Іс-шара бағдарламасы аясында әйгілі қобызшы тұрған үйге ескерткіш тақта орнатылды. Сондай-ақ, көрнекті өнер қайраткерінің шығармашылық мұрасын кеңінен дәріптеу мақсатында Е.Рахмадиев атындағы Үлкен концерт залында «Фатима Балғаева – қобыз өнерінің падишасы» атты концерт ұйымдастырылды, – деп хабарлайды Аikyn.kz.
Кеш барысында өнер иесінің отбасы Фатима Балғаеваның домбырасы мен қобызын Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясына сыйға тартты. 45 жыл бойы отбасы қорында сақталған қобыз мерейтой қарсаңында арнайы реставрациядан өткізілді. Мерейтойлық кеште Фатима Балғаеваның шәкірті, ҚР Мәдениет саласының үздігі, Күләш Байсейітова атындағы Қазақ ұлттық өнер университетінің доценті Кенжегүл Мұсаева тарихи аспапта таңдаулы шығармаларды орындады.
Сонымен қатар «Фатима Балғаева: қобыз мектебінің орындаушылық өнері мен дәстүрлері» тақырыбында халықаралық ғылыми-практикалық конференция өткізілді. Конференция барысында естелік фотоальбом мен «Қобызға арналған пьесалар» атты ноталық жинақ таныстырылды. А.Жұбанов атындағы кіші залдың фойесінде Фатима Балғаеваның бюсті ашылды.
Фатима Балғаева – қазақ музыка өнерінің дамуына елеулі еңбек сіңірген тұлға. Ол «Қобыз және баян» кафедрасының тұңғыш меңгерушісі болып, қобыздың академиялық орындаушылық мектебінің негіз қалады. Ұстаздық пен шығармашылықты қатар ұштастырған өнер иесі кәсіби музыканттардың бірнеше буынын тәрбиелеуге де өлшеусіз үлес қосты.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» Telegram арнасынан таба аласыз.
