Аманжоловтар үшін әскери қызмет – бала күннен қалыптасқан арманның жалғасы.
Бір үйдің ұлдары – бір сапта
135
оқылды

Атырау облысы, Құрманғазы ауданына қарасты Сүйіндік ауылының тумалары Сағынжан мен Бекжан Аманжоловтар бүгінде ел тыныштығын күзетіп жүрген әскери қызметшілердің қатарында. Бір әулеттен шыққан ағайынды жігіттер 41433 әскери бөлімінде келісімшарт негізінде қызмет етіп, бір ротада еңбек етуде. Олардың бұл таңдауы – тек мамандық емес, саналы түрде қабылданған өмірлік ұстаным.

Аманжоловтар үшін әскери қызмет – бала күннен қалыптасқан арманның жалғасы. Туған жерінде үлкендердің әңгімесін тыңдап, Отан қорғаудың қасиетті парыз екенін бойға сіңіріп өскен олар бүгінде сол сенімді ақтап жүр.

– «Екеуміз бір ротада жас сарбаздарды дайындап жүрміз. Бұл біз үшін үлкен сенім әрі үлкен міндет. Бір үйден шығып, бір сапта тұру – ерекше сезім. Әскер бізді тәртіпке, шыдамдылыққа, нақты шешім қабылдауға үйретті», – дейді ағайынды Аманжоловтар.

Әскери қызметтің күнделікті тынысы – қатаң тәртіп пен нақты жоспарға негізделген. Таңғы саптық тексерістен басталатын күн дене шынықтыру жаттығуларымен жалғасады. Одан кейін сарбаздар тактикалық дайындық, атыс жаттығулары, әскери техникамен жұмыс істеу секілді маңызды кезеңдерден өтеді.

Жас сарбаздарды даярлау барысында Аманжоловтар тек әскери машықты үйретіп қана қоймай, психологиялық тұрғыдан да қолдау көрсетеді. Себебі әскерге алғаш келген жастар үшін жаңа ортаға бейімделу оңай емес. Осындай сәтте тәжірибелі ағалардың ақылы мен қолдауы ерекше рөл атқарады.

“Қазақстан армиясында патриоттық тәрбиеге ерекше мән беріледі. Бұл – тек ант қабылдаумен шектелмейтін, күнделікті қызмет барысында қалыптасатын қасиет. Жауынгерлерге ел тарихы, батырлар мұрасы, тәуелсіздіктің қадірі туралы тұрақты түрде түсіндіру жұмыстары жүргізіледі” дейді Сағынжан Аманжолов.

Әскер қызметшілер - ағайынды Аманжоловтар да бұл бағытта белсенді. Олар жас сарбаздарға Отанға адал қызмет етудің маңызын түсіндіріп, әрбір тапсырманы жауапкершілікпен орындауға үйретеді.

– «Әскер – ер азаматтың мінезін қалыптастыратын орта. Мұнда сен тек өзің үшін емес, қасыңдағы жолдасың үшін де жауап бересің. Бұл – үлкен мектеп», – дейді олар.

Соңғы жылдары Қазақстан Қарулы Күштері айтарлықтай жаңғыртудан өтті. Заманауи қару-жарақ, жаңа әскери техника, халықаралық стандарттарға сай дайындық жүйесі – мұның бәрі армияның кәсіби деңгейін арттыруға бағытталған.

Әсіресе келісімшарт негізіндегі әскери қызметтің дамуы маңызды рөл атқаруда. Бұл жүйе арқылы әскерде тұрақты әрі тәжірибелі мамандар қалыптасып, әскери бөлімдердің жауынгерлік қабілеті күшейіп келеді. Сонымен қатар, әскери қызметшілерге әлеуметтік қолдау, тұрғын үймен қамтамасыз ету, жалақы мен жеңілдіктер қарастырылған.

Ағайынды Аманжоловтар бүгінгі жастарды әскери қызметке шақырады. Олардың айтуынша, әскер – тек борыш емес, үлкен мүмкіндік. Мұнда адам өзін шыңдап, өмірлік маңызды дағдыларды меңгереді.

– «Жастарды әскерге келуге шақырамыз. Бұл – ер азамат үшін үлкен тәжірибе. Біз үшін бір бөлімде, бір ротада қызмет ету тек оң әсерін берді. Әскер бізді шыңдап, болашаққа сенімді қадам жасауға үйретті», – дейді олар.

Сағынжан мен Бекжан Аманжоловтардың әскери жолы – тек бір отбасының тарихы емес, тұтас қоғамға үлгі боларлық оқиға. Бауырлар арасындағы бірлік, ортақ мақсатқа деген адалдық және Отанға деген сүйіспеншілік – олардың басты құндылығы.

Бүгінде олар тек әскери қызметші ғана емес, жас буынға бағыт-бағдар беретін тәлімгер ретінде де танылып келеді. Осындай азаматтардың арқасында ел қорғаны мықты, болашағы сенімді болмақ.

Баян Жанұзақова