Бұл басқосу табиғат тағдырын талқылаумен шектелмей, су қауіпсіздігін ұлт болашағының өзегі ретінде қайта пайымдайтын бірегей алаң болмақ. Демек, саммит – жаңа Ата заңда бекітілген стратегиялық саясат пен табиғат тоғысқан тұстағы жаңа бетбұрыстың бастауы.
Су қауіпсіздігі – стратегиялық міндет
Алдағы аптада, 22-24 сәуір аралығында Қазақстан экологиялық дипломатияның орталығына айналады. Астана төрінде Өңірлік экологиялық саммит (RES 2026) өтеді. Оған мемлекеттер басшылары, халықаралық ұйымдар, бизнес пен ғылым өкілдерінен 1500-дей делегат қатысады деп жоспарланған. RES 2026-ны БҰҰ-мен әріптестікте өткізу ұсынысын Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2023 жылы БҰҰ Бас Ассамблеясының 78-сессиясында жариялаған-тын.
Нақты іске ұласқалы тұрған бұл бастама – Қазақстанның экологиялық мәселелердегі көшбасшылық жауапкершілігінің көрінісі. Бұл алқалы жиынның өзегі ретінде өзге экологиялық проблемалар сыртында, маңызды қор саналатын жерасты суларын ұтымды игеру мәселесі қаузалады деп күтіледі. Климаттың жаһандық жылынуы, трансшекаралық өзендерге тәуелділік және су қорларының жедел азаюы жағдайында Қазақстан үшін су мәселесі ұлттық қауіпсіздіктің басты факторына айналып отыр. Жер астындағы жасырын дариялар сыртқы факторларға тәуелділікті азайтатын, ең қиын-қыстау кезеңде елге демеу болар стратегиялық резерв.
Бұл мәселеге кейінгі Жолдауында Мемлекет басшысы да баса назар аударды. Ол судың стратегиялық маңызы бар ресурс екеніне, сусыз өмір жоғына назар аудартты. Сондықтан бұл сала ұлттық цифрлық жаңғыру жұмысындағы басты бағыттың бірі болуға тиіс.
– Су ресурстарының бірыңғай цифрлық платформасын жасау керек. Платформада жасанды интеллект негізінде жерүсті және жерасты сулары туралы мәлімет жинақталады. Жоба іске қосылғанда гидрогеология мониторингі, яғни бақылау жұмысына қатысты мәселе толық шешімін табады. Осы жұмыс Ұлттық су теңгерімін қалыптастыру ісімен қатар жүргізілуге тиіс. Бұл – ұзақ мерзімге арналған су саясатын жоспарлаудың аса маңызды тәсілі. Онсыз бұл салаға тиісті бақылау орнатып, инвестиция тарту мүмкін емес, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Су ресурстары және ирригация министрлігі Президенттің бұл тапсырмасы орындалғанын мәлімдеді. Оның дерегіне жүгінсек, «Су ресурстарының ұлттық ақпараттық жүйесі» (СРҰАЖ) әзірге пилоттық режимде жұмыс істеп тұр: 12 модулінің 8-і іске қосылды. 11 мемлекеттік дерекқормен кіріктірілді. Жүйеге 2 430 ұйым қосылған, 3 500-ден аса белсенді пайдаланушы тіркелген. Жүйе қатысушыларын басқару бір орталықтан жүзеге асырылады.
«СРҰАЖ су шаруашылығы инфрақұрылымы мен ресурстары бойынша біртұтас цифрлық деректер базасын қалыптастырады. Атап айтқанда, нысандарды цифрлық паспорттау, жерасты суын есепке алу, су объектілерінің жай-күйі үшін жауапкершіліктің ашық жүйесі құрылады. Картографиялық модуль негізінде су нысандарының цифрлық деректер базасы жасалып, жүйеге 17 307 өзен, 3 148 көл және 1009 гидротехникалық құрылыс енгізілді», – деп хабарлады министрлік.
Бұлақ көрсең тізімге ал
Жалпы, Ұлттық гидрогеологиялық қызмет жыл басында жерүсті және жерасты суы туралы барлық мәліметті қамтитын бірыңғай ақпараттық жүйені «Water Base» деген атпен құрған болатын. ҰГҚ оны орнату және пилоттық режимде іске қосу жұмыстарын аяқтады. Ары қарай жүйені жергілікті жағдайға бейімдеу және оны Су ресурстарының ұлттық ақпараттық жүйесімен интеграциялау жұмыстары жүргізіледі.
