АҚШ пен Иран арасындағы қақтығыс басталғанына екі айдан асты. Ол Дональд Трамптың позициясын әлсіретіп, оны күрделі жағдайға қалдыруы мүмкін деген пікірлер күшейді.
Иранмен соғыстан кейін президент Трамптың жағдайы қиындай түскен
Ақ Үй Иранмен соғысты қорланбай аяқтаудың жолдарын білмей отыр. Фото Reuters сайтынан алынды. Авторлығы: The White House
82
оқылды

Reuters хабарламасына сүйенген Aikyn.kz Парсы шығанағындағы шиеленістің америкалық президент үшіне салдарын талдайды.

Сарапшылардың айтуынша, АҚШ президентінің Иранға шабуылдауының негізгі үш мақсаты болған. Бірінші, Ирандағы билікті өзгерту. Екінші, оның ядролық бағдарламасын тоқтату. Үшінші, аймақтағы қарулы топтарға көрсетілетін қолдауды азайту. Бұның үшеуі де әлі орындалмаған. АҚШ пен Израильдің әскери соққыларына қарамастан, аталған 3 стратегиялық міндет жүзеге аспай қалған.

Иран болса, өз позициясын сақтап қана қоймай, қарсы әрекет ету әлеуетін де көрсетті. Елдің қарсыластарына қысым көрсететін басты құралдарының бірі – Ормуз бұғазы. Бұл әлемдік мұнай тасымалы үшін аса маңызды теңіз жолы. Иранның осы аймақтағы ықпалы күшейіп, тасымалдың шектелуіне әкелді. Нәтижесінде жаһандық энергетикалық нарықта тұрақсыздық туындап, бүкіл әлем елдерінде жанармай бағасы өсті.

Бұл жағдай АҚШ-тың ішкі ахуалына да әсер етуде. Бензин бағасының қымбаттауы халықтың наразылығын арттырып, Трамптың рейтингін төмендетті. Яғни, сыртқы саяси шешімдер ішкі саяси қысымға айналды.

Қақтығыстың тағы бір күрделі тұсы – одан шығудың стратегиясының болмауы. Иран түрлі делдалдар арқылы келіссөз жүргізуге дайын екенін білдіргенімен, АҚШ тарапы алдымен ядролық мәселені шешуді талап етіп, ұсыныстарды қабылдамады. Нәтижесінде келіссөздер тығырыққа тірелді.

АҚШ әскери қысымды күшейту немесе теңіз блокадасын енгізу сияқты қосымша шаралар қарастыруда. Алайда бұндай қадамдар жағдайды одан әрі ушықтырып, қақтығысты ұзақ мерзімді дағдарысқа айналдыруы мүмкін.

Сарапшылардың пікірінше, бұл соғыс ұзаққа созылатын, нақты жеңімпазы жоқ қақтығысқа айналуы ықтимал. Бұндай сценарий АҚШ ресурстарының сарқылуына, одақтастармен қатынасының әлсіреуіне және геосаяси тәуекелдердің артуына әкелуі ықтимал.Егер АҚШ Ормуз бұғазы аймағындағы бақылауды қайта орната алмаса, бұл Трамптың саяси беделіне ауыр соққы болмақ. Сонымен қатар, бұл жағдай оның сыртқы саясаттағы ықпалының шектеулі екенін де көрсетіп берді.

2025 жылы бүкіл әлем елдерінен келетін тауарларға жоғары тарифтер енгізген Ақ Үйге бұрынғы достары мен одақтастары да қырын қарай бастады.

Қорыта айтқанда, жылдам жеңіс әкелуі тиіс болған соғыс керісінше күрделі әрі созылмалы проблемаға ұласты. Иран күткеннен әлдеқайда төзімді екенін көрсетсе, АҚШ пен Трамптың позициясы әлсірей түсті. Президент қысымға ұшырап отыр, бірақ қақтығысты тиімді аяқтаудың нақты жолдары әзірге көрінбейді немесе Ақ Үй бейбіт жолға қалай шығарын білмей отыр.