Күні кеше Қасым-Жомарт Тоқаев БҰҰ Бас хатшысының Су ресурстары жөніндегі арнаулы өкілі Ретно Марсудиді қабылдады. Кездесуде Мемлекет басшысы Халықаралық су ұйымын құру туралы бастамасын тағы бір көтеріп, бұл мәселенің мән-маңызына ерекше тоқталды. Өйткені Президенттің пікірінше, 2040 жылға қарай еліміздегі су тапшылығы 15 млрд текшеметрге жетуі мүмкін. Жай ғана жалаң цифр сияқты көрінбесін, ауқымын аңғарту үшін бірнеше мысал келтірейік. 15 млрд текшеметр дегеніміз – Бұқтырма су қоймасының жартысына тең немесе Балқаш көлінің 15 пайызына парапар. Қазақстан бүгінде бүкіл салаға (ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп, ауызсу) 25 млрд текше метр су жұмсайды. Егер жылына 15 млрд текше метр тапшылыққа ұрынсақ, тұтынып отырған суымызды екі есе қысқартуға мәжбүр болады екенбіз. Бұдан да қарабайыр есеп: бір кісі күніне екі литр су ішсе, 15 млрд текше метр әлем халқын екі жарым жыл бойы ауызсумен қамтуға жетер еді. Мұншама көл-көсір көлемді көзге елестетудің өзі қорқынышты!
БҰҰ баяндамасында 2050 жылы бес миллиардқа жуық адам су ресурстары шектеулі аймақтарда өмір сүреді делінген. Дәл сол кезеңде су тапшылығы кесірінен Қазақстанның жалпы ішкі өнімі алты пайызға дейін төмендеуі ықтимал. Себебі сусыз тіршілік сөзсіз тығырыққа тіреледі.
Өзен бойындағы өркениеттер
Тарихқа көз жүгіртсек, өркениет атаулының дені ірі өзендердің бойында қалыптасқанын байқаймыз. Мәселен, Шумер, Аккад, Вавилон сияқты ең ежелгі мемлекеттер Тигр мен Евфрат аралығында құрылды. Алғашқы сына жазуы, заңдар жинағы да Қосөзен алқабында дүниеге келді. Ніл өзенінің аңғарында Египет пирамидалары бой көтерді. Инд пен Ганг өзендерінен Үнді өркениеті тамыр тартса, Қытай өркениетінің өзегі Хуанхэ мен Янцзыға байланды. Ұлы өзендердің арқасында егін бітік шығып, су жолдары арқылы сауда-саттық өркендеді. Мыңдаған шақырым каналдар қазылып, алып бөгеттер салынды. Мұндай үлкен жұмыстарды жүзеге асыру үшін шағын тайпалар көршілерімен тізе қосып, бірлесе қимылдауды үйренді. Сөйтіп, жалпыға ортақ мақсат адамдарды бір ұлт, бір мемлекет етіп ұйыстырды. Ғалымдар осы бір қызық құбылысты «өзен өркениеттері» деп атайды. Бұл үрдіс Орталық Азияны да айналып өткен жоқ: Әмудария мен Сырдария маңында Отырар, Сауран, Сығанақ секілді отырықшы мәдениет ошақтары гүлденді.
Әрине, өркениеттердің құрылуына септескен су арналары олардың күйреуіне де себеп болған. Мысалы, перғауындар мыңдаған жыл билеген Мысыр империясы мен Америка құрлығындағы Майя мәдениеті ұзаққа созылған қуаңшылық салдарынан жойылып, тарих шаңына көмілген деседі.