Су ресурстары және ирригация вице-министрі Талғат Момышевтің түсіндіруінше, жүйе жерасты суының жағдайын бақылауға, су ресурстарының тізімін қалыптастыруға, карталар арқылы көрнекі түрде көрсетуге, талдамалық ақпарат дайындауға, қашықтағы көздерден, соның ішінде бақылау датчиктерінен жедел мәлімет алуға, сондай-ақ басқа ұйымдармен және ведомствоға қарайтын мекемелермен ақпарат алмасуға мүмкіндік береді.
Оның айтуынша, бұл істе шетелдік әріптестер көмекке келіп отыр. Германияның халықаралық ынтымақтастық қоғамының (GIZ) қолдауымен Ұлттық гидрогеологиялық қызметтің Ахуалдық-талдамалық орталығын заманауи құрал-жабдықтармен жабдықтау жобасы қатар жүзеге асырылып жатыр.
Қазақстандағы ірі өзен-дариялардың бәрі дерлік өзге елдерден – Өзбекстаннан, Қырғызстаннан, Қытайдан және Ресейден бастау алады. Бұл елдер, әсіресе ҚХР көбірек электр қуатын алу үшін өзен бастауын белсенді түрде бөгендермен буып жатыр. Салдарынан, төменге қарай жіберілетін су көлемі жыл сайын азайып келеді. Бұған қоса, кейінгі жылдары өзендердің басты бір қоректендіруші қайнары – Орталық Азия елдеріндегі мұздықтар қарқынды түрде еріп, кеміп барады. Мұның бәрі, БҰҰ болжамынша, аймақта, әсіресе төменде отырған Қазақстанда судың алапат тапшылығын туғызуы мүмкін.
Сарапшылар болашақта Қазақстанға өзінің жергілікті су ресурстарына сүйеніп, соған қанағат етуіне тура келуі ықтималдылығын да жоққа шығармайды. Сол себепті, биыл Үкімет оңтүстік өңірлердегі біраз ауданда күріш егуге тыйым салды. Мақтаны тек су үнемдегіш технологияны қолданатын кәсіпорындардың өсіруіне рұқсат етілді. Суды көбірек талап ететіндіктен, бидай өсірілетін егіс алқаптары да қарқынды қысқартылып жатыр.
Осы орайда «Қазгидрогеология» ұлттық гидрогеологиялық қызметі жүздеген бұлақты анықтады. Яғни, бұл аумақтарда жерасты суларын өндіру жеңілдейді. Бұл қызмет бүгінде ел аумағындағы барлық бұлақты түгендеу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Алдын ала деректерге сәйкес, бүгінде 711 әлеуетті бұлақ анықталды.
Сонымен қатар қор және архив материалдары негізінде ел аумағындағы 2 772 бұлақты қамтитын карта жасалған. Олардың көзін ашу қажет. Салаға жауапты мамандар бұл бұлақтардың «су ресурстары тапшылығы жағдайында қосымша су көзі ретінде қарастырылатынын» мәлімдеді.

«Қазгидрогеология» ұлттық гидрогеологиялық қызметінің басқарма төрағасы Болат Бекнияздың айтуынша, бұлақ сулары ауызсумен, техникалық сумен жабдықтау, мал мен егін суару және өзге де шаруашылық мақсаттарға қолданылады. Қазіргі уақытта республикада жерасты суының 4 803 кен орны барланған. Мемлекеттік баланс деректеріне сәйкес, жерасты суының тәуліктік пайдалануға болатын қоры 43,2 млн текше метр. Алайда қазір оның тек шамамен 1,5 млн текше метрі пайдаланылып отыр, бұл жалпы көлемнің 3,6%-ы. Барланған қор құрылымында 21,2 млн текше метр ауызсу мен тұрмыстық қажеттілікке, 2,4 млн текше метр өндірістік-техникалық мақсаттарға, 19,6 млн текше метр суармалы егіншілікке бағытталады.
– Бізде жерасты суына арналған мемлекеттік мониторинг желісі жұмыс істейді, оған шамамен 4 мыңға жуық бақылау ұңғымасы кіреді. Олар су деңгейін, температурасын және сапасын бақылауға мүмкіндік береді. Гидрогеология саласын цифрландыру мақсатында мониторингтік және пайдалану ұңғымаларын Су ресурстарының ұлттық ақпараттық жүйесіне енгізу жұмыстары жүргізіліп жатыр, – деді Болат Бекнияз.
