­тіштеп түсіндіріп берді. Бимаржан апай­дың жылы сөзі мен жеңіл қолы бала кезден бойды буған үрей-фобияны сылып тастағандай бір сәтте арылтты», – деп еске алады ағасы.

Жүрегіне батылдықтың дәнін еккен Бимаржан апайғашексіз құрметтің белгісі ретінде Сәбит Мұқашұлы әскерден кейін де донорлық жолын үзбей, өзге­лердің өміріне араша болуды азаматтық парызы санап келеді. Ол енді донорларға да «волонтер» атағы берілсе екен дейді. 

– Кеңес кезінде «Құрметті донор» атағын беретін. Қазір ол жоқ көрінеді. Содан қоғамға сіңірген көп жылғы еңбегімді ұрпағына өнеге ретінде рәсімдеп қалдырайын деп, Қазақстан волонтері мәртебесі мен куәлігін алуды ойластыр­дым. Ол үшін QazVolunteer.kz платфор­масына тіркелу керек. Анкета толтыру үшін қай жерде қанша сағат ерікті ретінде жұмыс істегеніңді, қандай жобаны жүзеге асырғаныңды көрсетіп, растауың қажет. Менің жобам қанға зәру жандарды құтқарғаным ғой. Біраз жерге бардым, донор – ерікті емес дейді. Мен қанымды ерікті түрде бердім емес пе, қалай ерікті емеспін?! – дейді С.Мұқашұлы. 

Донор белсенділер елде әлеуметтік кепілдіктің аздығына шағымданады. Біріншіден, кезіндегі тегін шипажайлар мен жеңілдіктердің орнын бүгінде тек біркүндік демалыс пен асханада бір түстенуге жетпейтін шай-пұл ғана басқан. Екіншіден, медициналық бақылаудың әлсіздігі. Қан тапсыру қарсаңында тапсырушы адам өз емханасында толыққанды тексеруден өтуге тиіс. Алайда әсіресе, өңірлерде емханалар бұған жүрдім-бардым, салғырт қарайтын көрінеді. Донордың өзі жалынып, әр жерге жүгіруге мәжбүр.

Үшіншіден, жарты литрге (485 мл) дейін құнды қанын құтысына құйып берген донордың денсаулығы ең кемі 45 күн өткеннен кейін ғана қалпына келеді. Дамыған елдердегі сияқты оларды ұзақмерзімді әрі тегін оңалту мен тексеруден өткізу жүйесі Қазақстанда толық қалыптаспаған. Қан тапсырушылар қоғамдық беделінің кейінгі жылдары қатты түсіп кеткеніне алаңдайды. До­норлықты ізгілік емес, тек мұқтаждық ретінде көретін стереотиптер басым.

Сәбит сияқты азаматтар үшін донор болу – бірінші кезекте, атақ емес, ар ісі. Бірақ мемлекет пен қоғам бұл ерлікті ескерусіз қалдырса, ертең қанға зәру жанға кім көмек қолын созады? Адам жанына араша түсуді азаматтық парыз санаған тұлғалардың рухани биіктігі мен парасаты лайықты еленсе, жан-жақты насихатталса жөн.

Қаржы тапшы, құрмет ше?

Ресми мәлімет бойынша, жыл сайын Қазақстанда 180 мыңнан астам азамат қан тапсырады. Олар қаны мен оның компоненттерін 250 мыңнан астам рет ұсынады. Жыл сайын 80 мыңнан астам сырқатқа қан құйылады. Көбісі үшін бұл аман қалудың жалғыз жолы.

Соған қарамастан, осы құтқарушы­ларды құрғақ уәдемен алдаусыратып, жанын жабырқатуды шенеуніктер әдетке айналдырып алғандай. Денсаулық сақтау министрлігі мен Үкімет биылғы жыл басында қан және оның құрауыштарын тапсырушыларға берілетін төлемдерді көбейту жоспарланып отырғанын Парламентке хабарлаған-тын. Премьер-министр Олжас Бектенов депутаттарға Қазақстандағы қан донорлығы жүйесін дамыту жоспарлары туралы айтты. Ол бүгінде елде қазіргі заманғы қауіпсіздік пен сапа талаптарына сәйкес келетін қан қызметінің орталықтандырылған және стандартталған моделі қалыптас­қанына екпін түсірді. 

Республикада қан қызметінің 19 ұйы­мы жұмыс істейді: 2 республикалық, 15 облыстық, 2 қалалық. Қан компонент­терінің сапасын және қауіпсіз қолданы­луын қамтамасыз ету үшін донор қанын екі кезеңдік скринингтен өткізу, оның компоненттерін өңдеудің заманауи әдістері енгізілгені, инфекциялық және иммунологиялық қауіпсіздікті бақылау күшейтілгені тілге тиек етілді.

