Бұл туралы Денсаулық сақтау министрлігінің ҚР денсаулық сақтауды дамыту тұжырымдамасының іске асырылу барысы жөніндегі баяндамасында айтылды.
Қазақстанда ана өлімі бір жылда 43%-ға азайды
163
оқылды

2026 жылдың бірінші тоқсанында Қазақстанда ана өлімі көрсеткіші өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 43%-ға төмендеді, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Алғашқы үш айдың қорытындысы бойынша ана өлімі 100 мың тірі туған балаға шаққанда 6,8-ді құрады. Өткен жылы бұл көрсеткіш 12,0 болған. Нәресте өлімі де азайып, 1000 тірі туған балаға шаққанда 5,92-ден 5,56-ға дейін төмендеді.

Оң нәтижеге жүкті әйелдерді ерте бақылаумен қамту деңгейінің 77,6%-ға дейін артуы және фертильдік жастағы әйелдердің 54,5%-ының прегравидарлық дайындықтан өтуі ықпал етті.

2025 жылдың тамыз айынан бері елімізде «Аналар саулығы» бағдарламасы жүзеге асырылып келеді. Бағдарлама аясында әйелдерге алғашқы медициналық-санитарлық көмек деңгейінде 15 тегін базалық зерттеу ұсынылады.

Сондай-ақ өңірлердегі 19 облыстық перинаталдық орталықты жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. Қазіргі таңда ел бойынша 449 әйелдер консультациясы жұмыс істейді, ал алдағы уақытта тағы 49-ын ашу жоспарланған.

Бұдан бөлек, 19 облыстық перинаталдық орталық жанынан ашылған «Салауатты Ана» пансионаттарында жоғары қауіп тобындағы 3,5 мыңнан астам жүкті әйел медициналық көмек алды.

Мамандардың айтуынша, қолға алынған шаралар ана мен нәресте денсаулығын жақсартып, өлім көрсеткішін одан әрі төмендетуге мүмкіндік береді.