Тарих ғылымдарының кандидаты, қоғам белсендісі Жұмамұрат Шәмші Qasqa Jol YouTube арнасына берген сұхбатында жақында өмірден өткен ақын, Қазақстанның Еңбек ері Мұхтар Шаханов туралы өз пікірін білдірді, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Ол алдымен ақынның өмір жолының күрделі әрі қайшылыққа толы болғанын атап өтті.
«Мұхтар Шахановтың қазақ еліне сіңірген еңбегін жұрт жақсы біледі. Оның өмір жолы жеңіл болмаған, тағдырында қуаныш та, қиындық та қатар жүрді. Өмірінің өзі – үлкен бір тартыс пен оқиғаларға толы кезең», – деді ол.
Сондай-ақ Жұмамұрат Шәмші ақынның шығармашылығына жоғары баға беріп, оның поэзиясы ерекше әлем екенін айтты.
«Шахановтың поэзиясы – бірегей құбылыс. Оның шығармашылық жолы ешкімге ұқсамайды. Мұны мойындау керек. Дегенмен ол да – пенде, әр адамның кемшілігі болады», – деді тарихшы.
Сұхбат барысында ол марқұмның жаназасына қатысты да пікір білдіріп, кейбір ұйымдастыру сәттеріне көңілі толмағанын жасырмады.
«Жаназа рәсіміне қатысты кей тұстар көңілге қаяу салды. Ұйымдастыру жағынан олқылықтар болды. Қаралы жиын болғандықтан, салмақ пен тәртіп сақталуы керек еді», – деп атап өтті ол.
Сонымен қатар ол әлеуметтік желілерде айтылып жатқан пікірлерге тоқталып, қоғамды сабыр сақтауға шақырды.
«Әруақ туралы орынсыз сөз айту дұрыс емес. Әр адам ойланып сөйлегені жөн. Бұл – мәдениет пен тәрбиенің көрсеткіші», – деді Жұмамұрат Шәмші.
Айта кетейік, Мұхтар Шаханов қазақ поэзиясында өзіндік орны бар, қоғамда түрлі пікір тудырған ірі тұлғалардың бірі ретінде танымал. Оның шығармашылығы мен қоғамдық қызметі әлі де кеңінен талқылануда.