Тозған жүйе, төгілген су
Қасым-Жомарт Тоқаев бір сөзінде: «Сырттан келетін су азайып барады. Сол судың өзін тиімсіз пайдалану жағдайды одан әрі ушықтырып отыр», – деп мәлімдеген. Ресми дерек бойынша, Қазақстанда судың шамамен 60 пайызы ауыл шаруашылығында қолданылады. «Осы 60 пайыздың 40 пайызы құмға сіңіп жатыр», – дейді Президент. Технологиядағы мешеулігіміз сонша, дамыған әлем тамшылатып суару мен ақылды датчиктерге ауысқан дәуірде біз әлі күнге арықпен су айдап, атам заманғы әдісті місе тұтып келеміз. Инфрақұрылым әбден тозғандықтан, арықтағы су егістікке түгел жетпей, далаға кетеді. Кеңестік кезеңнен қалған су шаруашылығы нысандарының 70 пайызы жарты ғасыр жөндеу көрмеген. Құзырлы органдарда су ресурстарының қолжетімді көлемі туралы нақты мәлімет жоқтың-қасы. Кәсіби кадрларды оқытып, су дипломатиясымен айналысатын мамандарды дайындау жағы да ақсап тұр. Рас, түк істелмеді деп ауызды қу шөппен сүртуден аулақпыз. Соңғы 20 жылда «Ауыз су», «Ақ бұлақ», «Нұрлы жол» тәрізді көптеген мемлекеттік бағдарлама қолға алынды. Бірақ бұл жобалар проблеманы толық шеше алмады. Оларды жүзеге асыру барысында алдын ала зерттеу, ғалымдарды тарту, техникалық негіздемелерді әзірлеу, қоғамдық мониторинг жүргізу жұмыстары ескерілмеді дейді мамандар.

Үкіметтің бұл саладағы бытыраңқы басқару жүйесін реттеу мақсатында 2023 жылы Су ресурстары және ирригация министрлігі құрылды. Жаңартылған Су кодексі қабылданды. Аталмыш ведомство Президент тапсырмасымен су ресурстарының бірыңғай цифрлық платформасын жасауға кірісті. Платформада жасанды интеллект негізінде жерүсті және жерасты сулары жайында мәлімет жинақтау көзделген. Әйтсе де, жаңа технологияға проблеманың шешімі деп емес, проблеманы шешу жолындағы құрал деп қана қарауымыз керек. Цифрландырудың әдістемелік базасы қаланбаса, технология тілін түсінетін білікті мамандар болмаса, ең озық жүйенің өзі ешқандай пайда әкелмейді.
Тұтынудағы теңсіздік
Worldometers ақпаратына сенсек, Қазақстан жан басына шаққанда суды тұтынудан әлемде 11-орынға орнығыпты. Республикадағы тәулік нормасы – 3,5 мың литр. Ресейде – бір адамға 1,3 мың литр, Германияда – 855 литр, Ұлыбританияда – небәрі 348 литр дейді. Бұдан шығатын қорытынды: қалайда суды үнемдеу қажет. Дегенмен халыққа су үнемдеуді үйретеміз деп жүріп ең үлкен тұтынушылар туралы үндемей қалуға болмайды. Индустриялық алпауыттар миллиардтаған текше метр жерасты суын арзан тарифпен есепсіз пайдаланады. Өндіріс орындары суды ысырап қылумен шектелмей, өзен-көлдерге зиянды қалдығын тастап, қоршаған ортаны ластап жатыр. Қалтасы қалың компаниялар экологиялық заң нормаларын сақтауға құлықсыз; алда-жалда қоғам белсенділері дабыл қағып, оларды жауапқа тартуды талап етсе, ең мықты деген заңгерлерін жұмылдырып жібереді. Заңнаманы қатаңдату керек деп бастама көтергендерге айдап салатын лоббистері де баршылық. Яғни, суды үнемдеу дегеніміз – үйдегі кранды жабу ғана емес, ең алдымен ірі бизнеске заң талаптарын орындату және судың әр тамшысына нақты баға белгілеу.
Жерасты суы – стратегиялық қор
Қазақстанда 70-ке жуық Балқаш көлі бар десек, біреу сенер, біреу күлер. Себебі бұл 70 көл біз білетін географиялық карталарда жоқ. Бірақ гидрогеологиялық картаға түсірілген. Біздегі жерасты суларының ауданы Балқаш сияқты 70 көлдің көлемімен бірдей екен. Елімізде жерасты суының 43 млрд текше метр қоры тіркелген. Оның 58,1 пайызы Алматы, Жамбыл, Қызылорда, Түркістан облыстарында шоғырланған. ШҚО, Абай облыстарында – 15,1 пайыз. Ақмола, Қарағанды, Павлодар облыстарында – 17,1 пайыз. СҚО мен Қостанай облыстарында – 2,9 пайыз. БҚО, Ақтөбе, Атырау, Маңғыстау облыстарында – 6,8 пайыз. 4,5 мың жерасты суының кен орны мемлекеттік балансқа алынған. Халық тұтынатын ауызсудың 48 пайызын жер астынан алсақ та, жерасты суларының экономикадағы үлесі 7-10 пайыздан аспайды.
