Ауыл шаруашылығы министрлігінің Агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік инспекция комитетінің қызметкерлері импорттық өнімге фитосанитариялық мониторинг жүргізу барысында карантиндік жүктерден қауіпті арамшөптермен залалдану фактілерін анықтады, – деп хабарлайды Аikyn.kz.
Атап айтқанда, Қостанай облысының Ұзынкөл ауданында Ресей Федерациясынан жеткізілген көлемі 3 тонна гуар тұқымдарына қайталама фитосанитариялық бақылау жүргізу барысында аумақтық инспекция инспекторлары карантиндік нысандардың залалдану белгілерін анықтады. Іріктелген үлгілер Қостанай облыстық карантиндік зертханасына жолданып, сараптама нәтижесінде жусан жапырақты ойраншөптің (Ambrosia artemisiifolia) бар екені расталды.
Осыған ұқсас бұзушылық Ақтөбе облысында да анықталды. Башқұртстан Республикасынан (РФ) автокөлікпен әкелінген көлемі 50 тонна азықтық арпа партиясын тексеру барысында аумақтық инспекция мамандары карантиндік объектілермен залалдану белгілерін байқады. Фитосанитариялық сараптама нәтижелері жусан жапырақты ойраншөп пен үштармақты ойраншөптің (Ambrosia trifida L.) бар екенін растады.
Аталған деректер бойынша әкімшілік хаттамалар толтырылып, материалдар сотқа жолданды.
Ойраншөп (амброзия) – аса қауіпті карантиндік арамшөптердің бірі. Оның таралуы топырақ құнарлылығын төмендетіп, ауыл шаруашылығы дақылдарының өнімділігін азайту арқылы айтарлықтай зиян келтіреді. Сонымен қатар амброзия тозаңы күшті аллерген саналады және халық денсаулығына елеулі қауіп төндіреді.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» Telegram арнасынан таба аласыз.