Жалпы алғанда, қазір Қазақстанның 5 өңірінде жерасты суының жаңа көздерін іздеу қолға алынып жатыр. Су ресурстары министрлігі 2027 жылға дейін Ақмола, БҚО, Қостанай, Жетісу мен Ұлытау облыстарында жерасты суының жаңа көздерін анықтау бойынша кешенді іздестіру-барлау жұмыстарын жүргізуді жоспарлап отыр. Бұл шаралар жерасты су қорының ресурстық базасын кеңейтуге және елді мекендерді, ауыл шаруашылығын және экономиканың өзге де салаларын қосымша сумен қамтамасыз етуге бағытталған.
Сонымен қатар 2026 жылы жерасты су кен орындарын барлауға арналған 28 жаңа жоба әзірленбек. Оның ішінде 9 жоба Жамбыл облысында, 3 жоба Ақмола облысында, 4 жобадан Батыс Қазақстан және Түркістан облыстарында, Маңғыстау мен Атырау облыстарында екі жобадан және бір жобадан Шығыс Қазақстан, Павлодар, Қызылорда мен Ұлытау облыстарында жүзеге асырылады.
– Су ресурстарының тапшылығы артып, климаттық өзгерістер күшейіп жатқан жағдайда жерасты суының әлеуетін дамыту – тұрақты су пайдалануды қамтамасыз етудің негізгі бағыттарының бірі. Жерасты су қорының әлеуеті жоғары болғанымен, оның едәуір бөлігі әлі толық зерттелмеген. Осыған байланысты Су ресурстары министрлігі жерасты суын кешенді пайдалану тұжырымдамасын әзірлеуді бастады. Бұл құжат жерасты су ресурстарын басқарудың заманауи жүйесін қалыптастыруға бағытталған, – деді вице-министр Т.Момышев.
Резерв қауіп көзіне айналмасын
Сенатор Жанболат Жөргенбаевтың байламынша, жер астында тұтас дария жатыр: ресми деректерге сәйкес, елдегі жерасты суларының бекітілген эксплуатациялық қорлары тәулігіне шамамен 43,1-43,2 млн текше метрді құрайды және олар табиғи жолмен қайта толып отырады. «Алайда іс жүзінде осы көлемнің небәрі 3-4%-ы ғана пайдаланылады. Бұл жерасты су ресурстарының елеулі бөлігінің экономикалық айналымнан тыс қалып отырғанын және оларды басқару жүйесінің жеткіліксіздігін көрсетеді. Ел бойынша шаруашылық ауызсу қажеттілігінің шамамен 40%-ы жерасты сулары есебінен, ал 60%-ы жерүсті су көздері есебінен қамтамасыз етіледі», – деді депутат.
Әрине, жерасты су ресурстары өңірлер бойынша біркелкі бөлінбеген: тұщы жерасты суларының 68%-ы Алматы, Жамбыл, Түркістан және Қызылорда облыстарында шоғырланған. Ал, Атырау, Маңғыстау және Солтүстік Қазақстан облыстары су тапшылығы жоғары өңірлер қатарына жатады. Мысалы, Алматы қаласында жерасты су қорларын пайдалану деңгейі 73%-ды құраса, Түркістан қаласында бұл көрсеткіш 1%-дан төмен. Сенатордың пікірінше, бұл өңірлік даму үшін пайдаланылмай отырған елеулі резервтің бар екенін көрсетеді.
Жерасты сулары сондай-ақ минералдардың және тұздың өндірісінде пайдаланыла алады. Қазақстан аумағында литий, йод, бром және стронцийге бай өнеркәсіптік жерасты суларының 4 перспективалы провинциясы анықталғанымен, олардың әлеуеті экономикалық айналымға толық енгізілмеген.
– Жерасты су ресурстарын басқару саласы қазір институционалдық бытыраңқы күйде. Соңғы жылдары жерасты суларына қатысты функциялар әртүрлі мемлекеттік органға таратылып, салдарынан нақты жауапкершілік айқындалмаған. Салалық саясат әлсіреген. Көптеген өңірде жерасты су ұңғымалары иесіз қалды. Бұлақ сияқты ашық су көздерінің қатты ластануы жерасты суларына тікелей қауіп төндіріп тұр, – деді сенатор Ж.Жөргенбаев.
Сондықтан алдағы Өңірлік экологиялық саммит аясында отандық және шетелдік мамандар, Үкіметтегі жауапты тұлғалар жерасты суларын қорғау және оңтайлы пайдалану жолдары мен тәсілдерін пысықтап, жаңа шешімдер түзсе құба-құп. Өйткені жер астындағы бұл «тіршілік нәрі» – ертеңгі ұрпақтың еншісі, елдіктің мәңгілік болуының кепілі.
Айхан ШӘРІП
