Жарыста Қазақстан құрамасымен қатар Польша, Мажарстан, Украина, Швейцария және Словения құрамалары да бақ сынап жатыр.
Шайбалы хоккейден Қазақстан жасөспірімдер құрамасы тағы да жеңіске жетті
Фото: gov.kz
95
оқылды

Польшаның Крыница-Здруй қаласында шайбалы хоккейден жасөспірімдер арасында IA дивизионының әлем чемпионаты өтіп жатыр. Аталған турнирде Қазақстанның жасөспірімдер құрамасы элиталы дивизионға жолдама алу үшін сынға түсуде, – деп хабарлайды Аikyn.kz.

Әлем чемпионатында Қазақстан құрамасы әзірге үш матч өткізіп, барлығында жеңіске жетті. Қазіргі таңда Қазақстан құрамасы 9 ұпаймен турнир кестесінде көш бастап келеді.

Алғашқы турда Қазақстан құрамасы Мажарстанды 5:2 есебімен жеңсе, екінші турда Польша құрамасын 10:2 есебімен тізе бүктірді. Үшінші турда Украина құрамасына қарсы кездесуде отандық хоккейшілер камбэк жасап, жеңіске жетті. Кездесудің 25-минутына дейін Қазақстан құрамасы 0:3 есебімен ұтылып жатқан еді. Алайда Максим Худяковтың шәкірттері қарсылас қақпасына жауапсыз бес шайба соқты – 5:3.

Қазақстан құрамасы келесі кездесуін 23 сәуірде Швейцария құрамасына қарсы өткізеді. Ойын елорда уақытымен 15:30-да басталады. Ал топтық кезеңдегі соңғы матч 24 сәуірде (сағат 15:30-да) Словения құрамасына қарсы өтеді.

Айта кетейік, турнир қорытындысы бойынша бірінші орын алған команда элиталы дивизионға жолдама алады.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» Telegram арнасынан таба аласыз.