Жыл басынан бері жүргізілген ауқымды тексерулер жол инфрақұрылымындағы жүйелі кемшіліктерді айқын көрсетіп берді. Тексеріс барысында өрескел заңбұзушылықтар анықталып, кінәлілер жауапқа тартылды, – деп хабарлайды Аikyn.kz порталының тілшісі.
Өңірде автомобиль жолдары мен теміржол өткелдеріне қатысты 880 тексеру жұмысы жүргізіліп, жол-көлік оқиғаларына тікелей әсер ететін көптеген қауіп факторлары анықталған. Нәтижесінде, жолдарды талапқа сай ұстамағаны үшін 106 лауазымды тұлға жауапкершілікке тартылды.
Бұл туралы кеңейтілген жиында Әкімшілік полиция басқармасының бастығы Ержан Қошқарбаев мәлім етті. Оның айтуынша, жол-көлік оқиғаларының алдын алу тек полицияның ғана емес, ең алдымен жергілікті атқарушы органдар мен жол қызметтерінің жүйелі жұмысына байланысты. Жиында ерекше назар апаттық қауіпті учаскелерді жоюға аударылды.
– Өткен жылы облыс аумағында 97 қауіпті жол бөлігі тіркелген. Қабылданған шаралар аясында 4 мыңнан астам жол белгісі орнатылып, 179 ақпараттық панно қойылды. 19 бағдаршам нысаны іске қосылды. Атқарылған жұмыстардың нәтижесінде 14 учаске толық жойылып, тағы 20 учаскеде бірде-бір жол апаты тіркелмеген. Бұл – нақты нәтиже бар екенін көрсетеді, – деп атап өтті Ержан Қошқарбаев.
Дегенмен мамандар мәселе толық шешілді деуге әлі ерте екенін айтады. Әсіресе, жолдарды күтіп ұстау, уақытылы шұңқырларды жөндеу және жол таңбаларын салу бағытында кемшіліктер сақталып отыр.
Жол – тек инфрақұрылым емес, адам өмірінің қауіпсіздігі. Сондықтан бұл саладағы жауапкершілік те талапқа сай болуы тиіс екені сөзсіз. Ақмола облысындағы соңғы деректер осы мәселенің әлі де өзекті екенін аңғартады.
Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ, Ақмола облысы
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» Telegram арнасынан таба аласыз.
