Қазақстанның кең байтақ даласында түрлі ұлт пен мәдениеттің тоғысуынан туған талай тағдыр бар. Солардың бірі – әскери қызмет пен отбасылық құндылықтарды қатар алып жүрген интернационалды жанұялардың өмір жолы, - деп хабарлайды Aikyn.kz.
Екінші дәрежелі сержант Виталий Александрович Черный – зымыран-артиллериялық кемесінің электромеханика тобының командирі. 2013 жылдан бері әскери қызметте жүрген ол Батыс Қазақстан облысы, Зелен ауданына қарасты Черноярово ауылында дүниеге келген. Ұлты – украин. Әскери өмірдің жауапкершілігін терең сезінген ол өз тағдырын Отан қорғау ісімен байланыстырды.
Оның өмірлік серігі – Черная Нұрбибі Серікқызы. Ол Д. Досмұхамбетов атындағы Орал педагогикалық колледжінің түлегі. Еңбек жолын туған ауылындағы мектепте бастауыш сынып мұғалімі болып бастаған. Кейін тағдыр жолы оны басқа салаға жетелеп, бүгінде 29011 әскери бөлімінде тәрбие және идеологиялық жұмыс бөлімінде кітапханашы қызметін атқарып келеді.
Екі жастың таныстығы қарапайым ауыл өмірінен бастау алады. Олар алғаш рет 2009 жылы ауыл кинотеатрында кездескен. Алайда сол кездесу ұзаққа жалғаспаған. Тек 2011 жылы қайта жүздескенде, жүректеріндегі сезім жаңғырып, бір-біріне деген сүйіспеншілігі арта түсті. Бір жылдан соң шаңырақ көтеруге шешім қабылдады. Екі жақтың ата-аналары да бұл шешімді қолдады. Бүгінде олар Карина есімді талантты қыз тәрбиелеп отыр.
Отбасылық өмір басталған соң Виталий Александрович әскери қызметке толықтай бет бұрып, жұбайымен бірге Маңғыстау облысына қоныс аударды. Оның айтуынша, Нұрбибі – тек сүйікті жары ғана емес, сенімді серігі, қамқор ана. «Біз бір-бірімізсіз өмір сүре алмаймыз», – дейді ол шынайы сезіммен.
Осындай тағдыр иелерінің тағы бірі – екінші сыныпты сержант Сергей Борисович Пантелеймон. Ол 29011 әскери бөлімінің оқу орталығында қызмет етеді және 2015 жылдың ақпан айынан бері келісімшарт негізінде еңбек етіп келеді. Сергей Ақтөбе облысы, Мұғалжар ауданы, Октябрьск қаласында әскери отбасында дүниеге келген. Балалық шағы әкесінің қызметіне байланысты Ақтау қаласында өткен.

Оның жұбайы – Айнұр Алданжарқызы, Ақтау қаласының тумасы, Ақтөбе медициналық академиясының түлегі. Қазіргі таңда Маңғыстау облыстық перзентханасында акушер-гинеколог болып қызмет атқарады.
Бұл отбасының таныстығы заманауи тәсілмен – әлеуметтік желі арқылы басталған. Сергей алғаш рет Айнұрдың суретін көріп, оның туған жері Ақтөбе деп ойлап, хат жазуға бел буады. Әңгіме барысында олардың екеуі де Ақтауда екенін білген соң, кездесуге келіседі. Кездесу достыққа, ал достық шынайы махаббатқа ұласады.
2017 жылдың соңында тағдыр оларды біржола табыстырды. Жаңа жыл қарсаңында Айнұр Ақтауға келіп, сол күні Сергей оны өз жақындарымен таныстырды. Көп ұзамай олар некеге тұруға өтініш беріп, 2018 жылдың 5 ақпанында шаңырақ көтерді. Сол жылы Айнұр оқуын тәмамдады. 2021 жылы жас отбасы Александр мен Павел есімді егіз ұлдарын дүниеге әкеліп, бақыттарын еселей түсті.
Сергей өз сөзінде: «Мен қазақ қызына үйленгеніме ешқашан өкінбеймін», – деп, өзінің таңдауына деген ризашылығын білдіреді.
Бұл екі отбасының өмір жолы – түрлі ұлт өкілдерінің бір шаңырақ астында тату-тәтті өмір сүре алатынының айқын дәлелі. Оларды біріктірген – сүйіспеншілік, өзара құрмет және Отанға деген адал қызмет.
