Отырысқа Әділет, Ұлттық экономика, Денсаулық сақтау, Көлік, Цифрлық даму, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрліктерін қоса алғанда, бірқатар негізгі мемлекеттік органдардың басшылары мен өкілдері, сондай-ақ өзге де мүдделі ведомстволар қатысты, – деп хабарлайды Аikyn.kz.
Кеңес барысында азаматтардың Отанды қорғау жөніндегі конституциялық міндетін орындауын қамтамасыз ету мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі екені атап өтілді. Бұл мәселе Қазақстан Республикасының Жоғарғы Бас қолбасшысы мен Үкіметінің тұрақты бақылауында.
Осыған байланысты Қорғаныс министрлігі азаматтарды хабардар ету жүйесінің тиімділігін арттыруға, шақыру науқанының ашықтығын қамтамасыз етуге және әскери міндетті орындау тәртібін күшейтуге бағытталған Бірыңғай шақырту тізілімін енгізу мәселесін пысықтауда.
«Бірыңғай шақырту тізілімін енгізу хабарлау жүйесін сапалы жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік береді. Біз азаматтарды уақытылы әрі толық ақпараттандыруды қамтамасыз ететін, сондай-ақ олардың конституциялық міндетін орындауын жүйелі түрде қолдайтын заманауи цифрлық тетікті қалыптастырамыз», – деді Қорғаныс министрі, авиация генерал-лейтенанты Дәурен Қосанов.
Сонымен қатар бастама аясында әскерге шақырудан жүйелі түрде жалтарып жүрген азаматтарға қатысты уақытша шектеу шараларын енгізу мүмкіндігі қарастырылуда. Аталған шаралар уақытша сипатта болып, тек қолданыстағы заңнама шеңберінде жүзеге асатын болады.
Кеңес барысында ведомствоаралық өзара іс-қимылды күшейту және мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерін интеграциялау арқылы цифрлық трансформацияны жеделдету мәселелеріне ерекше назар аударылды. Бұл деректермен жедел алмасуды қамтамасыз етуге және қабылданатын шаралардың тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді.
«Мемлекеттік органдардың күш-жігерін үйлестіру және заманауи цифрлық шешімдерді енгізу – жүйенің тиімділігін арттырудың негізгі шарты. Біз оның ашықтығын, сенімділігін және тұрақтылығын қамтамасыз етуге тиіспіз», – деп атап өтті Қорғаныс министрі.
Сондай-ақ мерзімді әскери қызметтің тартымдылығын арттыру мәселелері қаралды. Қорғаныс министрлігі мерзімді әскери қызметшілердің ай сайынғы қаржылай қажеттілік үлесін арттыру және әлеуметтік кепілдіктер жүйесін жетілдіру мәселесін пысықтауды ұсынды.
Кеңесті қорытындылай келе, авиация генерал-лейтенанты Дәурен Қосанов аталған бастамаларды іске асыру барлық мемлекеттік органдардың үйлесімді және жүйелі іс-қимылын талап ететінін атап өтті.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» Telegram арнасынан таба аласыз.
