Ұлы Отан соғысы туралы сөз қозғалғанда, ең алдымен, көз алдымызға от кешкен ерлердің айбынды бейнесі келетіні сөзсіз. Бірақ сол сұрапыл жылдардың бізге жетпеген тағы бір шындығы бар.
Бауыржан мен Мәліктің  тағдырлы хаттары
133
оқылды

Ол – майдан шебінде жазылған сарыала хаттар. Оқ пен оттың ортасында туған сол хаттарда бір халықтың рухы, бір ұлттың намысы, бір буынның тағдыры жатыр. Қазақтың қос қаһарманы – Бауыржан Момышұлы мен Мәлік Ғабдуллин арасындағы хаттар да дәл сондай сол бір ерлікке толы жылдардан сыр шертетін тарихи әрі рухани қазына. Алаштың қос батыр ұлының арасындағы байланыс – жай ғана әскери әріптестік қана емес, ұлттық рухтың, азаматтық адалдықтың, парасат пен ерліктің тоғысқан тұсы еді. Бүгінгі ұрпақ үшін бұл хаттар – тек архивтік дерек емес, тұтас бір дәуірдің жанды шежіресі десек те артық айтпаспыз...

Майданда басталған рухани туыстық

1941 жыл. Алматы маңында генерал-майор Иван Панфилов­тың басшылығымен 316-ат­қыш­тар дивизиясы жасақталды. Осы құ­рам­да майданға аттан­ғандар­дың арасында автоматшылар ро­т­асы­ның саяси жетекшісі Мә­лік Ғаб­дуллин мен батальон командирі Бауыржан Момыш­ұлы да болған еді. Бірі – отты мінезді қолбасшы, бірі – білім мен пара­сатты серік ет­кен жас офицер. Музей қорында сары­майдай сақ­талған қос батыр­дың арасында сол бір кезеңде жаз­ыс­қан хат­тар­да олардың соғыс жағдайында үнемі жүздесіп, ұзақ пікірлесіп отыруына мүмкіндік болмағаны анық байқалады. Бірақ рухани үндестік оларды хат арқылы табыс­тырыпты.

Қос батырдың бір-біріне жол­да­ған хаттары негізінен төте жазу­мен жазылған. Өкінішке қарай, хаттардың бәрі толық сақтал­маған. Мәлік Ғабдуллиннің өзі соғыс кез­інде бірнеше қап матер­иал­дарының бомба астында жан­ып кеткені жай­лы айтқан. Соған қарамастан, бүгінге жеткен хат­тардың өзі екі тұл­ғаның арасын­дағы өте терең сый­ластық пен сенімді анық аң­ғар­тады.

Жазысқан хаттарда әдет­те­гідей тек амандық-саулық сұра­су жоқ. Онда майдан ахуалы, ел тағ­дыры, ұлттық рух, әдебиет, та­рих, адам­гершілік, болашақ тура­лы ойлар өріліпті. Ең бастысы – бірін-бірі шексіз құрметтеген екі азаматтың ой тұңғиығындағы ішкі жан әлемі толық көрінеді.

Мәліктің Бауыржанға деген құрметі

Мәлік Ғабдуллин Бауыржан Момышұлын тек командир ретінде емес, рухани ұстаз ретінде қадірле­ген. Оның Баукеңнің жары Жамал мен ұлы Бақытжанға жаз­ған хат­тары­ның өзінен сол ықыл­а­с анық байқалады.

«Біз Бауыржанның тәрбие­сінде өскен адамдармыз» осы бір ауыз сөздің астарында атан түйеге жүк бол­арлық терең мағына жатыр-ау.

Мәлік батыр Баукеңнің «Қыз­ыл Ту» орденімен марапатталғанын естіп, Жамалға жолдаған хатында ерекше қуанышы мен ыстық лебізін білдіреді. Бұл – майдан даласында бір адамның марапаты бүкіл қазақ сарбаздарының ме­рейі­не айналған аса үлкен қуаныш­ты кезең еді.

Ал Бауыржанның батыр өр тұлғасын сипаттаған жолдары күні бүгінге дейін оқырманды те­бірент­пей қоймайды:

«Батырлық, ерлік, өжеттік – бір кісінің бойында болатын қа­сиет емес... Бірақ осы екі қасиеттің екеуі де Бауыржанда бар». Мәлік­тің бұл сөздерінен оның адам тану­­дағы көрегендігі, азамат қаді­рін бағалай білетін биіктігі аңғар­ы­ла­ды. Ол тіпті «Егер жазушы бол­сам, көк күмбезді қағаз етіп, көк­ала да­рия­ны сия етіп «Бат­ырым, Ба-у­ыр­жан» деген хикая жа­зар едім», деп ағынан жарыла­ды. Бұл – жал­ған мадақ емес, майданда бар жан-тәнімен сезін­ген шындық еді.

Мәлікке берілген атақ – ұлтқа берілген құрмет

Өшпес ерлігімен көзге түскен Қазақ ұланы – Мәлік Ғабдуллинге Кеңес Одағының Батыры атағы бе­ріл­уінде Бауыржан Момыш­ұлының еңбегі ерекше болғанын атап өткен ләзім. Бұл туралы та­ри­хи деректер де, Мәліктің өз хат­­тары да куә болады. Кеңес Ода­ғы­ның қылышынан қан там­ған сұр­қай саясат ұстанған сол кез­дегі жүйе­де қазақ офицерінің ерлігін іс жүзінде бүтін бір Одаққа мой­ын­дату оңай шаруа да емес еді. Ұлтқа шекеден қарайтын, менсінбейтін шовинистік көзқа­рас күшті бола­тын. Осындай жағ­дайда Баукең майдандас інісінің ерлігін дәлел­деп, жоғарыға қайта-қайта хат жаз­ып, ұсыныс жаса­ғаны мәлім.

Мәлік кейінгі жазбаларында «Маған герой атағын берді. Бұл атаққа ұсынуда Баукеңнің еңбегі зор», – деп ақтарыла жазды. Шын мәнінде, бұл тек Мәлікке берілген атақ емес, бүкіл қазақ жауынгері­нің жігерлі намысы, батылдығы мен от­ты жүрегін мойындау еді.

Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ,

Ақмола облысы