Жерасты суы жер бетіндегі сумен тығыз байланысты. Жаратылыс заңы бойынша екеуі бір арнадан бастау алады. Ертеректе Алматыға ауызсу тартамыз деп Құлжа тасжолының астынан ұңғыма қазылып, жерасты суы шығарылып еді. Содан жарты жылдан соң-ақ Есік пен Талғар өзендерінің деңгейі төмендеп кетті. Сондықтан бүгін жерасты суын өлшеусіз пайдалана берсек, ертең жер бетіндегі өзен-көлдермен жылап көрісеміз деп сақтандырады кей сарапшылар. 2012 жылы геология-минералогия ғылымдарының докторы, академик Әбдіғаппар Жәкелов: «Жерасты суын пайдалану тәсілдері ескірген, құрал-жабдықтар да жылдан-жылға тозып барады» деп бір ащы шындықтың бетін ашқан. Одан бері тура бір мүшел уақыт өтіпті. 12 жылда не жаңарып, не жаңғырды деген сауалдың жауабы әзірше бұлыңғырлау.
Трансшекаралық талас
Қазақстан тұтынатын тұщы судың 40 пайызы траншекаралық өзендерге тиесілі десек, біз осынша мөлшерде өзгелерге кіріптармыз. Ертіс, Іле, Сырдария, Жайық, Тобыл, Есіл, Шу т.б. өзендер бізге шекара сыртынан ағып келеді.
Ғалымдар күллі дүниежүзінде Орталық Азиядағыдай күрделі су жүйесі жоқ дейді. Сырдария бойындағы халықтың тіршілік көзі осы суармалы жерден алынатын өнімге тәуелді. Аймақтағы миллиондаған адамның өмірі Сырдың суына қарап тұр.
«Бұлақ басында» отырған Қырғызстан мен Тәжікстан бұл артықшылығын саяси-экономикалық шантаж ретінде қолдана алады. Әсіресе, айыр қалпақты ағайын өзенді біресе буып тастайды, біресе ағыта салады. 2010 жылы Қазақстан кеден бекеттерін жапқанда қырғыз тарабы Киров су қоймасын тарс бекітіп, қарымта қайтарғаны есімізде.
Ал шығыста Қытай билігі Шыңжаңда халық санын 27 млн-нан 100 млн-ға арттырмақ деген әңгіме жиі айтылады. Сол кезде сонша халыққа, сонша халықты асырайтын өндіріске мол су керек болады. Шыңжаңдағы негізгі су ресурсы – Іле мен Ертіс өзендері, ендеше мұның зардабын етектегі Қазақстан шегетіні анық. ҚХР 1992 жылғы Хельсинки келісіміне қосылмаған, сондықтан суды өз қажетіне қанша пайдаланса да, ешкіммен санаспауға қақылы. Осы ретте Қазақстан су ресурстарын бөлісу жөнінде Қытаймен келіссөз жүргізе алған жалғыз ел екенін атап өтуге тиіспіз.
Батыстағы Жайықтың жайы да жан ауыртады. XVIII ғасырда Әбілқайыр хан орыс ұлықтарына жазған хатында: «Жайық өзені кеуіп қалғанша, тіпті ақыр заман келгенше, қазақ халқы бұл жерден ешқашан айырылмайды», – депті. Қайран бабамыз жайқын дарияның көп ұзамай суала бастайтынын қайдан білсін...
ТҮЙІН:
Су саласында түйткілді мәселе көп, оны шешетін мүмкіндік те аз емес. Адамзат баласы кезінде бу машинасынан бас тартып, көмірге көшті. Артынша көмірді мұнай мен газ алмастырды. Енді электр қуатына бет бұрып жатырмыз. Технология заманында кез келген энергия көзінің баламасы табылады. Алайда судың орнын басатын басқа элемент Жер шарында жоқ, болмайтын да шығар.
Еркебұлан НҰРЕКЕШ