Үкімет басшысы «2026-2028 жылдарға арналған бюджетті қалыптастыру шең­берінде донорларға берілетін тегін та­мақтың ақшалай баламасының мөлшерін арттыру мәселесі пысықталып жатқанын» мәлімдеді. Сондай-ақ Премьер-министр «Құрметті донор» ведомстволық награ­да­сын қайта қалпына келтіру мақсатында төсбелгінің эскизі әзірленгенін, нор­ма­тив­тік-құқықтық актілерге тиісті өзгер­тулер жобалары дайындалғанын айтты.

Депутаттар сол пысықтаудың соңы донорларға төленетін қаражаттың арту­ына ұласады деп қуанған. Алайда Қаржы министрі Мади Такиев қалаулылардың көңілін су сепкендей басып тастады. Өйткені бюджеттің орасан зор тапшы­лығына орай, керісінше, шығыстарды қысқарту қолға алыныпты. 

– Республикалық және жергілікті бюджеттердің шығыстарын оңтайландыру мақсатында 2028 жылғы 31 желтоқсанға дейін республикалық және жергілікті бюджеттердің шығыстарын жоспарлау кезінде әлеуметтік саладағы жаңа бас­тамаларға бюджет қаражатын бөлуге мораторий енгізілгенін атап өтеміз. Осы­ған байланысты, Қаржы министрлігі Денсауминге мүдделі мемлекеттік орган­дармен бірлесіп қан донорларын көтер­мелеудің ақшалай емес және материалдық емес шараларын қарасты­руды ұсынды, – деді министр М.Тәкиев.

Оның ақпараты бойынша 2026-2028 жылдарға арналған республикалық бюджетте  Денсаулық сақтау ТМККК шеңберінде қан донорларына 0,25 АЕК мөлшерінде ақшалай өтемақыға 809,8 млн теңге сомасында ғана шығыстар көзделген. Оны жылдарға бөлгенде, 2026 жылы – 257,8 млн теңге, 2027 жылы – 274,2 млн теңге, 2028 жыл – 277,8 млн теңге шығады. Әрбір донорға қан тапсырғаны үшін биыл 1 081 теңгеден төленеді және бұл сома әл-әзір көтерілмейді. 

Адам өмірінің құны қанша?

Бұл хабарға парламентшілер кәдімгідей налыды. Қан тапшы болғанда, адам таппай, өңірлерде ақ халаттылардың өздері амалсыз қан тапсыруға мәжбүр болады екен. Бұл қағидаларға қайшы. Туысқаны ауыр халде ауруханаға түскен адамдардан әлеуметтік желі, мессенд­жерлер арқылы донорларды өз бетінше тауып әкелуді сұрайтын жағдайлар да болған. Мәжіліс депутаты Қарақат Әбден қазіргі заманғы медицина донорсыз жұмыс істей алмайтынын айтады.

– Донорлық – бұл жай ғана мейір­імділік актісі емес. Бұл – жедел жәрдем, реанимация сияқты өте маңызды мем­лекеттік тіршілікті қамтамасыз ету ресур­сы. Денсаулық сақтау министрлігі болса, жыл сайын жаңа ауруханаларды ашып, хирургиялық, травматологиялық төсек-орын санын арттырып жатыр. Жасалатын оталардың саны да көбейгені туралы есеп береді. Енді оның бәрін қалай қанмен қамтамасыз етпек? Трансфузиологтардың мәліметінше, 2024 жылы халықтың тек 1,2%-ы ғана донор болған, бұл шамамен 215 мың адам ғана, – деді депутат. 

Қалай болғанда, дәрігерлер жыл сайын қан тапсыруға ниет білдірушілер санының азайғанын тіркеп жатыр. Депутаттардың пайымдауынша, бұл – қауіпті белгі. Өйткені қанды сатып алуға, импорттауға немесе зертханада өндіруге болмайды. Оны тек адамнан алуға болады, ол тек адамның жүрегі мен мейірімінен бастау алады.

Бүгінде донорға берілетін ақшалай өтемақы – 0,25 АЕК. Бұл мөлшер осыдан 20 жыл бұрын белгіленген және бірде-бір рет қайта қаралмаған. Ал Қазақ тағамтану академиясының ұсынымдарына сәйкес, қан тапсырған күні донор кемінде 4 700 килокалория алуға тиіс. Мұндай рационның нақты құны – 5 мың теңгеден астам, яғни 1,25 АЕК.

Донорлықтан қаржы үнемдеу – ұлт денсаулығының тамырына балта шабумен тең емес пе? Мемлекет тарапынан қол­дау­дың жеткіліксіздігі донорлықтың беделін түсіріп, адамдардың қызы­ғушылығын азайтты. Сондықтан донор­ларды материалдық әрі моральдық тұр­ғы­да қолдау – адам өмірін сақтаудың кепілі әрі қоғамның ізгілігін арттырудың маңызды бір шарты.

Елдос СЕНБАЙ