16 сәуір күні ҚР СИМ Сауда комитетінің төрағасы Ернұр Жәутікбаев Түркістан қаласында Түркістан, Қызылорда, Жамбыл облыстары мен Шымкент қаласының базар иелері және сауда нысандары әкімшіліктерінің қатысуымен кеңес өткізді, – деп хабарлайды Аikyn.kz.
Ішкі сауда қағидаларын жетілдіру аясында заңнамалық деңгейде бөлшек сауда жүзеге асырушылар мен көтерме жеткізушілердің аражігі ажыратылды. Осылайша, сатып алу-сату үдерісіне қатысушылардың құрамы жүйеленіп, қосылған құн қалыптастырмайтын, бірақ жеткізу тізбегіндегі соңғы бағаға әсер ететін өнімсіз делдалдардың қатысуы шектелді.
Комитет төрағасы базар иелерінің заңнама талаптарын қатаң сақтау қажеттілігіне ерекше назар аударды. Негізгі талаптардың бірі – ақпараттық жүйелерді міндетті түрде қолдана отырып қызмет жүргізу, онда сатушылармен жасалған барлық шарттар, жалдау төлемдері және сауда шарттары тіркелуі тиіс. Ашық цифрлық есептің болмауы нақты айналымның бұрмалануына, бейресми есеп айырысуларға және өнімсіз делдалдардың пайда болуына жағдай жасайды. Осыған байланысты бақылау шаралары ең алдымен ақпараттық жүйелерді қолданбайтын субъектілерге бағытталуда.
Ернұр Жәутікбаевтың айтуынша, еліміз бойынша базарлар қызметіне, әсіресе көтерме сауда сегментінде, кешенді жұмыс басталды. Бұл жұмысқа Мемлекеттік кірістер органдары, ішкі істер органдары, антимонополиялық орган және жергілікті атқарушы органдар тартылған, үйлестіру Сауда министрлігі тарапынан жүзеге асырылуда. Салықтық әкімшілендіру құралдары, оның ішінде сауда қызметіне хронометраж жүргізу тетігі күшейтілуде, бұл нақты айналым мен декларацияланған көрсеткіштерді салыстырып, көлеңкелі айналым белгілерін анықтауға мүмкіндік береді.
Бақылау іс-шараларының қорытындысы бойынша аумақтық сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменттері заң бұзушылықтарды жою туралы ұйғарым шығарады. Ақпараттық жүйелерді міндетті түрде қолдану талаптары орындалмаған жағдайда әкімшілік жауапкершілік ретінде айыппұл салу көзделген, сондай-ақ заңнамада белгіленген тәртіппен неғұрлым қатаң шаралар қабылданып, мәселе сот тәртібімен қаралуы мүмкін.
«Базар – бұл жасырын схемаларға орын емес. Әрбір қатысушы заң аясында жұмыс істеуі тиіс. Кез келген сауда қызметі ашық әрі цифрлық форматта жүргізілуі қажет. Ақпараттық жүйелерден тыс жұмыс істеу – жасырын экономика мен баға бұрмалаушылықтарының тікелей тәуекелі. Егер нарық қатысушылары белгіленген талаптарға сай жұмыс істеуге дайын болмаса, мемлекет барлық заңды тетіктерді дәйекті түрде қолданады», – деп атап өтті Сауда комитетінің төрағасы.
Әр өңірде облыс әкімдерінің орынбасарлары төрағалық ететін өңірлік комиссиялар жұмыс істейді. Олар тауар өткізу тізбектерін талдап, өнімсіз делдалдарды анықтап, оларды тізбектен шығару бойынша шешім қабылдайды. Сонымен қатар кейбір өңірлерде бұл жұмыс формалды сипатта жүргізілетіні және нәтижелі жұмыс жүргізілмей отырғаны айтылды.
Жыл басынан бері елімізде 316 өңірлік комиссия отырысы өткен, нәтижесінде сауда тізбектерінен 76 делдалдық буын шығарылды. Сауда комитеті әкімдіктерге бұл жұмыстың нақты нәтижелілігін қамтамасыз етіп, ашық әрі тиімді жеткізу тізбектерін қалыптастыруды күшейтуді тапсырды.
Аталған шараларды іске асыру жасырын экономиканың үлесін азайтуға, адал бәсекелестік ортаны қалыптастыруға және халық үшін әділ бағаны қамтамасыз етуге бағытталған.
Жұмыс сапары аясында Ернұр Жәутікбаев Түркістан облысындағы тұрақтандыру қорын, әлеуметтік дүкендерді және бірқатар базарларға барды. Мұндай жекелеген кеңестер алдағы уақытта әр аймақта арнайы өткізіліп, өңірлердегі жағдай жеке қалады.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» Telegram арнасынан таба аласыз.
