Жоба кәмелетке толмаған адамдар жасаған құқықбұзушылықтардың алдын алу механизмдеріндегі кемшіліктерді анықтауға және балалардың құқыққа қарсы қолсұғушылықтан қорғану деңгейін арттыруға бағытталған.
«Саналы ұрпақ» жобасы іске қосылды
Фото: gov.kz
120
оқылды

Бас прокуратура Оқу-ағарту және Ішкі істер министрліктерімен бірлесіп, жасөспірімдердің қылмыстық әрекеттерін ерте анықтау және тоқтату мақсатында Астана қаласының Есіл, Сарыарқа аудандарындағы үш колледждің базасында «Саналы ұрпақ» жобасын іске қосты, – деп хабарлайды Аikyn.kz.

Іске асырылып жатқан шаралар құқықбұзушылықтарға мүлтіксіз ден қоюды қамтамасыз етуге және жастардың арасында заңға деген құрметті қалыптастыруға бағдарланған, бұл «Заң мен тәртіп» қағидатына сәйкес келеді.

Жоба аясында балалардың қылмыстық әрекеттеріне ықпал ететін себептер талданды. Басты себептердің бірі – оқушылар туралы ведомствоаралық ақпарат алмасудың жоқтығы.

Жасөспірім кәсіби білім беру жүйесіне өткен кезде оқушының тәртібі, мінезінің ерекшеліктері және мүмкін болатын қиындықтар туралы ақпарат мектептен колледжге берілмейді.

Сол себепті колледждер және полиция жасөспірімдермен, олардың мінез-құлқы туралы білместен «басынан бастап» жұмыс істейді.

Бұған себеп – бала туралы деректерді мектептен «училищеге», содан кейін ЖОО-ға берудің бірыңғай жүйесінің болмауы.

Бүгінде кәмелетке толмағандардың цифрлық профилактикалық картасы құрылып жатыр, оған сырқаттар, суицидтік көріністер, отбасылық ахуал, соттылық және тұрғылықты жерінің өзгеруі туралы мәліметтер біріктіріледі.

Бұл балалардың әлеуметтік жағдайын бағалауға және жеке алдын алу шараларын жүргізуге мүмкіндік береді.

Жалпы, жоба ювенальды полицияның жұмысын жандандыруға серпін берді.

Бірлескен рейдтік іс-шаралар барысында түнгі клубтарда кәмелетке толмағандардың, сондай-ақ мас күйде болу фактілері және «көңілдендіретін газ» деп аталатын есеңгіреткіш шарлардың сатылуы анықталды.

Нәтижесінде, ҚР ҚК-нің 301-бабы бойынша екі қылмыстық іс қозғалды. Прокурорлық қадағалау шараларымен үш түнгі клубтың қызметі тоқтатылды.

Елорданың эксперимент жасалған аудандарында балаларды тәрбиелеу жөніндегі міндеттерді тиісінше орындамағандығы үшін (ӘҚтК-нің 127-бабы) ата-аналарды жауапқа тарту фактілері алты есе (17-ден 95-ке) өсті.

Қоғамдық орындарда алкоголь ішкені үшін (ӘҚтК-нің 440-бабы) әкімшілік жауаптылыққа тартылған жасөспірімдердің саны сегіз есе (5-тен 40-қа) көбейді.

Девиантты мінез-құлқы бар балаларды полицейлік есепке қою үш есеге (102-ден 327-ге) көп болды.

Бұл шаралар оң нәтиже берді. Қазіргі таңда елордада жасөспірімдердің қылмыстық әрекеттері (-60,6%, 155-тен 61-ге), оның ішінде суицидтер (41-ден 10-ға) екі есе төмендегені белгілі болды.

Іске асырылып жатқан тәсілдер кәмелетке толмағандар үшін қауіпсіз ортаны қалыптастыруға және қоғамдағы мінез-құлық құндылықтарын нығайтуға бағытталған, бұл саналы, адал және заңды азаматтың үлгісі сияқты – «Адал азамат» идеяларына сәйкес келеді.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» Telegram арнасынан таба аласыз.